Түркістан: Аналар кеңесінде лудомания мәселелері талқыланды
Түркістан қаласындағы Достық үйінде Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің II тоқсандық отырысы өтті. Отырыста Түркістан облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Гүлсара Тоққұлова модераторлық жасады. Іс-шараны облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Ұласбекқызы ашып, қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтудағы Аналар кеңесінің маңызды рөліне тоқталды.
Жиын барысында Аналар кеңесінің ардагері Дүйсенкүл Жамболова «Ана – отбасының жүрегі, қоғамның ұйытқысы» тақырыбында баяндама жасады. Қазақстанның даңқты боксшысы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбековаға «Ұлы Ана» медалі табысталып, ол «Ана мейірімі мен ұл ерлігі» тақырыбында сөз сөйледі. Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай «Дроперлер және оның алдын алу» тақырыбында баяндама жасап, қаржылық алаяқтықтың жаңа түрлерінен сақтану жолдарын түсіндірді. Бәйдібек аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Нағима Қырықбаева «Лудомания – қоғам дерті: алдын алу және отбасы рөлі» тақырыбында ой бөлісті. Түркістан облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкері, полиция подполковнигі Жандос Сейтханұлы Қапанов «Түркістан облысындағы криминогендік ахуал және жастар мен жасөспірімдер арасында маргиналдық топтардың құрылуының алдын алу» тақырыбында баяндама жасады.
Қазіргі таңда Түркістан өңірінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан 204 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Кеңестер құрамында 1223 мүше бар. 2026 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында 186 іс-шара өткізіліп, оған 23 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде «Салауатты сана» жобасы аясында 104, ал «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы бойынша 82 іс-шара ұйымдастырылды. Отырыс қорытындысында отбасы институтын нығайту, жастарды зиянды әдеттерден қорғау, лудоманияның алдын алу және қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейту мәселелері сөз болды.

