Көшелердің атауын өзгерту – өскелең ұрпақ үшін қажет

Бүгін Оралдағы кейбір құрамдас бөліктерді қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын өзгерту бойынша қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының көпшілік тыңдауына қатысушылар осындай пікірлер білдірді.

Көпшілік тыңдау күшейтілген карантиндік талаптарға сәйкес Достық үйінде онлайн форматта ұйымдастырылып, бірқатар ұжымдар мен зиялы қауым өкілдері талқылауға ZOOM бағдарламасы арқылы қатысты.

Қалалық мәслихаттың нормативтік-құқықтық және жұртшылықпен байланыс жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Ақылбек Сұлтанов жүргізген жиынға қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев пен қалалық мәслихат төрағасы Есентай Қалиев қатысты.

Облыс орталығындағы бір алаң мен 11 көшенің атын өзгерту және бір көшенің атауын транскрипциялау бойынша түскен ұсыныстармен таныстырған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Ерболатұлы: – Орал қаласы әкімі  жанындағы ономастикалық нысандардың тарихи және  дәстүрлі атауларын қалпына келтіру  бойынша  ұсыныстарды зерделеу және пысықтау жөніндегі жұмыс тобына түсіп, қаралған ұсыныстар бойынша  қаладағы Мәншүк Мәметова атындағы алаңды «Батыр қыздар алаңы» деп атау ұсынылды. Қазіргі уақытта бұл алаңда батыр қыздарымыз – Хиуаз Доспанованың, Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Мәметованың ескерткіштері қойылған. Жаңа атаудың ұсынылу себебі де – осыда. Сондай-ақ Московская көшесін – Тәуелсіздік, Мирзоян көшесін – Желтоқсан деп өзгерту ұсынылды. Өздеріңізге белгілі, биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына – 30 жыл, ал Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл. Осыған орай осы атауларды қос көшеге беру туралы ұсыныс түсті, – деді.

 

 

Бөлім басшысы өңіріміздің дамуына сүбелі үлес қосқан қоғам қайраткерлерінің, соғыс ардагерлерінің, облыс пен қаланың құрметті азаматтарының, ғалымдардың есімдерін беру туралы тұрғындардың, ардагерлердің, қоғамдық қорлардың ой-пікірлері негізінде қаладағы атаулары ескірген немесе маңызын жойған 11 көшені қайта атау ұсынылғанын жеткізді. Атап айтқанда, Согласия көшесіне  – белгілі қоғам қайраткері, өлкенің дамуына елеулі  үлес қосқан еңбек ардагері, 14 жыл облысты басқарып, үш мәрте Ленин орденін иеленген Шәпет Қоспановтың, Тәуелсіздік көшесіне – БҚО-ның құрметті азаматы, белгілі қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері, әскери журналист Бисен Жұмағалиевтың, Светлая көшесіне – Қазақстанның  еңбек сіңірген өнер қайраткері, көрнекті композитор, Қазақстанның халық әртісі, прфессор Базарбай Жұманиязовтың, Надежда көшесіне – ҚР Халық әртісі, дәулескер күйші, композитор Тұяқберді Шәмеловтың, Лиственная көшесіне – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Орал қаласының құрметті азаматы Жанғали Набиуллиннің, Букетная көшесіне – Орал қаласының құрметті азаматы, ҰОС ардагері, өлкетанушы Николай Чесноковтың, Вольная көшесіне – Орал қаласының құрметті азаматы, мұнай-газ саласының талантты геологы, ғалым Сухан Қамаловтың, Лазурная көшесіне – Орал қаласының құрметті азаматы, ҰОС ардагері, тарихшы ғалым, өлкетанушы Павел Букаткиннің, Ореховая көшесіне – өңірдің құрылыс саласын дамытуға саналы ғұмырын арнаған «Еңбек сіңірген құрылысшы» төсбелгісінің иегері, қазақ драма театры,  мектеп, балабақша, аурухана сынды әлеуметтік нысандардың құрылысында қолтаңбасы қалған Алдияр Рахметовтің есімдерін беру ұсынылған. Сонымен бірге Евразийская көшесін транскрипциялап Еуразия көшесі деп өзгерту туралы ұсыныс түскен.

 

 

Бұдан әрі көпшілік тыңдауға қатысушылар көше атауларын өзгертуге қатысты өз ойларын ортаға салды. Онлайн талқылауға қатысқан қалалық көпбейінді аурухана, Теннис орталығы, Оқушылар сарайы ата-аналары ұжымдары, аталған көшелердің тұрғындары, зиялы қауым өкілдері тарихи шаһарда танымал тұлғалардың, тарихи атаулардың пайда болатынына қуанышты екендерін жеткізді. «Қала көшелеріне тарихи маңызы зор атауларды беру – өскелең ұрпақ үшін қажет. Жастар еліне еңбегі сіңген алдыңғы буын аға ұрпақтың есімін ұлықтап жүретін болады» десті оралдықтар бірауыздан. Сондай-ақ алдағы уақытта облыс орталығындағы өзге де атауы ескірген көшелерді өзгерту керек деген ұсыныстарын жеткізді.

Көпшілік тыңдауда айтылған ұсыныс-пікірлер заң талаптарына сәйкес хаттамамен рәсімделіп,облыстық ономастикалық комиссия арқылы республикалық ономастикалық комиссияға жолданады.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы

 

Ольга Исаева, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары: – Мен тек өзімнің ғана емес, қаладағы барлық ардагерлердің пікірін жеткізгім келеді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан түрлі кезеңді бастан өткерді. Осы уақыт аралығында мемлекетіміз қарыштап дамып, халқының достығы нығайып, өркендеп келеді. Біз Тұңғыш Президентімізді сайлаған кезден бастап еліміздің дамуының даңғыл жолын салған едік. Осы ретте аға ұрпақтың да ел дамуына қосқан үлесі аз емес. Отыз жыл – адам баласы үшін едәуір көлемді уақыт болғанымен, мемлекет үшін – қас-қағым уақыт қана. Соның өзінде Қазақстан әлем елдеріне танылып үлгерді. Ал өңірлердегі танымал тұлғалардың есімдерін осындай жарқын істерімізбен жарыққа шығаруымыз керек. Сол себепті Оралдағы көшелерге Шәпет Қоспанов, Бисен Жұмағалиев, Павел Букаткин, Николай Чесноков сынды мақтан тұтар тұлғаларымыздың есімдерінің берілуін толық құптаймын. Ұрпақтары үшін де – зор мәртебе. Бұл жерде ешкімнің құқығы бұзылып жатқан жоқ, жаңа атаулардың барлығын да келешекте мақтанышпен айтып жүретін боламыз.

 

Нұрғали Жолдасқалиев, «Жас Отан» ЖҚ БҚО филиалының жетекшісі, қалалық мәслихат депутаты: – Көпшілік тыңдауға қала тұрғыны ретінде қатыстым. Қалалық мәслихаттың комиссиясына да бұл ұсыныстар түскен болатын. Қаламыздағы Вольная, Букетная сынды ешқандай тарихи маңызы жоқ көшелердің атауын өзгерту – біздің ортақ мақсат-мүддеміз. Сәйкесінше, ол көшелерге еңбегі елеулі тұлғалардың есімі берілсе, жас буын да аға ұрпақтың өмірін зерттеп-зерделеп, біліп жүреді. Мен өзімнің әлеуметтік желідегі парақшамда да тұрғындардың көше атауларын өзгертуге қатысты пікірлерін білу мақсатында жазба жариялаған едім. Оны қолдап жатқан жастар да аз емес, кейбір ескі атауларды өзгерту жөнінде пікірлер де жолдануда. Сонымен қатар кей азаматтар жолдарды жөндеу, басқа мәселелерді ретке келтіру туралы жазба қалдыруда. Әрине, ол мәселелер де назардан тыс қалмайды. Дейтұрғанмен, көше атауларын өзгерту де – еріккеннің ермегі емес. Ұлыларын ұлықтаған ұрпақ үлкен жетістіктерге жетері сөзсіз. Мен де солардың қатарындамын.