Рысқұлов ауданында жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі жүргізілуде
Рысқұлов ауданында автомобиль жолдары желісін дамыту және олардың сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзақтығы 665,48 шақырымды құрайды, оның ішінде 1-санаттағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдары – 98,2 шақырым, 3-санаттағы облыстық маңызы бар жолдар – 129,85 шақырым, 4-санаттағы аудандық маңызы бар жолдар – 100,03 шақырым, ал 5-санаттағы елді мекендерге тиесілі 352 көше жолының жалпы ұзақтығы – 337,4 шақырым.
Қазіргі таңда аудандық және елді мекендердегі көше жолдарының 93,8 пайызы қанағаттанарлық жағдайда, бұл аудан бойынша жол инфрақұрылымын күтіп ұстау мен жөндеу жұмыстарының жүйелі әрі нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
2025 жылы автомобиль жолдарын күтіп-ұстау және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін аудандық бюджеттен 111,3 млн теңге қаражат бөлінді. Айта кету керек, 2024 жылы бұл мақсатқа 83,5 млн теңге бағытталған болатын. Қаржыландыру көлемінің артуы жол сапасын жақсартуға, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Алдағы кезеңде де Рысқұлов ауданында жол инфрақұрылымын одан әрі дамыту, елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсарту және аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады.

