Отбасылық сайыс

Павлодар облысының Успен ауданы орталығындағы балалар жасөспірімдер спорт мектебінде «Жастар жылына» арналған «Әкем, анам және мен» атты аудандық спорттық ойын өтті. Жарысқа оқушылармен қатар, ата-аналар да қатысты. Мақсаты – балаларды спортқа баулу және ата-аналарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.

Шара аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен өтті. Жарыстың шарты бойынша әр командада үш адамнан болуы керек: әкесі, анасы және баласы. Яғни, 13 жасқа дейінгі ұл немесе қыз бала. Әркомандада өзінің атауы, ұраны және бірыңғай спорттық формасы болды. Сонымен, олар спорттың сегіз түрі бойынша бақ сынасты. Жеңіске деген ұмтылыс оқушыларды да, ата-аналарды да тоқтата алған жоқ. Барлығы жоғары деңгейде өнер көрсетіп, өз күштерін дәлелдеді. Жарыс қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған Исеновтер отбасы бірінші орын еншілесе, екінші жүлде Өайдаровтарға бұйырды. Сондай-ақ, үшінші орынды екі отбасы еншіледі. Олар – Ахмет және Абдіқадырлардың командасы. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер Алғыс хатпен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Жарыстың сәтті өтуіне №1 жалпы орта білім беру мектебінің дене шынықтыру пәндерінің мұғалімдері — В.Демитриченко, А. Бут, М. Сагайдак, А.Қалиев сынды азаматтар айрықша үлес қосты.

Тілеуберді САХАБА