Сарысуда мемлекеттік қызмет, полиция және сот саласы мамандарының кәсіби мерекесі жоғары деңгейде атап өтілді

Сот, полиция және жергілікті атқарушы органдар – мемлекеттің берік діңгегі, ал мемлекеттік қызметші болу – биліктің биік бейнесі мен іскерлік қабілетін көрсететін, үлкен жауапкершілікті талап ететін мәртебелі міндет. Жаңа жаһандану заманы мен технологиялар дамыған қоғамда тиімді әрі кәсіби аппарат қалыптастыру – мемлекет дамуының басты кепілі болып табылады.

Осы орайда, аудандық мәдениет үйінде 23 маусым – ҚР Мемлекеттік қызметшілері күні, Полиция күні және 24 маусым – Судья және сот қызметкерінің кәсіби мерекесіне арналған «Елге қызмет – абыройлы міндет» атты салтанатты жиын өтті. Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен ашылып, ерекше рухпен басталды.

Үш бірдей маңызды сала мамандарын біріктірген жиында аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, бұл мамандық иелерінің жұмысы тікелей елмен, халықпен тығыз байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ олардың қиын да жауапты қызметтеріне қажымас қайрат пен зор денсаулық тіледі. Мерекелік ізгі тілектерді аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков пен аудандық police бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ринат Оразбайұлы да жалғап, әріптестерін айтулы күнмен құттықтады.

Шара барысында өз саласында елеулі жетістіктерге жетіп, үздік атанған бірқатар қызметкерлер Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен, сондай-ақ «Ауданға сіңірген еңбегі үшін!» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, мінсіз қызмет атқарған мамандарға аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың және аудандық полиция бөлімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары салтанатты түрде табыс етілді.

Салтанатты жиынның соңы зор концерттік бағдарламаға ұласып, белгілі эстрада жұлдызы Мөлдір Әуелбекова сарысулықтарға әсем әннен шашу шашты. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әуезді әндер шырқап, «Айжанқыз» халықтық би ұжымы өздерінің мың бұралған билерімен мерекелік кештің көркін кіргізіп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.