Өзбекстан делегациясы киелі Түркістанға келді

Түркі дүниесінің рухани орталығы – киелі Түркістан қаласы бауырлас халықтардың ынтымағы мен достық байланыстарын нығайтатын алтын көпірге айналып келеді. Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының қайта құрылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылатын «Тұран –  достық бастауы» халықаралық жиынына және мерекелік іс-шаралар легіне қатысу үшін Өзбекстан Республикасының арнайы делегациясы киелі Түркістанға келді.

Делегация құрамында Өзбекстан Республикасы Халықаралық әдебиет, өнер, мәдениет және әлеуметтік ғылымдар академиясының президенті, Дүниежүзілік халық шығармашылығы қайраткерлері одағының төрағасы, ақын, жазушы, әдебиеттанушы және журналист Абдулла Ахматұлы Менгқобылов, Халықаралық әдебиет, өнер, мәдениет және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан Жазушылар одақтарының мүшесі Нұрали Қобылұлы Холбұтаев болды.

Сондай-ақ қонақтар қатарында Халықаралық әдебиет, өнер, мәдениет және әлеуметтік ғылымдар академиясының вице-президенті, академия жанындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы ғылыми-практикалық орталықтың директоры, Қожа Ахмет Ясауи мен Сүлеймен Бақырғанидың әдеби мұрасын зерттеуші Абдуманноп Абдуләзизұлы Зияев, Жызақ облыстық Шараф Рашидов атындағы ақпараттық-кітапхана орталығының директоры Құдратова Хафиза Гафуровна, ғылыми-әдістемелік қызмет бөлімінің жетекшісі Хазратқұлова Висола Тұрсынбайевна, ақпараттық-коммуникациялар және цифрландыру қызметі бөлімінің жетекшісі Болтабаев Ислам Абдужалолұлы, ақпараттық-кітапхана орталығының бас есепшісі Мелибоев Одилжан Тұрсынқұлұлы, сондай-ақ Өзбекстан Республикасының «Bilim» ақпараттық-кітапхана орталығының директоры Каримова Хафиза Кулдашевна мен орталық директорының орынбасары Хуррамова Хушнида Абдиваитовна бар.

Киелі Түркістанға арнайы келген мәртебелі меймандар сапарын түркі дүниесінің рухани орталығы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тағзым етуден бастады. Делегация мүшелері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген тарихи-мәдени кешенді аралап, ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен мұрасы туралы тың мәліметтермен танысты.

Делегация мүшелері «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағын аралап, көне Түркістанның тарихи келбетін айшықтайтын бірегей сәулет ескерткіштері мен музей экспозицияларын тамашалады. Олар өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасына жоғары бағасын беріп, Түркістанның бүгінгі қарқынды дамуы мен халықаралық деңгейдегі рухани орталық ретіндегі келбетіне ерекше қызығушылық танытты. Бұл сапар бауырлас екі ел арасындағы рухани тұтастық пен мәдени ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түспек.