Т. Рысқұлов ауданында «Борышкер – 2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда
Ағымдағы жылдың 8-10 қараша күндері Жамбыл облысы көлемінде өткізілген «Борышкер – 2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы Т. Рысқұлов ауданында да бастау алды. Шараның негізгі мақсаты – борышкерлерге салынған айыппұлдарды өндіріп, тұрғындардың төлемдерді уақтылы орындауын қамтамасыз ету, сондай-ақ құқықтық сауаттылықты арттыру болып табылады.
Аудан аумағында жүргізіліп жатқан рейдтік жұмыстар барысында мамандар борышкерлерге айыппұлды өтеу тәртібін түсіндіріп, берешекті дер кезінде төлеудің жауапкершілігі жөнінде ақпарат беруде. Құзырлы органдар өкілдері тұрғындармен жеке жұмыс жүргізіп, кеңес беріп, төлем мәселелерін шешуге көмек көрсетеді.
Іс-шараға аудандық полиция бөлімі, аудандық прокуратура, мемлекеттік кірістер басқармасы және басқа да жауапты мекемелердің қызметкерлері қатысуда. Бірлескен жұмыс барысында борышкерлерге құқықтық түсініктеме беріліп, төлемдерді уақытылы орындаудың маңыздылығы түсіндірілуде.
Жалпы, жыл басынан бері «Борышкер – 2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аудан аумағында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Нәтижесінде борышкерлерден 2 221 түбіртек өндіріліп, 44 миллион теңгеден астам қаражат жиналды. Бұл көрсеткіш аудандағы құқықтық тәртіпті сақтау мен төлем мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстың нәтижелі жүргізіліп жатқанын айқын көрсетеді.
Алдағы уақытта да Т. Рысқұлов ауданында борышкерлермен жұмыс жалғасын тауып, құқықтық тәртіпті сақтау және тұрғындардың қаржылық жауапкершілігін арттыру бағытында іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылатын болады.

