«Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық акциясысы жалғасып жатыр

Биылғы көктем еліміз жұртына аса ауыр сынақтармен келіп жатыр. Төтенше жағдай жарияланған облыстардың біразында жағдай біртіндеп қалпына келіп, эвакуацияланған адамдар ауылдарына келе бастады. Алайда қара шаңырағы қарғын суға ғарық болып, баспанасыз қалған адамдардың көп екендігі қынжылтады. Халқымызда «орнында бар оңалар» дейді мұндайда. Бас аман болса, басқасын дұрыстап аламын дейтін сабырлы қазақ тағы да қайсарлық пен төзімділігіне басып, қиын күндерді өткеріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеуінде: «Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі»,- деді сенімді түрде.

 

 

Ел басына күн туған осынау сындарлы сәттерде халқымыз береке мен бірліктің жарқын үлгісін көрсете білді. Қазіргі таңда төтенше жағдай жарияланған Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарына еліміздің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмектер жіберіліп, еріктілер болып ұйымдасып, апаттың алдын алуға барын салып жатыр. Осы қатарда еліміздегі Қазақстан халқы ассамблеясы дейтін іргелі ұйым да аянып жатқан жоқ. Қашанда татулық пен бірлікті ту еткен бірегей бірлестіктің атқарып жатқан жұмыстары да аз емес. Әуел баста Қазақстан халқы ассамблеясы әрбір облыс орталықтарынан Гуманитарлық көмек қабылдау және еріктілерінің жұмысын үйлестіру орталықтарын ашқан еді. Сонан бері апат аймағына қыруар көмек жөнелтіліп, ерікті жастар білек сыбана кірісіп жатыр.

Жақында Астандағы тәжітердің Республикалық этномәдени  ұйымының кәсіпкерлері Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық акциясы аясында су тасқынынан зардап шекке өңірлерге 25 млн. Теңгенің көлеміндегі гуманитралық көметі батыстағы ағайынға жөнелтті. Қайырымдылық шара барысында ҚХА төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов республика бойынша штабтың жұмысы үздіксіз 24/7 жұмыс істеп тұрғанын жеткізе отырып, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек қолын созып, өз белсенділіктерін көрсетіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық азаматтарына ризашылығын жеткізді.

Шара барысында ҚХА- төрағасының орынбасары – республикалық штаб басшысы Акбаржон Исмаилов сөз сөйлеп, аймақта орын алып жатқан ахуалды қысқаша таныстырып өтті.

-«Осы сәуір айының басынан бастап су тасқынынан зардап шеккен өңірлерді, яғни Солтүстік Қазақстан мен Атырау облыстарының аудандары мен ауылдарын өз көзіммен көріп, халықпен кездесіп, сондағы штабтың жұмысын жүйелеген болатынбыз. Онда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» атты акциясы аясында өңірлерден келген гуманитарлық көмектерді үйлестіріп қана қоймай, тұрғындарға қосымша нақты қандай заттар қажет екенін білдік. Бүгін міне тәжіктердің республикалық этномәдени орталығының бизнесмендері штабқа жиналып су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге жалпы соммасы 25 млн. теңгеге азық-түлік, төсек-орын жабдықтары, гигиеналық және бірінші кезектегі қажетті заттармен 35 тоннадан астам 7 жүк көлігімен гуманитарлық көмекті өңірлерге жіберудеміз. Бұл дегеніміз еліміздің бірлігі мен бір біріне деген мейірімділігін көрсетіп отыр»- деді нақты жағдайларға тоқтала келіп.

Осы игі істен кейін біз тағы да нақты жағдайлардың куәсі болдық. Атап айтар болсақ, 15 –ші сәуір күні Астана қаласының «Барбанг» күрдтер қауымдастығы Ассамблеяның «Жүректен жүрекке» жобасы аясында азық-түлік, балалар тағамдары, киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, және т.б. қажетті құрал-жабдықтардан құралған жалпы құны  5 млн. Теңгенден асатын гуманитарлық көмектерін Атбасар қаласына жөнелтті.

 

 

Осы шаралардың жалғасы ретінде 19-ші сәуір күні «Жүректен жүрекке» республикалық акциясы аясында Қазақстан Республикасының «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестіктерінің қауымдастығы «Адал Көмек» және «Сахий» қайырымдылық қорыларымен бірлесіп, жалпы соммасы 102 млн. теңгеге азық-түлік, төсек-орын жабдықтары, электрогенератор, қайықтар гигиеналық және алғашқы кезде қажетті заттармен қамтылған жүк көлігін Петропавл қаласына жөнелтті.

Қазіргі таңда қайрымдылық шаралары жалғасып жатыр. Алыс-жақын шетелдерден тартып келіп жатқан гуманитарлық көмектер мен жүрекжарды жылы лебіздер қарғын судың қыспағында отырған ағайындардың көңіліне медет болып, олардың қиыншылығын бір сәтке болса да сейілтіп жатқандай. Осындайда барып күшіміздің бірлікте екендігіне тіпті де көзің жете түскендей. Қалың ел мен бірге қиыншылықпен арпалысып жатқан азаматтардың арасында елімізді мекендеп отырған этностардың өкілдері де жан аямай жұмыс істеп жатыр. ҚХА-ның таратқан мәліметтеріне жүгінер болсақ қазір республика бойынша 11,3 мыңнан астам ҚХА еріктілері жұмылдырылған екен. Облыстық ҚХА өкілдері 385 тонна азық-түлік пен ең қажетті тауарларды жөнелтіпті. Сондай-ақ 48 жүк көлігімен (орта және ауыр жүк көлігі және т.б.) гуманитарлық көмек жеткізілген. 28 бірлік арнайы техника (экскаватор, камаз, самосвал және т.б.) әкелініп 400 млн. теңгеден астам сомаға қайырымдылық және гуманитарлық көмек көрсетіліпті.

PS: Гуманитарлық көмек көрстеу шаралары еліміздің әрқайсы өңірлерінде әлі е жалғасын тауып жатыр. Осындай да ауызбіршілік пен татулықтың қадірінің қаншалық зор екендігіне сүйінбеу мүмкін емес еді.

Ерқазы Сейтқали