Түркістанда «Бірлік-2026» халықаралық жастар лагері өтіп жатыр
Түркістан қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен ұйымдастырылған «Бірлік» халықаралық жастар лагерінің ашылуына арналған пленарлық отырыс өтті. Лагерге республикамыздың барлық өңірінен және көршілес Өзбекстан мемлекетінен арнайы жастар келіп қатысуда. Жиынды «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Руфина Қасымқызы Усанова модератор ретінде жүргізді.
Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Гүлсара Тоққұлова, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Заң шығару палатасы жанындағы Жастар парламентінің мүшесі Элмурод Эркинов және «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің жетекшісі Нодиржон Хасантаев қатысып, жастарға ізгі тілектері мен лебіздерін білдірді. Пленарлық отырыс барысында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы жастардың рөлі, этносаралық татулықты сақтау және азаматтық белсенділікті арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ өңірдің қоғамдық өміріне белсенді атсалысып жүрген қызметкерлер мен жастар марапатталды.
Үш күнге жоспарланған лагерь аясында қатысушылар үшін көшбасшылық, дипломатия, мемлекеттік басқару, қоғамдық келісім және қоғамдық белсенділік бағыттарында тәжірибелік тренингтер мен пікір алмасу алаңдары ұйымдастырылады. Ашылу салтанатынан кейін қатысушыларға арналған білім беру және тәжірибелік тренинг басталды. Лагерь бағдарламасына сәйкес алғашқы тренингті Қасымова Диназат өткізді. «Күнделікті дипломатия: «Жоқтың орнына – Иә»» тақырыбындағы тренинг барысында жастарға тиімді коммуникация, келіссөз жүргізу мәдениеті, тұлғааралық қарым-қатынас және дипломатиялық тәсілдерді күнделікті өмірде қолданудың маңызы түсіндірілді. Спикер – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының доценті, дипломатиялық қызмет тәжірибесі бар, көшбасшылық бойынша сертификатталған коуч. Бағдарламаның келесі бөлігінде Абжаков Асет, Мемлекеттік басқару академиясының Ақмола облысы бойынша филиалының директоры жастармен кездесу өткізіп, көшбасшылық, мемлекеттік басқару және заманауи басқарушылық дағдылар тақырыбында тәжірибесімен бөлісті.
«Бірлік» халықаралық жастар лагері жастар арасындағы достық пен өзара ынтымақтастықты нығайтуға, қоғамдық келісім мен тұрақтылық құндылықтарын дәріптеуге және жас буынның азаматтық белсенділігі мен жауапкершілігін арттыруға, жастардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, бағытталған. «Бірлік-2026» халықаралық жастар лагері аясындағы мазмұнды кездесулер мен тәжірибелік алаңдар алдағы күндері де жалғасады.

