Құран жаттаудың ғибраты мол

Өткен жексенбі күні Машхүр Жүсіп орталық мешітінде  қыз  келіншектерге  арналған сауат ашу  курсының  шәкірттері  арасынан  Құран сайысы өтті. Шараны мешіт жанындағы «Әйел-қыздар»  секторы ұйымдастырды.

Павлодар  облысында  қыз  келіншектер  арасында  Құранды  жаттау  және оны оқу  сайысы  әр  жыл сайын  өткізіліп келеді. Биылғы  жарыстың  бұрыңғыдан  өзгешелігі  —  қатысушлар қазақша  мағынасымен  бірге  жаттау болды. Сайыс «Ясин  сүресін жаттау», «Мүлік  сүресін жаттау» және  «22 сүре жаттау» деп аталатын үш номинация бойынша өтті. Барлық  номинация қатысушыларына  қойылған  шарт бір. Ол – Құран сүрелерін тажуид ережелеріне  сай және жатқа оқу. Сонымен  қатар жаттаған  сүрелердің  қазақша  мағынасын да айтып беруі керек. Сайысқа қала мешіттерінің 16 жастан жоғарғы  шәкірттері қатысты. Араларында зейнет жасындағы әжелер де болды.

Сайыстың ашылуына Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы келіп Құран жаттаудың  маңызы  жөнінде  уағыз  айтып  қатысушыларға сәттілік тіледі. Кейін мешіт жанындағы «Әйел-қыздар» секторының  меңгерушісі, Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің ұстазы Тұрғынбай Ақерке  көрерменге  сайыс  шарттарын  түсіндіріп, қазылар алқасымен  таныстырды. Сонымен қатар, Құран ғибраты туралы айтылған Пайғамбар хадистерінен мысал келтірді.

— Құран адам баласын  екі  дүниеде бақытқа  жеткізетін  көшбасшы. Құранды оқып амал еткен сайын кемелдене түседі және арамдықтан  алыстатып,  рухани  тазаланады. Алла Елшісінің хадистерінде Құран оқу адамды бүкіл болмысымен ізгілікке бет бұрғызатынын айтады. Бір хадисінде: «Егер Құран оқитын мұсылманның ішкі дүниесіне үңіліп қарасаң, оның тап-таза екенін көресің, егер де жүріс-тұрысына қарасаң, оның көркем мінез-құлықты, биязы екенін көресің» делінген. Міне, осы секілді өсиеттер көптеп кездеседі, — деді ол.

Сайыс қорытындысына келсек, «Ясин сүресін жаттау» номинациясы  бойынша бірінші  орынды орталық мешіттің шәкірті Жамал Сәрсембаева жеңіп алды. Екінші орынды Бижан мешітінің шәкірті Алмагүл Мерканова иеленді. «Мүлік  сүресін жаттау» бойынша Бижан мешітінің шәкірті Ұмсынған Тұрғанбекова жеңіске жетті. Екінші орын орталық мешіт шәкірті Жадыра Нұрманға бұйырды. Үшінші  орынды орталық  мешіттен қатысқан  Айгүл Ақжолова алды. «22 сүре жаттау»  бойынша бірінші орын орталық мешіттің атынан қатысқан Диана Қазымбаеваға, екінші орын Алмагүл Арстамхановаға, үшінші орын Бақытжанға Тілеубаеваға берілді. Барлық қатысушылар  арнайы сертификатпен марапатталып, ақшалай  сыйлықтар берілді. Сайысты тамашалауға келген көрермендер арасында викториналық сайыс ұйымдастырылып, қасиетті Құран кәрімге қатысты сұрақтар қойылды. Дұрыс жауап берген жамағаттарда құр қайтқан жоқ.

Тілеуберді САХАБА