ЗЕРЕ ӘЖЕ

Ұлы Абайдың ақын, азамат ретінде қалыптасуына ықпал еткен орта жайлы айтқанда, солардың ішінде ең бірінші кезекте айтатынымыз, оның — дүниеге келген әулеті. «Тәрбие тал бесіктен» басталатын болса, ұлы Абайдың тәй-тәй басқан бүлдіршін қалпынан саналы азамат санатына қосылуына дейінгі аралықта аналар ықпалының басым болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. «Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілерсің»,-демей ме дана казақ. Абайдың да көзін ашқаннан көргені салиқалы Зере әже, байсалды Ұлжан аналардың тәлім-тәрбиесі болды. Абайдың ақын ретінде қалыптасуына ықпал еткен алғашқы әсерді А.Жұбанов тап басып көрсеткен: «Бірі — емшек сүтімен қатар құлағына кіріп, сүйегіне сіңген ананың «әлди-әлди, ақ бөпем», атаның «сал-сал білегі», қойшының әні, қыздың сыңсуы, қаралы қатынның жоқтауынан бастап көркемдік сезімін шырбыдай шырмаған халық әдебиеті». Ежелден жырға жаны құмар қазақ үшін осы аталғандардың барлығының да өлшеусіз маңызы бар. Ендеше атаның қанымен, ананың сүтімен бойға сіңген жыршылдық қасиетті жетілдіре түскен қарапайым қазақ ортасы болды. Оның ішінде бесік жырын шырқаған әже мен ана, қыздың сыңсуы мен жар-жары, қаралы әйелдің жоқтауы біртіндеп бала санасында орнығып, жадында жатталып, жүрегінде қоныстанды. Бұл оның рухани жетілуінің бастапқы сатылары еді. Абайдың бойында өлең-жырға әуестік сезімін ширықтыра түскен де, оған алғаш болып көңіл аударғанда әжесі Зере болды. «Абай» энциклопедиясында Зере әже жайлы мынадай мәлімет жазылған: «Зере (1785-1873) – Өскенбай бидің бәйбішесі, Құнанбай қажының анасы, Абайдың ұлы шешесі. Зеренің азан шақырып қойған аты – Тоқбала. Әкесі Бектемір Найман ішінде Матайдың Қойгел руынан шыққан сыйлы адам. Бектемірдің Тоқбала есімді қызы, Жанәлі есімді ұлы болған. Жанәлінің ұрпағы – Иранғали мен Қабыкен Оңғарбаевтар бүгінде Семей қаласында тұрады.
Өскенбай би 5 әйелінен 10 бала сүйген. Зереден – Құттымұхамбет (жастай қайтыс болған),Құнанбай, Тайбала туған Зерені Ырғызбай тұқымдары, барша ауыл адамдары «Кәрі әже» деп атапты. Қартайған шағында құлағы естімей қалған Зере немерелеріне дұға оқытып, үшкіртеді екен. Ал Абай өлеңмен оқып Зере әжесін үшкіретін болыпты. Зере немерелері ішінде Ибраһимді алабөтен жақсы көрген. Абайды қойнына алып жатқызып, еркелете-еркіндете есірген ақылды, зейінді, жұмсақ мінезді, мейірімді Зере немересіне Абай деген аяулы ат қойса, туған анасымен кіші шешесі Ибраһимді – Телғара деп атаған. Ізгі жүректі, үлкенге қамқор, кішіге пана бола білген Зере әже Абай өміріне, ақындығына игі әсерін тигізеді. Бұл туралы М.Әуезовтің, «Абай жолы» роман-эпопеясында шынайы суреттелген. Зере 1873ж. баласы Құнанбайдың үйғаруымен Жидебай қыстауының қасына жерленген. Абай аулының азаматтары 1986ж. қабір айналасын қайтадан жөнге келтіріп, ана бейітінің басына Шығыс үлгісімен алты қырлы мавзолей орнатқан.