Аймақ басшысы Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласындағы әлеуметтік және көлік инфрақұрылымдары нысандарының жұмысымен танысты

17 қаңтар, дүйсенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин осы күндері жүктеме артып жұмыс жасап жатқан әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының жұмысымен танысты.

 

 

Соңғы екі аптада Ақтөбеде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстары кідірген. Қоқыс шығаратын мекемелердің жүргізушілерінің дені төтенше жағдай кезінде жұмысқа шықпаған.

 

Қазіргі таңда облыс әкімінің тапсырмасымен қала аумағындағы қоқысты шығару жұмыстары екі ауысымда жүргізілуде. Мәскеу, Сүт зауыты сияқты жеке секторларда кестеден айтарлықтай қалып отырғандары байқалады.

 

 

Облыс әкімі жиналып қалған қорқысты қысқа мерзімде шығарып, әрі қарай кестені сақтауды тапсырды.
Қарды тазалау және шығару бойынша да осындай нұсқау берілді. Қазіргі таңда бұл жұмыстарға 100 бірлік техника жұмылдырылған. 1 қаңтардан бері қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына 5 мың м3 қар шығарылды.

 

Тұрғындардың шағымдарына байланысты қала билігі Ақжар тұрғын алабы ауданындағы қарды жинаудан бас тартты.
Сонымен қатар, облыс басшысы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын кеңейту жұмыстарымен танысты. Қыркүйек айында басталған жұмыстар 70 % орындалыпты. Кеңейтесе полигон облыс орталығының тұрмыстық қалдықтар көлемін еңсере алмауда.
Қалалық тасымалдаушылардың қоғамдық көліктері бұрынғы кесте мен бағыттары бойынша жүріп жатыр.

 

«Тұрғындардан автобустарды ұзақ күтетіндері жайында шағымдар түседі. Жолаушыларды тасымалдау проблемасы жойылу керек. Тасымалдаушылардың субсидиялау туралы талаптарын қанағаттандырдық, біз қаржыны кешіктірген жоқпыз. Мұның бәрі тасымалдаушыларға қатысты. Бүкіл автобустың жұмысқа уақытында шығып, сапалы қызмет көрсетуін талап ету керек»,- деді Жолаушылар тасымалы басқармасының орталығына барған Оңдасын Оразалин.

 

Мемлекеттік бюджеттен субсидия алып, автобустардың дұрыс қатынамауына жол берген тасымалдаушылардың субсидияларының бөлігінен айрылатындығы туралы шешім қабылданды.
Бұдан бөлек, жолаушылар тасымалы сапасын жақсарту мақсатында бір ай ішінде Ақтөбеге жетпіс жаңа автобус әкелу жоспарланып отыр.
Қаланы аралау Сәңкібай батыр даңғылындағы жаңа көтерме-тарату орталығын қараумен жалғасты.

 

 

Орталық халық тұтынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында ашылды. Үлкен кешен облыс орталығының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қорды тиісті дәрежеде сақтауға мүмкіндік береді. ​
Тауарлар ірі сауда желілеріне делдалсыз, осы жерден тікелей жеткізіледі.
Сондай-ақ, өңір басшысы бүйрегі ауыратын азаматтарға ауадай қажет “Дару — Нефроз” қан тазарту медициналық орталығына және облыстық туберкулезге қарсы диспансерге барып, коронавирус ауруы бойынша ағымдағы
жағдайдың баяндамасын тыңдады.
«Облыста эпидемиологиялық жағдай нашарлап бара жатыр. Соңғы тәулікте 285 жаңа жағдай тіркелді. Бүгінде 128 адам стационарлық ем қабылдап, жеті адам реанимацияда»,- деді денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.
Оның сөзінше, ауруханаға жатқызу үш апта ішінде 3,5 есе өскен. Облыс бойынша реанимациялық кереуеттің 24%-на адам жатқызылған, стационарлардың жүктемесі 52% деңгейінде тұр.

 

 

Облыс әкімі эпидемиологияға қарсы талаптардың сақталуын, екпе алуды қадағалау жұмыстарын күшейтуді, ​ дәрілік заттардың, жеке қорғаныс заттары мен дезинфекция қорын бақылауды тапсырды.