АЛАШТЫҢ АҢЫЗЫ АСАНӘЛІ ӘШІМОВ 85 ЖАСТА

ҚР «Еңбек ері», КСРО Халық әртісі, актёр, жерлесіміз Асанәлі Әшімов 85 жас мерейтойы қарсаңында туған топырағы — саялы Сарысуға атбасын бұрды.

Рамазан айының соңғы күні ең әуелі ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Созақ ауданына қарасты Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесіне табан тіреп, зиярат етті.

Қасиетті жердің кіре беріс қақпасында облыс әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет, жазушы Пернебай Дүйсенбин бастаған бір топ жергілікті делегация Алаштың абызын аса үлкен ықыласпен тосып алды. Республикаға кеңінен танымал айтыскер ақын, жерлесіміз Алик Бекмұсаев алып тұлғаға жүрекжарды арнау айтса, аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері ән мен жырдан шашу шашты.

Абыз ақсақал әулиенің басына барып, құрбандық шалып, құран бағыштады. Жиылған қауымға осында өткен балалық шағы туралы естеліктерімен бөлісіп, өмірлік ақыл-кеңесін айтты.

Айта кетейік, жалпы биіктігі 28 метрді құрайтын мемориалдық кешен 2006 жылы пайдалауға берілген. Тарихи маңызы бар кешенге республиканың түпкір-түпкірінен келушілердің қатары өте көп.

☑️Сарысу ауданы әкімдігінің Баспасөз қызметі