Ұлтымды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле!

Бабаларымыз «Қызға – қырық үйден тыю, қала берді қара күңнен тыю» дейтін. Түсінгенге қыз баланың тәрбиесі тек сол отбасының ғана емес, бір ауылдың, ұлттың абыройы болған. Қызға ағайын болып ақыл айтып, өнеге-үлгі көрсеткен.
Бұл мақал бүгінде өз өзектілігін жойған жоқ, Қыз тәрбиесі тек әке-шешенің ғана емес, ағайын-туыстың, бүкіл ауылдың, қоғамның, мемлекеттің мәселесі болуы тиіс. Қазір «қыздар бұзылған», «қыздар тәрбиесіз» дегенді жиі естиміз. Ал оның өзегіне, негізіне назар аудармаймыз. Кез келген кеселдің, дерттің себебі болады. Ал бүгінде қазақ қыздарына жат әрекеттің көбеюі қыз тәрбиесінен ажырап қалған кеселдің салдары. Оның себебі тек отбасылық тәлім-тәрбиенің кемшіндігі ғана емес, жалпы қоғамның, сол қыздарымыздың айналасындағы үлкендердің ұрпақ алдындағы жауапсыздығы дер едім.

Бәрі де отбасынан басталады

Қыз бала өскен сайын көздің құртына айналады. Көз салатындар көбейеді. Қыздың, қазақ қызының, ұлтының намысын ойлаған ер-азаматтар, әр қызға қарындасым деп қарауы керек! Сонда ғана біз түзелеміз!
Бір жылдары Ресейдің бір режиссері жеңіл жүрісті шешен қыздары жайлы фильм түсіріпті. Осыдан кейін шешеннің жас жігіті әлгі режиссерді тауып алып, үйіне барып бауыздап, сосын құқық қорғау органдарына өзі хабарлап, «Енді кімде-кім осындай кино түсіретін болса, оны басқа шешен келіп өлтіреді» депті. Бұдан кейін бірде-бір режиссер мұндай тақырыпқа жоламайтын бопты. Мұны намыс дейді. Сол намыс, рух, ар-ұят деген қазақ жігіттерінде де болған. Бұрындары жігіттер қыздарға қарындас дейтін, қазір девушка деп тұрғанын көріп қарның ашады. Қарындас деген жігіт қазақ қызын қарындасындай сыйлап, ауыр жүгін көтерісіп, орын беріп, жалпы əйел затына құрмет көрсететін. Қарындас сөзі қазақ жігітінің мойнына əр қазақ қызы үшін жауапкершілік жүктегендей көрінеді қазір маған. Қазір қарындас деп тұрған қазақ жігітін көрмейсің…
Біз қазір Жапонның технологиясы мықты деп таңғаламыз. Ал сол Жапонның экономикасы алдымен отбасы экономикасынан басталатындығына мән бермейміз. Баланы сәби кезінен еңбекке баулиды, ал еңбектене білу, зор өркениетке жеткізеді. Ал біздің ата-бабаларымыз ұрпағын еңбекке тәрбиелемеді ме? Үлгі тұтып, біреуге тамсанғанша, өзіміздің түп-тамырымызға үңілейік. Ешқандай жоғары білімі жоқ, бірақ тəлім-тəрбиесі, ұлттық ұстанымы, ұстыны мықты аналарымыз қандай ұрпақ тәрбиелеген, осыны бір сәт ойланып қарайықшы! Қазіргі буын білімдіміз, екінің бірінде жоғары білім, тіпті доктор, профессор атағы жер жарады. Қос-қос диплом бар.
Ал ұрпағымызды қалай тәрбиелеп жүрміз? Өмірден кеткен ата-бабаларымыздың алдындағы парызымыз, ұрпақаралық сабақтастық қайда? Егер біз анамыздың сүтімен, әкеміздің күшімен берілген асыл қазынамызды ұрпағымызға бере білмесек, біздің білімділігіміз бен доктор, профессорлығымыздың құны бес тиын.
Қазақ «Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле» дейді. Біз отыз жылдан бері саясат, экономика деп жүріп, басты нәрсені, адамзат үшін ең негізгі ұрпақ тәрбиесін уыстан шығарып алып отырмыз. Біле білсек, бұл жастардың емес, мына біздердің, яғни ата-аналардың, қоғамның, мемлекеттің қасіреті. Өйткені, нарық қыспағына тап болған, дәулеті шағын отбасынан шыққан жастар тұрмыс тауқыметке көп шалдығады. Сондықтан бұл мәселеде мемлекет, қоғам болып ойлану керек. Ана тәрбиесі, бала тәрбиесі басты назарда болу керек!
Ана – барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі. Ол адамды адам етіп тәрбиелейді. Ал бүгінгі қыз – ертеңгі ана! Халқымыз «Жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» дейді. Жақсы мен жаманды қазір жастарымыз қайдан үйреніп жүр? Әншілер үлгі-өнеге болған заман болды. Біз де әнді, күйді, өнерді теледидардан көріп өстік. Бірақ біз оларға еліктемейтінміз. Біздер батыр, ғарышкер, еңбек адамы, жазушы, журналист, ғалым, мұғалім, дәрігер боламын деп өстік. Шетелдің қаңсығының бірі – «жұлдыздық», хайп деген ауру. Қазіргі жастарымыз сол жұлдыздардың жалт-жұлт еткен әлеуметтік желідегі, ТВ өмірін үлгі тұтып, солардай болсақ деп жүр. Шын өнер, шын талант емес, бір-екі, ауыз адам түсінбейтін, не мән-мағынасы жоқ, ән айтқандар «жұлдыз», олар танымал! Ондай жолға бару, қиын да емес! Біреуі қара пиар жасап, дау-дамай шығарады, енді бірі тыржалаңаш суретке түседі, болмаса мұздай суға шомылады. Тағы біреуі байлығын көрсетіп мақтанады!

Отбасы және тәрбие министрлігін құрсақ…

Бір сөзбен айтқанда: «Атың шықпаса, жер өрте»! Осыны көрген ұл-қыздарымыз басты ауыртып оқып, тыраштанып еңбек жасап қайтемін, танымал, бай болу оңай екен дейді. Билік болып, қоғам болып, ұрпақ тәрбиесін қолға алайық, қыздарымыз көлденең көк аттыға еріп, ары мен абыройынан жұрдай болмасын десек, қоғамды тәрбиелеу керек! Жаңағы оңай жолмен жұлдыз болатындарға тосқауыл болу керек. Кеңес кезінде әншіміз аз болса да, олар сапалы болатын. Олардың әр әнін қазақ жатқа білетін. Теледидар продюсер, жүргізуші, әншілерді насихаттап, жастардың миын уламай, ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін, тағылымды дүниелер көрсету керек. Жастардың ұятсыз, арсыз, нашар жолға түсуіне себеп болып жатқан хабарларға, шоуларға, арзан, жалаң күлкіге тыйым салу керек! «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын», -дейді қазақ. Сол әншілер, «жұлдызсымақтардың» Теледидарда көлбеңдеп, өздерін жарнамалап, жүргізуші болуына тоқтау салу керек! Ұрпақ тәрбиесімен айналысатын орталықтар, институттар, мекемелер құрылсын! Ұрпақты өтірікке, жалғандыққа, оңай жолмен жетістікке жетуге итермелеп отырған, ойлау, білу қабілетін дамытпайтын, білім саласындағы тестерді құрту керек!
Бір ақпарат көзінен шетелдік мемлекетте Бақыт министрлігі бар, бақытты болу деңгейінің статистикасы жүргізіледі деп оқып едім. Отбасылық құндылықтарды насихаттау, толық отбасы болуды қолдау мақсатында бізде де Отбасы жəне тəрбие министрлігін құрып, отбасылық құндылықтар, ұрпақ тəрбиесі мəселесін биік мінберден көтеру керек деп ойлаймын.
Ұрпақтың тәрбиесіне де назар аударып, ұлттық құндылықтарға негізделген мықты тəрбиемен сусындаған ұрпақ болашақтағы жақсы отбасылар негізі. Ал отбасылары мықты болса, мемлекет те берік. Іргесі сөгілмейді, табаны берік.
Мемлекеттің ұлттық идеясының негізі ұлттық құндылықтарға, отбасының беріктігіне негізделу керек. Мықты отбасылар, толық отбасылар – үлгі, өнеге, идеалға айналуы керек!
Әл-Фараби бабамыз айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың хас жауына» айналмай тұрғанда, ұрпақ тәрбиесін қолға алатын кез жетті!
Әр ұлттың өз ерекшелігі, өз болмысы болады. Ол болмыстан ажырамаудың бірден-бір жолы – өзіңнің бабаңнан келе жатқан, өзіңнің ұлттық құндылықтарың, тәлімің-тәрбиең!
Мұстафа Шоқай: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды»,- деген екен. Біз ұрпақ тәрбиесінде ұлттық тәрбие, ұлттық педагогика негіздерінен алшақтап кетіп отырмыз. Соның жемісі –тыржалаңаш денесін көрсетіп хайп жасап жүрген, басқа да қыздар мен ұлттық киімді қорлап жүрген қыздарымыз бен ұлдарымыз! «Қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз»,- деген қанатты сөздің өзі қыз бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін білдіреді. Ұлттық тәлім-тәрбие алған қыз өскенде жақсы келін, аяулы ана болатыны сөзсіз. Константин Дмитриевич Ушинский «Тәрбие дәрменсіз болмауы үшін, ол халықтық болуы тиіс» – дейді, яғни әрбір ұлттың өзіндік дәстүрін, салтын сақтап, сол рухани рухта тәрбиелеуге баса назар аудару қажеттігін ескерткен. Ұрпағының тәрбиесін дұрыс жолға қойған халықтың болашағы жарқын.
Көне ойшыл, білімпаз Ризауддин Ибн Фаруддиннің «Әйелдері тәрбиелі болған халық – тәрбиелі, әйелдері тәрбиесіз болған халық – тәрбиесіз» деген екен. «Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлттың тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» – деп, кезінде ғалым М. Жұмабаев айтып өткеніндей, ұлт тәрбиесін білім алушыға дұрыс деңгейде бере білсек, бүгінде белең алып жатқан ұл-қыздарымыздың арасындағы келеңсіз оқиғалар болмас еді. Сонда ғана хәкім Абай атамыз айтқандай, «Ары бар, ақылы бар, ұяты бар» қыздарымыз, қазақтың рухы биік, білімге, мәдениетке ұмтылған, бәсекеге қабілетті ұрпағын дүниеге әкелмек!
Оның бір-ақ жолы бар, ол – ұлттық құндылыққа, қазақтың даналығына, асыл мұрасына негізделген тәлім-тәрбие! Сонда ғана ұлағатты ұрпақ тəрбиелейміз.
Ойланайық, ағайын!

 

Неден қорқамын?

Қазір тойға барсақ, «ойыны қандай, əзілі қандай, асабасының сөйлеген сөзі қандай?» деп ойланып баратын болдық. Əлеуметтік желіде тойдан бейнекөріністерді көп көріп қаламыз. Кейде әжелердің тойды «жарып» нашар əнге ерсі қимылмен селкілдеп-дірілдеп билеп жүргенін көреміз. Алдыңғы буын ата-апаларымыздың осындай билеріне қарап жағамызды ұстап жатамыз. Əрине қимыл-қозғалыс бұл жаста жақсы, денсаулыққа пайдалы. Бірақ оның өз орны бар. Ешкімді кəналағым да келмейді. Үлкендерге ақыл айту да ұят. Бірақ барлығы жасына сай болғаны жақсы ғой деп ойлаймын. Тойға балалар да, жастар да барады. Солардың алдында жастардың дискотекадағы қимылдарын көрсетіп асыр салып жүрген ата-əжелерді көру тым ерсі. Əжелеріміз əже, аталарымыз ата болып, алдымызда үлгі-өнеге болса екен дейміз. Қазақтың Қамажайын билеп шықса жарайды дерсің. Арбаң-арбаң етіп, мəні-мағынасы жоқ əнсымаққа билеген үлкен жастағы ата-апаларды түсінбей өтермін. Арзан əзіл, арзан күлкі, арзан əн, арзан бидің заманы болды. Үлгі болар үлкендер өстіп жүрсе, кейінгі буынға қандай өкпе бар дейсің?!
Қымбатымыз – ұлттық құндылықтарымыз арзандап, арзан нəрсе қымбаттаған заман болды, ағайын… Жаудан қорықпаған батыр Бауыржан атамыз «Мен үш нəрседен қорқамын, біріншісі – бесік жырын айта алмайтын келіндердің көбеюінен, екіншісі – немерелеріне ертегі айтпайтын əжелердің көбеюінен, үшіншісі – салт-дəстүрлі сыйламайтын ұрпақтардың көбеюінен» деген екен. Мен сол «Ертегі айтпайтын əжелердің» орнына заманауи, даңғырлаған, мағынасыз əндерге билейтін əжелер көбейіп бара жатқанынан қорқамын.
Бата бере алмайтын, батаның орнына тост айтатын аталардан қорқамын. Осыны көріп өскен кейінгі ұрпақтың тəлім-тəрбиесі қалай болады деп қорқамын, ағайын-ау?! Қазақ болып қаламыз ба, содан қорқамын?!
Осындай тойлардан ұялып, шаршап келемін. Асабалар ұлттық құндылықтарымызды насихаттаңыздар. Апаларға ұршық иіртіп, жарыс өткізіңіздер, жастарға қазақтың мақал-мəтелдері мен жаңылтпаштарынан жарыс ұйымдастырыңыздар. Аталарға қамшы өргізіңіздер. Тойдың сценарийіне мұқият болып, қол ұстасып шаңырақ құрып жатқан жастарға үлгі болар дүниелерді көрсетіңіздер. Жаңа түскен келін атасы мен енесінің аузына қасықпен торт «тығындағанша», үлбіреп отырып, сызылып шəй құйып берсін, шараға құйылған сары қымызды сапырып, тостағанға құйып ата-əжелерге қымыз ұсынып, сəлем салып, бата алсын. Бата алған бақытты болады.
Жалпы осы тойды реттеп, той заңын шығарған дұрыс-ау?!Саналы ұрпақ үшін саналы дүние жасайық, өз ісімізбен, əрекетімізбен өнеге болайық!
Тойда екі жасты сүйістіріп, қалыңдық туфлиін ұрлап, оған толтыра арақ ішетін, көзі көгерген жансыз қуыршақты той көліктің алдына отырғызып безендірген, батаның орнына тост жүріп, артынан «алып қой!» дейтін заман өтті, келмеске кетті. Өзіміздің салт-санамыз өзгеден артық болмаса, кем емес екенін түсінетін кез жетті! Сыртқа қарап ұлымай, өткіншіге қызықпай, бір кездері өзгелер қызғана қараған, бізге ұмыттыруға тырысқан, соның салдарынан, қазір өзіміз жеріген, өзіміздің өнегемізді, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайық, ағайын!

Мәдениетті адам – арлы адам

Қазақстандық кинематографистер одағының төрағасы, режиссер Ермек Тұрсыновтың Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті бір отырысында айтқан мәдениет жайлы пікірі ұнады. Ол «алдымен экономика, одан кейін саясат» деген ұранмен өмір сүріп келдік. Қазір бәрі керісінше. Алдымен саясат, одан кейін экономика. Тағы да не алдыңғысы да, не кейінгісі жұмыс істемейді. Өйткені ең алдымен мәдениет болуы керек. Ал қалғандары одан кейін бола жатады. Онсыз мәдениетсіз адамды үлкен саясатқа да, үлкен экономикаға да араластыруға болмайды. Мәдениетсіз адам менеджер ретінде белгілі бір жетістікке жетуі мүмкін. Бірақ бұл уақытша жетістік. Шектеулі адам қолындағы шексіз биліктің тарттырар зардабы ауыр», – деді. Сондай-ақ ол адамның бойынан табылуы тиіс адамгершілік қасиеттер жайлы да айтқан еді. Ол «Жемқорлықпен күрес – надандықпен, мәдениетсіздікпен күрес. Отбасында дұрыс тәрбие алған адам тендерде көзбояушылыққа бармайды. Ондай адам бұрмалаудан, қоқан-лоққы жасаудан, пара тықпалаудан тартынады. Ондай адам қоқыспен, былапыт сөзбен, лас идеямен айналасын былғамайды. Мәдениетті адам – арлы адам. Ал арсыз адам мәдениеттен жұрдай адам деген сөз» деді. Ермек Тұрсыновтың айтқан пікіріне қосарым бар.
Біз адамдардың кейбір қылықтарына қарап, «туу, қандай мәдениетсіз, тәрбиеден жұрдай, арсыз адам екен» деп жатамыз. Мəдениетсіз болу, яғни тəрбиесіз болу. «Мәдениет» ұғымы тәрбиемен және біліммен тығыз байланысты. Бұл жерде білімнің қос-қос дипломға қатысы жоқ! Анаңның сүтімен, әкеңнің өнегесімен берілетін, ұлттық құндылықтарға негізделген, әр отбасында ұстанатын рухани білім жайлы болып отыр сөз. Білімсіз және тәрбиесіз адам ешқашанда мәдениетті бола алмайды. Білім мен тәрбие – мәдениеттің қайнар көзі. Тәрбиенің негізі отбасында қалыптасады. Қазақ «Не ексең, соны орасың» дейді. Отбасында адалдықты, тазалықты көріп өскен бала ешқашанда жамандыққа бармайды. Рухани байлық дүниетаным, түсінік, рух, иман отбасында қалыптасады. Бір кездері баламның балабақшада ойыншықтары, мектепте талай киімдері жоғалды (ондай жағдай баласы бар әр отбасында болады). Іздеп барсаң, таппайсың. «Біреу әкетіп қалған шығар» дейді. Осыған қарап сол киімді бір бала әкетіп қалса, жарайды, үйіне апарды делік, сонда ата-анасы «балам, мұны қайдан алдың?»,-деп сұрамай ма деген ой мені қатты мазалайды. Бала тәрбиесі міне осындай ұсақ-түйектен басталады. Ол бала бүгін бала бақшадан үйіне кішкентай ойыншық әкеліп, ата-анасы «бұл кімдікі? Ертең апарып таста» демесе, баланың санасында бұл «қалыпты жағдай екен ғой» деген ой қалыптасады. «Қой» демесе, күні ертең одан да зорын жасайды. «Біреудің затын рұқсатсыз алу, жаман қылық, бұл ұрлық. Ал ұрлық түбі-қорлық» екенін балаға кішкентайынан құлағына құйып, «біреудің ала жібін аттауға» қарсы имунитетті қалыптастыру керек! Өзім өскен отбасында әкем марқұм «Құлындарым, біреудің ала жібін аттамаңдар, арам нәрсе бойға сіңбейді, адал болыңдар» деп өсірді. Сол әкеміз титтейімізден құлағымызға құя берген ақылы бар ұрпағына өмірлік өнеге болды.

Ұлттық тәрбие бұл – сан ғасырлар бойы сараланған, мықты мектеп. Халқымыз «Баланы жастан» деп, ұрпағын жаманнан жирендіріп, жақсыға жақындатқан. Қазір мектептерде білім беріледі, бірақ тәлім-тәрбие бағытынан ауытқып, тек оқытумен шектеледі. Ғұлама әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы» деген тамаша нақыл сөзін жауыр болғанша айтамыз.

Бірақ іс жүзінде іске аспайды. Біздің бабалардан қалған асыл мұрамыз – ұлттық тәрбиемізден мықты еш нәрсе жоқ. Біздің соны пайдалана алмай отырғанымыз өкінішті.
Қазір қоғамды дендеген жемқорлық, парақорлық және отбасылық құндылықтардың құлдырауы, рухани азу, жастардың ажырасуы тәрізді келеңсіздіктер мен түрлі азғындық әрекеттердің түп-тамырында тәрбиенің кемшіндігі жатыр. Сондықтан да бала бақшалар мен мектептерге ұлттық тәрбиеге негізделген білімді енгізетін кез жетті! Ұлттық тәрбие көрген ұрпақ ешқашанда жаман жолға түспейді. Әйтпесе түрлі «адалдық алаңы», жемқорлықпен күрес агенттіктерін мыңдап ашсаң да, бұл кеселден құтыла алмайсың, ол дендеп, тамырын тереңге жая береді. Кез келген кеселдің салдарымен күреспеу керек, оны болдырмау тәсілін іздеу керек.
Ал біз қозғап отырған келеңсіздіктерді болдырмаудың тәсілі жалғыз – ол ұрпағымызға өнегелі тәрбие беру! Сонда ғана арлы, адал, жүрегі де, қолы да таза ұрпақ тәрбиелейміз. Отбасында ұлттық құндылықтарға негізделген тәлім-тәрбиеден нәр алып өскен ұрпақ қашанда аталар аманатына адал болары сөзсіз! Қашанда бала тәрбиесінде «Ұят болады», «Обал болады», «Жаман болады» деген үш ұғымды ұстанған халықпыз. Осы үш сөздің өзі ұрпағымызды жаманнан жирендіріп өсірген мықты тәрбиемізді ұмытпалық, ағайын! Жалпы қаптаған бір ашылып, бір жабылатын министрліктердің орнына «Отбасы жəне тəрбие» министрлігін ашу керек! Отбасылық құндылықтарды насихаттайтын, тəлім-тəрбиені қолдайтын, бір құзырлы мекеме қажет-ақ! «Қара шаңырақ» жобасы отбасылық құндылықтарды насихаттау мен ұлттық тəлім-тəрбиені дəріптеуін тоқтатпайды.

КИЕЛІ БЕСІКТІ ИЕСІЗ ТАСТАМА

Үйдің кіре берісінде сəби жататын бесік арбаларды жиі көремін. Аналар балаларын салып əкеліп, есік аузына тастайды. Бұл көріністі көп қабатты үйлердің бəрінен байқауға болады. Тіпті кейде ішінде баланың үстінен жабатын көрпешелерін де тастап кетіп жатады. Ол арбалар түнде иесіз қалып, тəңертең асыққан аналар балаларын бір түн иесіз қалған бесік арбаларға салып алып жүре береді. Бұл бала арбалары қазір бала жататын бесіктің рөлін атқаратынын ескерсек, қазақ ешқашан сəби жататын бесікті, сəбидің жуылған кірін ешуақытта далаға тастамаған. Жын-шайтан, пəле-жала үйір болады деген. Егер алда-жалда далада иесіз қалып қойған жағдайда, міндетті түрде аластаған. Бала жататын бесікті әрдайым қасиетті санаған, аяқпен баспаған, иесіз тастамаған, қатты ескірген кездің өзінде жерге тастамаған, биік жерге іліп қойған. Өйткені бесікпен ұрпағың өседі, әулетің көркейеді. Өмірге келген жас нәрестені періштеге балаған, сондықтан да бесікті таза ұстаған. Жын-шайтан жоламасын деп аластап, қасқырдың тісін, тұяғын іліп, үкі қадаған. Бесіктің керек жабдықтарын кірлетпеген. Былтыр үйіміздің кіре-берісінде ішкі жабдығымен, иесіз жатқан бесікті көріп шошып кеткенмін. Сұмдық-ай! Баяғыда аналарымыз, әжелеріміз «бесікті, бала жататын бесік арбаны далаға иесіз тастамаңдар. Иесіз жатқан затқа жын-пәле үйір болады» деуші еді. Мына жағдайды көріп, біздің ұлтымыздың өз дәстүрінен, ділінен алшақтап бара жатқанына күйіндім. Біз бабаларымыз киелі санаған, олардың көзіндей болып жеткен асыл мұрамыздан безініп, жерініп, қасиетімізді жоғалтып жатқанымыз жаныма батты.
Қазақ үшін бесік – киелі, қасиетті зат. Оған қатысты ырымдар мен тыйымдар көп болған. Әрқайсының өз мән-мағынасы, орны бар. Бос бесікті тербетпейді. Наным-сенім бойынша бос бесікке ібіліс баласын жатқызады деген. Сондай-ақ бос бесікті еш уақытта жабусыз қалдырмаған. Үстіне ақ мата жауып, ең болмағанда, ұршығына орамал байлап қою қажет. Бала өскен соң, бесікті жерге тастамайды, ата-бабамыз бесікті міндетті түрде төрге, маңдайшаға іліп қоятын болған. Бесіктің теріс жағына отырмайды. Бесікті саудаламайды. Айтқан бағасына сатып алады. Бесік жасайтын шеберлер ынсапты болуы тиіс. Киелі дүниенің бағасын көтермеген, саудаласпаған. Сондай-ақ, халқымыз баласының бесігін біреу сұраса, арнайы ырым-жоралғы жасап, жақсылыққа балап, тек содан кейін ғана жақын туыстарына ғана беретін болған. Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашанда бірімен бірі байланысып, ұштасып жатады. Сондықтан, біз үлкендер бесіктің киелі екенін, оны далаға, иесіз жерге тастауға болмайтындығын ұмыта бастаған ұрпаққа жеткізейік.
Ал жас аналарға айтарым, қазіргі бесік рөлін атқарып жүрген бала жататын арбаларды иесіз тастамаңдар. Аппақ періштедей сəбиді иесіз, бір түн үйіңізден тыс жерде тұрған арбаға аластамай салу, жаман ырым. Арба бесік емес, оған бала жатпайды, тек серуендейтін құрал дейтіндер де болады. Оларға айтарым, сəби пəк, періште, адам баласы үшін ұрпағынан артық, одан қымбат еш нəрсе жоқ. Сол қымбаттыңды бір түн болса да, қараусыз қалған арбаға қалай жатқызуға болады? Қараусыз, кіреберісте қалған сəби арбасына шаң-тозаң түседі, шыбын-шіркей қонады, түрлі жəндіктер түсіп кетеді, кіре берісте түнде неше түрлі бөгде адамдар кіріп жүруі де мүмкін-. Тіпті ырымға сенбесеңіздер де, гигиеналық тұрғыдан да қараусыз қалдыруға болмайды. Жалпы, халық айтса, қалт айтпайды. Қазақтың ырымдарының артында үлкен тəрбие жатқанын ұмытпағайсыздар.

Тұрар Саттарқызы,
«Қара шаңырақ» қоғамдық
бірлестігінің жетекшісі,
қоғам белсендісі