Түркістандық студенттер Түркиядағы жазғы мектепті сәтті аяқтады
Түркістан қаласында халықаралық оқу орындар саны артып келеді. Соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тарихы отыз жыл бұрын басталған еді. Бұгінде аталған оқу ордасы студенттер үшін бар жағдайды жасап отыр десек артық айтпаймыз. Сондай бір ұтымды жобалардың бірі де бірегейі жыл сайын жазғы демалыста Түркиядағы таным арттыру сапарын атауға болады. Жылдағы дәстүрге айналған Түркия Республикасындағы «Жазғы мектеп» бағдарламасының биылғы маусым да өз мәресіне жетті. Он күнге созылған тағылымды сапар барысында университеттің 40 студенті Түркия Республикасының Бурса, Чанаккале, Балыкесір, Анкара, Невшехир, Болу және Стамбул қалаларында болып, бауырлас елдің тарихымен, мәдениетімен және білім беру жүйесімен танысты. Бағдарлама аясында студенттер Чанаккале шейіттер мемориалы, Анадолы өркениетінің тарихи орындары, Анытқабір, Абант көлі, Айя София, Топқапы және Долмабахче сарайлары, Галата мұнарасы сынды тарихи-мәдени нысандарды аралап, Түркияның бай мәдени мұрасын жақыннан таныды.
Жазғы мектеп барысында қатысушылар оқу ордасының Өкілетті Кеңес төрағасы, профессор Мұхиттин Шимшекпен және Түркия Республикасының Ұлттық білім министрі қызметін атқарған профессор, доктор Нәби Авджымен кездесіп, түркі дүниесінің бірлігі, жастардың рөлі және білім мен ғылымның маңызы жөнінде тағылымды пікір алмасты. Кездесу барысында сөз сөйлеген Өкілетті Кеңес төрағасы білім ошағының түркі әлемін біріктірудегі ерекше рөліне тоқталды. Ортақ тарих пен мәдени құндылықтарды бойына сіңіріп өскен жастардың болашақта өз елдері арасындағы берік байланысты нығайтатын тұлғалар болатынын атап өтті. «Қожа Ахмет Ясауидің тағылымымен тәрбиеленіп жатқан сіздер – түркі дүниесінің ең үлкен байлығысыздар. Бұл жазғы мектеп тек академиялық бағдарлама ғана емес, сонымен қатар ортақ болашағымыздың, бауырластығымыздың және бірлігіміздің негізі қаланатын маңызды кездесу. Осында қалыптасқан достық пен алған білімдеріңізді өз елдеріңізге апарып, түркі әлемінің ықпалдастығына зор үлес қосатындарыңызға сенемін» деді. Жылы әрі еркін форматта өткен кездесуде студенттер Түркияда болған уақыт ішінде жинаған тәжірибелері және академиялық жетістіктері туралы айтты. Бағдарламаның алғашқы кезеңі болған Чанаккале, Бурса сынды тарихи қалаларға мәдени сапардан алған әсерлерін, сондай-ақ алдағы академиялық дәрістердің өздеріне берер мүмкіндіктерін ерекше атап өтті. Жазғы мектеп қатысушылары керемет мүмкіндік ұсынып, қолдау көрсеткен университет басшылығына алғыстарын білдірді. Кездесу соңында профессор Мұхиттин Шимшек студенттерге сәттілік тілеп, естелік суретке түсіп, арнайы сыйлықтар табыс етті.
Жазғы мектеп бағдарламасы студенттердің тарихи-танымдық көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, түркі халықтарының ортақ мәдениеті мен рухани мұрасын тереңірек тануына, халықаралық ынтымақтастық пен достық байланыстарын нығайтуына мүмкіндік берді. Өкілетті Кеңестің қолдауымен дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жазғы мектеп бағдарламасы – студенттердің академиялық, мәдени және тұлғалық дамуына бағытталған маңызды халықаралық жобалардың бірі. Түркиядағы тағылымды сапарын сәтті аяқтаған студенттеріміз мол тәжірибе мен жаңа білім жинап, елге оралды

