Түркістанда Астана күні аталып өтті
Түркістандағы «Керуен сарай» туристік кешенінде Астана күніне арналған «Асқақтай бер, Астана!» атты мерекелік концерттік бағдарлама өтті. Мерекелік кештің ашылуында жүргізушілер 1 шілдеден бастап, заңды күшіне енген жаңартылған Қазақстан Республикасының Конституциясының маңызына тоқталып, оның ел бірлігі мен құқықтық мемлекетті нығайтудағы рөлі айтылды. Концерт барысында Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы құттықтау сөз сойлеп, Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары патриоттық және тақырыптық әндерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл сыйлады.
Кештің шарықтау шегі сахнаға шыққан Қазақстанның танымал эстрада жұлдызы Қайрат Түнтековтің көпшілік сүйіп тыңдайтын әндерін орындауы болды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Оразкүл Дәулетова, «Семсер» және «Арнау» топтары, «Ай-Дана» дуэті, жеке орындаушылар мен «Яссы» халықтық би ансамблі өнер көрсетіп мерекелік кештің мазмұнын айшықтай түсті. Астана күніне арналған мерекелік кеш тұрғындар мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ел бірлігін, Тәуелсіздік пен жасампаздықтың, руханияттың мерейін асқақтата түсті.

