Туған қаланы сүю тазалықтан басталады

Қазіргі таңда киелі шаһар аумағындағы тазалық пен абаттандыру жұмыстары коммуналдық қызметтердің күнделікті еңбегі арқылы тұрақты қамтамасыз етілуде. Тұрғындардың игілігі үшін атқарылып жатқан мұндай жұмыстар көпке үлгі болып, туған жерді сүюге шақырады. Түркістан қаласында тазалық пен абаттандыру жұмыстарын тұрақты бақылау мақсатында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жауапты сала басшыларымен бірге бірқатар қоғамдық кеңістіктерді аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен орындалу барысын тексерді. «Түркістан – еліміздің рухани, туристік, әрі ең таза қалаларының бірі. Сондықтан қаланың тазалығы мен көркі, қоғамдық кеңістіктердің талапқа сай күтіп ұсталуы және инженерлік инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуі әрдайым бақылауда болуы тиіс. Барлық жұмыс сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы қажет» деді қала әкімі.

Осылайша қала тазалығы мен абаттандыру жұмыстарының барысы сараланды. Аралау барысында қала басшысы Конгресс холл көпсалалы кешені, Қолөнершілер орталығы, «Керуен сарай» туристік кешені және Бекзат Саттарханов даңғылы бойындағы спорт кешені аумақтарындағы санитарлық, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарының орындалу барысын бақылап, тазалығын тұрақты сақтауды, жасыл желектерді күтіп-баптап, суару жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді, инженерлік инфрақұрылымдағы ақауларды дер кезінде қалпына келтіруді және ортақ пайдаланылатын аумақтарды талапқа сай күтіп ұстауды тапсырды. Сонымен қатар қала әкімдігі тұрғындарды меншікті мекен-жайлары мен қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға және ортақ мүлікке ұқыпты қарауға шақырады.

Түркістанда сонымен жасыл желекке күтім күшейтілді. Қала аумағындағы жасыл желектің жай-күйін сақтау мақсатында ағаштар мен көгалдарды тұрақты суару, тал түптерін әктеу, минералды тыңайтқыштар мен арнайы препараттар енгізу, сондай-ақ агротехникалық күтім шаралары белгіленген кестеге сәйкес жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде қалада 1 487 680 түп ағаш пен бұта, 9,1 гектар гүлзар және 345 гектар көгал тұрақты күтіммен қамтылған. Жалпы күтім жүргізілетін аумақ көлемі 303 нысанды, яғни 789 гектарды құрайды. Бұл жұмыстарға күн сайын 26 арнайы су тасымалдаушы техника мен 687 жұмысшы жұмылдырылып, жасыл желекті суару және күтіп-баптау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Сонымен қатар, қаладағы 875 көшенің санитарлық тазалығы тұрақты бақылауда. Бекітілген кестеге сәйкес 30 көше күн сайын, 120 көше аптасына үш рет, ал 725 көше аптасына бір рет тазаланады.

Бүгінде қаланың санитарлық жағдайын қамтамасыз ету мақсатында ай сайын көшелерден 1950-2200 тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарылып, арнайы полигонға жеткізіледі. Шаһар тұрғындары үшін қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталған көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары алдағы уақытта да жоспарлы түрде жалғасады.