Түркістандағы музей қоры құнды жәдігермен толықты

Түркістан қаласы бүгінде қала тұрғындарының ғана емес, еліміздің мақтанышына айналып үлгерді. Қалаға жай қыдырып келушілерден бөлек, шетел туристері де жиі қызығушылық танытып жүр. Олар келген соң ең алдымен осы өңірдің көрікті орындарын тамашалайды. Тарихымен, салт-дәстүрімен танысуға музейге бас сұғады. Киелі шаһардағы «Ұлы дала елі» орталығы да ең таңдаулылар тізіміне еніп, тамашалайтын орындар арасында көш бастап тұр. Ал бұл деңгейге жету үшін музей қызметкерлерінің еңбегі қаншама.

Мұнда музей қорын толықтыруға және ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге бағытталған «Музейге сый» акциясы жиі өткізіліп тұрады. Күні кеше қала тұрғыны музей қорына бірқатар құнды жәдігерлерді тарту етті. Күлайхан апа өзінің жүкаяқ, ер тоқым, келі-келсап және басқа да тұрмыстық бұйымдарын сыйға берді. Бұл жәдігерлер – халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрі мен ұлттық мәдениетін танытатын тарихи мұралар. Музей қызметкерлері сыйға тартылған жәдігерлерді қабылдап, белгіленген тәртіп бойынша тіркеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ осындай игі бастамалар арқылы ұлттық құндылықтарымызды бірге дәріптеп, тарихи мұраларымызды келер ұрпаққа аманат етуге шақырды. Қызығушылық танытқан әрбір азамат тарихтың бөлшегі болып табылатын құнды жәдігер болса орталыққа хабарласуына болады.

«Ұлы дала елі» орталығына келушілердің көптігін атап өттік. Бұдан бөлек іскерлік бағытта, тәжірибе алмасуға да арнайы ат ізін салатындар бар. Жақында Ақмола облысы, Зеренді ауданынан келген арнайы қонақтарды қабылдады. Іссапардың негізгі мақсаты – Түркістан облысындағы музейлердің тәжірибесімен танысып, олардың жұмыс жүйесін зерделеу. Келушілер қатарында Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Даукенов Ермек Қуандықұлы, Зеренді мәдениет және тілдерді дамыту орталығының басшысы Хайбар Ақтолқын, сондай-ақ Зеренді ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «ОКЖ» директоры Габдульманова Гакку бар. Орталық директоры Гүлжанат Ибрахимқызы қонақтарды қарсы алып, «Ұлы дала елі» орталығының құрылу тарихы, негізгі мақсаты, қызмет бағыттары және музейді қалыптастырудың барлық кезеңдері туралы жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ экспозицияларды әзірлеу, ғылыми-зерттеу жұмыстары, жәдігерлерді жинақтау, көрме кеңістігін ұйымдастыру және келушілермен жұмыс жүргізу тәжірибесімен бөлісті. Кездесу барысында қонақтар орталықтың экспозициялық залдарын аралап, музей ісін ұйымдастырудағы тәжірибемен танысты. Өз кезегінде олар орталық жұмысына жоғары бағаларын беріп, жылы қабылдау мен мазмұнды ақпарат үшін шынайы ризашылықтарын білдірді. Осындай тәжірибе алмасу кездесулері еліміздегі музей ісінің дамуына, мәдени мекемелер арасындағы өзара ынтымақтастықтың нығаюына және тың жобалардың жүзеге асуына өз үлесін қосатыны сөзсіз.

Осындай ілкімді істерді атқаруда үлкен жұмыс күші керек. Ал оны сапалы ұйымдастыру үшін нақты жоспарлар мен міндеттер болғаны бірақ бағытты айқындап береді. Осы орайда музейде ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес отырысының негізгі тақырыбы – «Ұлы Дала мұраларын зерттеу және насихаттаудың заманауи тәсілдері: цифрлық технологиялар, виртуалды музейлер». Осылай түрлі тақырыпты арқау етіп, ортақыты дамытуға әрбір маман үлес қосады. Отырыста музей қорындағы тарихи-мәдени мұраларды заманауи цифрлық технологиялар арқылы зерттеу, сақтау және көпшілікке насихаттау, сондай-ақ виртуалды музейлердің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Ғылыми-әдістемелік бөлімнің осыған дейін атқарған жұмыстарының есебі таныстырылып, бөлімнің ғылыми-зерттеу, әдістемелік және мәдени-ағартушылық бағыттағы жұмыстары сараланды. Кеңес барысында алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар бойынша тиісті тапсырмалар беріліп, келесі ғылыми кеңес отырысына дайындық мәселелері қаралды. Сондай-ақ музей қызметіне қатысты өзге де маңызды мәселелер талқыланып, бірқатар ұсыныстар айтылды. Жиын қорытындысы бойынша алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың бағыттары айқындалып, тиісті шешімдер қабылданды. Музей қызметкері болу үлкен жауапкершілікті талап ететіні анық. Ал ол үшін өз мамандығын сүюмен қатар, отаншыл азаматқа айналса нұр үстіне нұр болмақ.