Түркістанда ардагерлердің рухани сырласу клубы ашылды

Киелі Түркістан қаласында ардагерлерге арналған «Ақыл көзі» рухани сырласу клубы ашылды. Мұндай ортаны қалыптастыруға Медицина ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері, Түркістан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Рысбеков негізгі бастамашы болды. Сонымен қатар кеңес мүшелерінің қолдауымен ашылу салтанаты өтті. Рухани сырласу клубының отырысына ардагерлермен қатар жастар мен зиялы қауым мүшелері де қатысты. Кешті мәдениет саласының майталманы Пернекүл Нәлтаева жүргізді. Сырласу клубының ашылу салтанатында ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі термеші Аязбек Рүстемов дәстүрлі термелерді нақышына келтіре орындап, көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлады. Түркістан қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев құттықтау сөз сөйлеп, Ардагерлер кеңесіне және көпшілікке ізгі тілегін білдірді.

Кеш барысында жүргізуші Қыдырәлі Оспанұлынан клубтың не себепті «Ақыл көзі» деп аталғанын сұрады. Өз сөзінде ол: «Бүгін менің көңілімде ерекше толқу бар. Біз тағы бір ұйым ашу үшін жиналып отырған жоқпыз. Қоғамда ұйым да көп, жиын да көп, айтылған сөз де көп. Бірақ мені көптен бері бір сұрақ мазалайды: неге адамның білімі көбейгенімен, кейде мейірімі көбеймейді? Неге ақпарат артқанымен, парасат тереңдей бермейді? Неге кітап көбейгенімен, кітапқа деген махаббат өздігінен оянбайды? Неге адам көп нәрсені біледі, бірақ өзін толық тани алмай жатады? Меніңше, мәселе тек көзбен көруде емес. Адамда тәннің көзі бар, ол сыртқы дүниені көреді. Бірақ адамға тағы бір көз керек. Ол – ақыл көзі. Ақыл көзі құбылыстың сыртын емес, оның мәнін тануға ұмтылады. Ал ақыл жүрекпен үндескенде парасат қалыптасады. Сондықтан бұл клубтың атын «Ақыл көзі» деп атауды жөн көрдік. Біздің мақсатымыз – біреуге ақыл айту емес, бірге ойлану», – деп атап өтті.

Галилео Галилейдің «Адамды бір нәрсені қайталауға үйреткеннен гөрі, оған жаңалық ашуға көмектескен жөн» деген қанатты сөзіне сай өткен мазмұнды жиында дінтанушы, теолог, ғалым, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Дінтану кафедрасының аға оқытушысы Мұхит Төлегенов және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің баспасөз хатшысы, PhD докторант Азимхан Исабек өздерінің тағылымды ойларымен бөлісті. Мұхит Төлегенов Ясауи мұрасының құндылықтарын жан-жақты талдап берсе, Әзімхан Исабек Абай әлемінің көпшілікке беймәлім қырларын әңгімелеп, тыңдармандардың қызығушылығын арттырды. Кеш барысында ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым өз шығармаларын оқып, поэзия сүйер қауымға рухани серпіліс сыйлады. Дастархан басында жиналған қонақтар қоғамдағы өзекті мәселелер мен рухани құндылықтар төңірегінде еркін пікір алмасты. Кітапқа деген махаббатты қалай оятамыз? Ардагерлер кітап оқу арқылы жастарға қалай үлгі бола алады? Отбасылық кітап оқу мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Оқыған кітаптан түйген ойды өмірлік әрекетке қалай айналдырамыз? Зерделі ұлт қалыптасқан қоғамның рухани болмысы қандай болуы керек? Осы сауалдар төңірегінде Қазақстанның құрметті журналисі Сейдулла Садық, сот саласына еңбегі сіңген судья Сәкен Абсаматов, ардагер ұстаз Балтагүл Оспанова, Мәдениет саласының қайраткері, Қазақстанның құрметті кітапханашысы Раушан Сержанова, ардагер ұстаз Мейрамкүл Иманқұлова және басқа да ардагерлер өз ойларын ортаға салып, мазмұнды пікірлер айтты.

Кештің көркін бірқатар ардагерлердің өнері аша түсті. Олар домбыра мен мандолина аспаптарында күй орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Президентіміздің кітап оқу мәдениетін дамыту, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыру және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамаларын қолдау аясында өткен «Ақыл көзі» рухани сырласу клубы алдағы уақытта да өз жалғасын табатыны анық. Кездесу соңында дәстүр бойынша бата беріліп, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Шора Исмолдаев ақ тілегін жеткізді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген халық даналығының өміршеңдігін тағы бір мәрте айғақтаған бұл тағылымды басқосудың жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұнды өтуіне Түркістан қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, «Құрмет» орденінің иегері Баян Адырбек Қазақстанның құрметті журналисі Роза Нарымбетова, мәдениет саласының майталманы Пернекүл Нәлтаева және ардагер ұстаз Несіпкүл Өтебаева зор жауапкершілік танытып, үйлесімді ұйымдастырушылық жұмыстар атқарды. Олардың ортақ іске деген жанашырлығы мен белсенді еңбегінің нәтижесінде «Ақыл көзі» рухани сырласу клубы тағылымы мол, мазмұны терең, көпшілік көңілінен шыққан келелі басқосуға айналды.