Түркістанда «Ясауи әлемі» квест сайысы өтті

Түркістан қаласында жастар арасында тарихи-мәдени мұраны насихаттау, туған өлкенің тарихына қызығушылықты арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында облыстық «Ясауи әлемі» квест сайысы ұйымдастырылды. Сайысқа 14-35 жас аралығындағы жастардан құралған командалар қатысып, Түркістан қаласының тарихи орындарында орналасқан арнайы бекеттерде түрлі танымдық тапсырмаларды орындады. Қатысушылар өңір тарихы мен мәдениетіне қатысты сұрақтарға жауап беріп, логикалық ойлау, шапшаңдық және командалық жұмыс дағдыларын көрсетті. Квест сайысы төрт кезең бойынша ұйымдастырылды. І кезең Түркістан қаласындағы «Farab» кітапханасында, ІІ кезең «Алтын Самұрық» алаңында, ІІІ кезең «Керуен Сарай» туристік кешенінде, ал IV кезең Түркістан облыстық драма театрында өтті. Әр кезеңде қатысушылардың тарихи-танымдық білімі, логикалық ойлау қабілеті, тапқырлығы және уақытты тиімді пайдалану дағдылары сыналды.

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен Іс-шара жастардың тарихи санасын қалыптастыруға, туған өлкенің мәдени мұрасына деген қызығушылығын арттыруға және ұлттық рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталды. Жарыстың нәтижесі бойынша І орынды Ордабасы ауданы, ІІ орынды Қазығұрт ауданы, ал ІІІ орынды Бәйдібек ауданы иеленді. Сонымен қатар, Сарыағаш және Сауран аудандары мен Арыс қаласы ынталандыру сыйлығымен марапатталды.Сайыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар дипломдармен, сертификаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.