Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Тараз шаһарының басшысы Бақытжан Орынбеков қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Алдын ала жазылу арқылы ұйымдастырылған бұл қабылдауда тұрғындарды толғандырған әлеуметтік-тұрмыстық, инфрақұрылымдық және құқықтық сұрақтардың кең ауқымы қаралды.
Жиында ең көп көтерілген тақырыптардың бірі – тұрғын үй мәселесі болды. Азаматтар баспана кезегінің жай-күйі мен үй алу мүмкіндіктеріне қатысты сауалдарын қойды. Тұрғындарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана бөлу жұмыстары қазіргі таңда «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылатыны түсіндіріліп, олардың кезектегі орны мен санаттары бойынша нақты мәліметтер берілді. Сондай-ақ, әлеуметтік осал топтарға арналған жалдау ақысын субсидиялау бағдарламалары да кеңінен баяндалды.
Сонымен қатар, кездесуде шаһардағы инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері қызу талқыланды. Атап айтқанда, Говоров көшесіндегі ауыз су жүйесін жаңғырту, арықтарға бетон науалар орнату және «Қызылабад» шағынауданына жаңа электр желілерін жүргізу ісі қаралды. Жауапты сала мамандары бұл бағыттар бойынша жобалық-сметалық құжаттардың әзірленгенін, бірқатар жобалардың қаржыландыруға ұсынылғанын және олардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді.
Шаһар тұрғындары қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға қатысты да өз ұсыныстарын ортаға салды. Мәселен, «Телеорталық» алабындағы балалар ойын алаңын жаңарту, түнгі жарықтандыруды күшейту, ағаштарды бұтау, сондай-ақ «Талас» шағынауданындағы ойын және спорт алаңдарының жағдайын жақсарту мәселелері де назарға алынды.
Әлеуметтік бағыттағы өтініштер де басты назарда болды. Қабылдауға келген тұрғындардың бірі денсаулығына байланысты ем қабылдап жүрген баласына қаржылай көмек көрсетуді сұрады. Бұл ретте қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары отбасының тұрмыстық жағдайына арнайы зерделеу жұмыстарын жүргізіп, көмек беру мәселесін қарастыратын болды.
Қабылдау аясында бұдан бөлек көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу, қоқыс алаңдарының орналасу заңдылығы, даулы құрылыс нысандары, базарларды жаңғырту жұмыстары мен арық жүйелерінің жай-күйі де сөз болды. Ауқымды кездесу қорытындысы бойынша шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков көтерілген әрбір мәселені жіті бақылауда ұстап, заң шеңберінде жедел әрі сапалы шешу үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.


