Заң мен тәртіп – қоғам тірегі

 

Әділдік пен заң үстемдігі салтанат құрған қоғамда ғана елдің қарқынды дамуы мен халықтың бейбіт тұрмысы қамтамасыз етіледі. Түркістан қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасында тұрақты оқырмандардың қатысуымен «Заң мен тәртіп – қоғам тірегі» атты танымдық сағат өткізілді. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру, бойларына азаматтық жауапкершілікті дарыту және заңға деген терең құрметті қалыптастыру болды. Кездесу барысында қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызы мен құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары кеңінен сөз болды.

 

Жас оқырмандар заң талаптарын сақтау мен өз міндеттерін адал орындаудың өркениетті елге тән қасиет екенін ұғынып, өз пікірлерін ортаға салды. Олар кітапхана қорындағы құқықтық тақырыпқа арналған арнайы әдебиеттермен танысып, заң үстемдігін қамтамасыз ету әрбір патриот азаматтың міндеті екенін түсінді. «Заңға құрмет – елге құрмет» демекші, әділдік пен қоғамдық тәртіпті нығайтуға әрбір тұрғын атсалысуы тиіс. Құқықтық мәдениеті жоғары, заңды сыйлайтын саналы жастарды тәрбиелеу – біздің ортақ үйіміз бен ел болашағын жарқын етудің басты кепілі. Ел тыныштығы мен бірлігін сақтау жолында әрбір азаматтың жауапкершілігі арта бермек.