Түркістанда Жаңа Конституцияның негізгі қағидаттары мен конституциялық құндылықтары түсіндірілді

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Жаңа Конституция: құқық үстемдігі, конституциялық құндылықтар және әділетті мемлекеттің жаңа негіздері» атты маңызды ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі қағидаттарын кеңінен түсіндіру, құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлін насихаттау және азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен жауапкершілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шара қатысушыларға тың ақпарат берді.

Семинарда баяндама жасаған Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі Наталья Сұңғатқызы өңірдегі құқықтық сауаттылықты арттырудың маңыздылығына тоқталып, жеке деректерді қорғау мен азаматтардың құқықтарын сақтау мәселелерін жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ, Заң факультетінің деканы, PhD Қасымбек Әлия жаңа конституциялық реформалардың қоғамдағы «Заң мен тәртіп» қағидатын берік қалыптастырудағы, сондай-ақ экологиялық мәдениетті көтеретін «Таза Қазақстан» мемлекеттік бастамасының маңызын тілге тиек етті.

Шара аясында Ұлттық құрылтай мен Халықтық кеңес аясында қабылданған құжаттардың ел дамуына қосып отырған үлесі сараланып, құқық үстемдігі мен адам бостандығы қағидаттары талқыланды. Бұл маңызды жиын қоғамда бірлік пен тұрақтылықты, әділдік пен ынтымақты нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Университет қабырғасында өткен бұл шара жастардың құқықтық санасын шыңдап, мемлекет алдындағы азаматтық жауапкершіліктерін тереңірек сезінулеріне септігін тигізді.