Сарысу ауданының экономикасы оң динамика көрсетуде
Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша есеп берді. Әкім өз баяндамасында ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша аймақ экономикасында тұрақты оң динамика қалыптасқанын тілге тиек етті.
Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 87 миллиард 765,8 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 108 пайызға орындалды. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 114 миллиард 728,8 миллион теңгеге жетіп, 180,7 пайызды көрсетті.
Құрылыс жұмыстарының қарқыны да жоғары – бұл саланың көрсеткіші 23 миллиард 450,5 миллион теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда 292,8 пайызға өскен. Сонымен қатар, есепті кезеңде 3 178 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп (101 пайыз), бөлшек сауда тауар айналымы 1 миллиард 800,8 миллион теңгені (105,7 пайыз) құрады.
Аудан бюджетінің кіріс бөлігі де артығымен орындалып отыр. Мамыр айындағы жоспар 2 миллиард 953,3 миллион теңге болса, нақты түсім 3 миллиард 693,6 миллион теңгеге жетіп, meже 125,1 пайызға орындалды. Бюджеттің шығыс бөлігі 99,9 пайызға қамтамасыз етіліп, қаржының уақтылы игерілуі қатаң бақылауда.

