«ASYQ CUP 2026»: Түркістанда жастардың рухы шыңдалды
Киелі Түркістан қаласында ұлттық спортты дамыту мен насихаттауға бағытталған жүйелі жұмыстар жаңа серпінмен жалғасуда. Бүгінгі таңда ұлттық құндылықтарды жаңғырту мемлекетіміздің басты идеологиялық бағыттарының бірі. Ұлттық ойын – бұл жай ғана бос уақытты өткізу құралы емес. Ол баланы жасынан мергендікке, қырағылыққа, ептілікке және жылдам шешім қабылдауға баулитын үлкен тәрбие мектебі. Қала жастары мен мектеп оқушылары арасында өткен бұл басқосулар мен жарыстар қазақстандықтар арасында патриоттық сезімді арттыруға және ұлттық мұрамызды дәріптеуге тікелей бағытталған. Осы орайда Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен Жастар ресурстық орталығы мекемесінің ұйымдастыруымен өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру және жастар арасында асық спортын дамыту мақсатында «ASYQ CUP 2026» атты ауқымды ұлттық спорт сайысы өтті. Бұл шараның басты мақсаты – жастардың бойында салауатты өмір салтын қалыптастыра отырып, ұлттық спорт арқылы отансүйгіштік сезімдерін нығайту.
Сайыстың салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған белгілі қоғам қайраткері, Әкелер мектебінің төрағасы Қалила Пралиев қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық ойындардың тәрбиелік маңызына ерекше тоқталды. Ол ата-бабамыздан қалған асық ату өнерінің бүгінгі таңда мемлекеттік деңгейде қолдау тауып, жастар арасында бұқаралық сипат алуы – ұлттық сана-сезімнің оянуының айқын дәлелі екенін жеткізді. Мұндай турнирлер қоғамдағы бірлік пен ынтымақты, әділдік пен адал бәсекелестікті қалыптастыруға көмектеседі.
Тартысты өткен додада қатысушылар өзара бақ сынасып, өздерінің мергендігі мен стратегиялық шеберліктерін ортаға салды. Сайыстың нәтижесі бойынша үздік ойын өрнегін көрсеткен жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Аталған іс-шара жастар арасында ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға, өңірдегі салт-дәстүрімізді сапалы дәріптеуге зор үлес қосты.

