«Жаңа Конституция: зияткерлік және мәдени даму» семинары қорытыланды

Түркістан қаласында орналасқан оқу ордамыздың Түркі халықтарының зияткерлік ойындары (ғылыми-тәжірибелік) орталығының ұйымдастыруымен өткен «Жаңа Конституция: зияткерлік және мәдени даму» атты оқыту семинары сәтті аяқталды. Оқу ордасының Спорт факультетінің 30-дан астам оқытушы-профессорлары қатысқан ауқымды шараның мақсаты ұлттық спорт пен зияткерлік ойындардың рөлін арттыру арқылы қоғамда ұлттық құндылықтарды жаңғырту болып саналады.

Семинардың жабылу салтанатында Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі вице-ректор Еділ Төлегенов сөз сөйлеп, қатысушыларға сертификаттар табыстады. Ол өз сөзінде Спорт факультетінің ұжымы бұдан әрі де ұлттық ойындарды жастар арасында кеңінен насихаттай беретініне сенім білдірді. Түркі халықтарының зияткерлік ойындары орталығының директоры Қасымхан Дәуренқұлов тоғызқұмалақ, мангала, бестемше, асық ату сынды ұлттық зияткерлік ойындардың тарихы мен оның логикалық ойлау жүйесін дамытудағы рөліне тоқталды.

Семинар аясында Спорт факультетінің деканы Ермек Сейдахметов бастаған оқытушылар құрамы 56 сағат оффлайн және 16 сағат онлайн форматта білімдерін шыңдап, ұлттық спорт түрлерін оқытудың тиімді стратегиялары мен әдіс-тәсілдерін меңгерді. Бұл маңызды жоба қоғамда бірлік пен тұрақтылықты, салауатты өмір салтын насихаттауға зор септігін тигізеді. Ұлттық спортты заманауи білім беру жүйесімен ұштастыру жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді.