Түркістан жастары есірткісіз өмірді таңдайды
Түркістанда «Ертеңіңді ойласаң — есірткіге жолама» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Іс-шараның мақсаты — жастарға есірткінің адам ағзасына, психикасына және болашағына тигізетін зардаптарын түсіндіру, денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға баулу және зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауға ынталандыру.
Семинар барысында қатысушыларға есірткінің адам өміріне тигізетін кері әсері, тәуелділіктің салдары және оның әлеуметтік ортаға ықпалы туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сондай-ақ өмірлік құндылықтарды бағалау, дұрыс таңдау жасау және жеке жауапкершіліктің маңызы жөнінде пікір алмасты. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен тренинг барысында жастар түрлі тапсырмалар орындап, өз көзқарастарын ортаға салды. Қатысушылар пайдалы дағдыларды қалыптастырудың маңызын түсініп, салауатты өмір салтының артықшылықтары жөнінде мол мағлұмат алды.
Аталған шара жастардың денсаулығын нығайтуға, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге, жарқын болашаққа деген сенім қалыптастыруға, зиянды әдеттердің таралуының алдын алуға және саналы әрі белсенді ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды. Нашақорлық – бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан оның алдын алу бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызы зор. Әрбір азаматтың денсаулығы мен саналы өмірлік ұстанымы – жарқын болашақтың негізі.

