Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫНЫҢ АҚСАҚАЛДАРЫ СЫНДАРЛЫ ТҰСТА ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІМЕН БІРГЕ БОЛУҒА ШАҚЫРУДА

Еліміз үлкен саяси дағдарыстан өтті. Мемлекет басшысы оған аса ден қойып, дер кезінде шешімдер қабылдады. Елдегі жағдайларға байланысты Конституцияның кепілі – Президентіміз нақты тапсырмалар жүктеп, халқымызға маңызды үндеу жасады.

Қазақ халқы қашанда үлкенін құрметтеген, кішісінізеттеген. Құрметтеген қарияларымыздың қадір-қасиетін түсініп, қадір тұтқанының дәлелі ретінде Т.Рысқұлов ауданының ақсақалдары елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ауданға қарасты 15 ауылдық округте өткен кездесулерде ақсақалдар тыныштықты, татулықты, бірлікті сақтауға шақырып, қоғам тұтастығы – Тәуелсіздік кепілі екенін айтуда.

 

 

Cондай кездесулердің бірі бүгін Луговой ауылында өтті. Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, ардагерлер ұйымы жанындағы Әкелер кеңесінің төрағасы Қазыбеков Мелдебек және ауыл әкімі Мұратбек Сванов қатысты.

 

 

Бүгін Жамбыл облысының қызыл аймаққа өтуіне байланысты кездесу санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып өтті. Кездесуге 50-ге жуық ауыл тұрғындары жиналды.

Жиынға қатысушылар өз ойларын ашық айтып, Президенттің ел тыныштығы жолында атқарып жатқан әр ісіне сенім білдіретінін, әр ауылдың абыз ақсақалдары қашанда ел тыныштығының тұрақталуын қалап, өрімдей жастарды сабырлыққа шақыру керек екенін, еліміздің тұрақтылығы мен бірлігі өз қолымызда екенін жеткізді.

 

 

Кездесуде ауыл тұрғындарының ұсыныс-тілектері тыңдалып, бірқатар сауалдарына жауап берілді.

Мөлдір Тастанбек

Т.Рысқұлов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы