Мемлекеттік қызметшілер күнінде аудан әкімі Сәкен Мамытов жоғары марапатқа ие болды

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні мерекесіне орай, Тараз қаласында елеулі марапаттау рәсімі өтті. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев аудан басшысы Сәкен Мамытовты арнайы қабылдап, кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтады. Кездесу барысында өңір басшысы Сәкен Үмбетұлының елмен етене жақын болып, халықтың мұң-мұқтажы мен тілектеріне әрдайым құлақ асатынын, аймақтағы өзекті мәселелердің оң шешілуіне зор үлес қосып келе жатқанын ерекше атап өтті. Осы қажырлы еңбегі мен мемлекеттік қызметтегі мінсіз беделі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен аудан әкімі Сәкен Мамытов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Жоғары мемлекеттік марапатты облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы салтанатты жағдайда табыс етіп, әріптесіне алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру жолындағы жұмыстарына сарқылмас күш-жігер мен қажымас қайрат тіледі. Өз кезегінде марапат иесі Сәкен Үмбетұлы өзіне көрсетілген жоғары сенім үшін алғысын білдіріп, мемлекет пен халық алдындағы жауапты міндеттерді алдағы уақытта да мүлтіксіз орындауға және артылған үлкен үмітті ақтауға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді. Мемлекеттік қызметтің абыройын асырған бұл марапат – ауданның дамуы жолында атқарылып жатқан ауқымды істердің шынайы бағасы іспетті.