Жан басында ешқандай берешегі жоқ үш ауыл анықталды

Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің тапсырмасына сәйкес, жеке тұлғалардың салықтары бойынша берешек сомаларды өндіру аясында «Берешексіз ауыл» жобасы қолға алынған болатын.

Пилоттық жобаның мақсаты — жеке тұлғалардың берешек сомаларын ауылдық округ әкімі аппаратымен бірлесіп өндіру, салық төлеуші тұрғындармен тығыз жұмыс жүргізу, үйме-үй аралау, заңда көрсетілген шараларды кеңінен түсіндіру.

Атап айтқанда, борышкерлерге жобаға сәйкес салық берешегін өтеу туралы хабарламалар, жадынама парақшаларын үлестіру жұмыстары жүргізіледі.

Жұмыстардың барысы туралы Жамбыл аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Аслан Төрешов:

— Пилоттық жобаға Жамбыл ауданынан Тоғызтарау ауылдық округі таңдалып, шілде айына дейін берешекті 100 пайыз өтеу тиіс болатын. Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы мамандар мен аталған ауылдық округі әкімі аппаратаның қызметкерлерінің түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде, тоғызтараулықтардың берешегі толығымен өтелді. Облыс бойынша алғашқылардың бірі болып Тоғызтарау ауылдық округі пилоттық жобаны мерзімінен бұрынын сәтті аяқтады,-дейді Аслан Бөріұлы.

Ал Тоғызтарау ауылдық округінің әкімі Нұрәділ Төлековтың айтуынша, берешектен түскен түсім ауылдық қоғамдық кеңестің шешімімен округті абаттандыруға жұмсалмақ.

Ауылдық округке Тоғызтарау, Құмсуат, Жаңаөткел елді мекендері қарайды.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі