Сарысуда республикалық ақындар айтысы өтуде

⚜️Дәл қазір Сарысу ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасының «Еңбек ері», КСРО Халық әртісі, актёр, жерлесіміз Асанәлі Әшімовтың 85 жас мерейтойына арналған «Алашқа абыз, өнерде аңыз» атты республикалық ақындар айтысы өтуде.
⚜️Айтыстың ашылу салтанатында тиісінше алғаш болып сөз алған мерейтой иесі аса үлкен дайындық және ыждағатпен құрмет көрсетіп жатқан аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев бастаған атқамінер азаматтар мен ауыл ағайындарына алғысын жеткізді. Ақ батасын берді.
⚜️Сондай-ақ, салтанатты рәсімнің басынан табылған көршілес Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек абыз ақсалдың иығына зерделі шапан жауып, жары Бағдат Әшімоваға гүл шоқтарын табыс етті.
⚜️Республикалық өнер додасының тізгінін ұстаған айтыскер ақын Алик Бекмұсаев сахна төріне барлық айтысқа қатысушы ақындарды шақырып, көпшілікке таныстырды. Олардың қатарында Жамбыл облысынан: Алтынкүл Қасымбекова, Асхат Қылышбеков, Айтмұханбет Исақов, Нұрлыбек Құрманов, Қанат Мырзахан, Талғат Құсайынов, Әсет Дүйсебаев, Есет Досалы бақ сынауда.
⚜️Ал, республикалық ақындардан: түркістандық Бекарыс Шойбеков, сыр елінен Нұрмат Мансұров, елордалық Олжас Отар, алматылық Нұрзат Қару, шырайлы Шымқаладан Біржан Байтуов, батыс Қазақстаннан Марат Ахметов қатысуда.
⚜️Айта кетейік, аламан айтыста қарсыластар жеребе арқылы анықталды.
Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ,
Сарысу ауданы әкімдігінің Баспасөз хатшысы