Түркістанда «Түнгі кітапхана» жобасы жалғасып жатыр
Оқырманның жүрегінен орын алып үлгерген «Түнгі кітапхана» жобасы Түркістан облысы Қазығұрт ауданында жалғасты. Бұл жолы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауераты, «Ерен еңбегі үшін»төсбелгісінің иегері Бақытжан Алдиярдың шығармашылық кеші өтті. «Қазығұртқұнар қаламгер» атты кештің арнайы қонағы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қазақтың көрнекті ақыны, публицист, филология ғылымдарының кандитаты Бақыт Беделхан. Ал әдеби жиынды Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Сирдаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Сайлаухан Жоланов жүргізді.
Әдеби жиынды Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов ашып беріп, жүрекжарды тілегін білдірді. Кеш кейіпкерлеріне толағай табыс тілеп, құрмет көрсетті. Поэтикалық композициямен басталған кеш жырға ұласты. Ақынмен еркін сұхбат барысында сырлар ақтарылды. Ақынға деген құрмет, жырсүйер қауымның ықыласы мен ыстық ілтипаты рухани кездесудің алтын арқауына айналды.
Жиын барысында зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер ақынға арнау өлеңдерін оқып, әдебиетке жанашыр жандар ақ тілегін жеткізді. ҚР Мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаева мен белгілі сазгер, ғалым, журналист Бекжігіт Сердәлі, облыстық кітапхананың директоры Жанат Шардарбекова және ауданның қариялары мен ақынның үзеңгілес достары ақынға деген ақ жарма тілегін білдіріп, шығармашылық жолына сәттілік тіледі. Сахна төрінде аудан өнерпаздары өлең оқып, мың бұрала би биледі. Сонымен қатар әннен шашу шашылды. Қазақ поэзиясына өзіндік үн қосқан қаламгер қуанышын жасырмады. Бір сәт асық атудан сайыс өткізді. Кітапханашылар саябақ ішін ерекше сәнге бөлеп, түрлі көрмелермен безендірді.
Мазмұнды шараны «Түнгі кітапхана» жобасы аясында Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы мен Қазығұрт орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған. Алдағы уақытта Түркістанның таңдаулы туындылары Бәйдібек, Шардара және Мақтаарал ауданында жалғасады деп жоспарлануда.
Жалпы Түркістан өңірінде «Түркістанның таңдаулы туындылары» облыстық акциясы 2021 жылы бастау алып, тұрақты түрде өткізіліп келеді. 2021 жылы Мархабат Байғұт «Түркілер төрі Түркістан», 2022 жылы Әбілда Аймақ пен Төрекелді Байтасов шығармалары, 2023 жылы Мекемтас Мырзахметұлы шығармалары, 2024 жылы ақындар Нармахан Бегалы, Мұрат Бекей өлеңдері, ал биыл, яғни 2025 жылы Бақытжан Алдияр, Бекжан Әшірбай, Әлібек Шегебай, Мұқағали Кенжетай шығармалары таңдалған болатын.
Түркістан қаласы






