Жанастың жарқын бейнесі

Қазақ киноматографиясының дамуы жолында Павлодар өңірінен шыққан режиссерлер мен  артистердің сіңірген еңбегі ересен. Баянауыл топырағынан түлеген қазақ кино өнерінің жарық жұлдыздары – Шәкен Айманов пен Кәукен Кенжетаевтардың соңынан іле шала шығып, кино әлемінде кең танылған есімдердің бірі – Жанас Ысқақов. Жақында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде актердің 70 жылдығына арналған еске алу кеші өтті. Шараға марқұмның туыстары мен өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты.

 

Ол Баянауыл ауданына қарасты Торайғыр елді мекенінде өмірге келген. Биыл артистің дүние есігін ашқанына 70 жыл болса, дүниеден озғанына 15 жыл уақыт өтіпті. Жанас Ысқақовтың балалық шағы Баянауыл тауларының етегінде, Торайғыр көлінің жағасында өткен. Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық  драма театры жанындағы театр студиясына оқуға түсіп, оны 1972 жылы бітірді. Содан кейін Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын театр және кино актері мамандығы бойынша аяқтаған. Ол өнер саласындағы еңбек жолын С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрынан бастаған. Сол жерде Шекспирдің «Асауға тұсау», Карло Гольдонидің «Екі мырзаның қызметшісі» комедияларында басты рөлдерді сомдаған. Одан кейін Алматыға келді. Ол өмірінің соңына дейін 30-ға жуық картинаға түсіп, кейбірінде басты рөлдерді сомдаса, кейбірінде эпизодтық рөлдерден табылып жүрді. Алғаш түскен туындысы – «Махаббат машақаты» деп аталады. Одан кейін кинодраматурга Кәрім Танаевтың сценарийі бойынша түсірілген «Сенімен біргемін» фильміне шақырту алды. Содан кейін әр жылдары О.Бодықовтың «Қанжар мен домбыра» трагедиясында, Аяған Шәжімбайдың «Жансебіл» драмалық туындысында және «Ғажайып Түркістан», «Махаббатты ұғынысу», «Бауырым менің Маугли», «Нан мен тұз», «Қылмыс арасындағы жұмақ» сынды кинокартиналар арқылы ел есінде қалды. Жерлесіміз ең соңғы рет Ақан Сатаевтың «Көшпенділер» тарихи фильмінде бой көрсеткенін білеміз. Есіңізде болса сондағы Жоңғар ханының құлағына келіп: «Бөлтірік көкжал болды, көзін құрт. Әйтпесе, жолыңды кеседі» деп сыбырлап кететін бақсының кейпіндегі адам – Жанас Ысққов еді. Өкінішке қарай, актер бұл рөлін соңына дейін жеткізе алмай, жарық дүние есігін жапты. «Көшпенділер» фильмінің түсірілімі аяқталуына аз күн қалғанда қайтыс болды. Нақтырақ айтқанда 2004 жылы тамыз айының 18-ші жұлдызында Алматының қақ ортасында, Сайн және Б.Момышұлы көшелерінің қиылысында жол апатына түсіп, әйелі Қыздығой Мәлікқызы екеуі бірдей жан тапсырды. Оның  артында бір ұлы және үш қызы қалды. Балаларының барлығы ержетіп, өмірден өз орындарын тапты. Шаңырақ иесі, жалғыз ұлы Диас Алматыда заңгер болып қызмет істейді. Ал, үлкен қызы Элбира сот саласында, Динара бизнес саласына кетсе, кіші қызы Назерке ғана өнерді таңдап, валерина мамандығын меңгерген. Бүгінде Астана валет театрында жұмыс істейді. Жанас Ысқақов өзі де үш ағайынды болған. Үлкен ағасы Манаш та осыдан бес-алты жыл бұрын дүниеден өтсе, жалғыз әпкесі Дина Ахметқызы қазір Алматыда тұрады. Дина апайдың айтуынша, қазақ киносының жарық жұлдызы Шәкен Айманов оларға нағашы болып келеді екен.

— Шәкен аға біздің анамыздың құрдасы әрі туысы болып келеді. Сондықтан, біз ол кісіні нағашы деп атап кеткенбіз. Бала күнімізде бізің үйге жиі келіп тұратын. Жанастың бойындағы өнер осы кісіден дарыған болса керек. Біз оның ерекше дарын иесі екенін бала күнінде байқағанбыз. Мектепте оқып жүрген кезінде қазақтың танымал тұлғаларының бейнесін айнытпай салып жүрді. Ол бірде Шоқан Уәлихановтың әскери формасы секілді киім тігіп, бізді таңдандырғаны бар еді. Жанас өте мейірімді әрі аңғал бала болатын. Оқушы кезінде бір баламен ерегесіп, жаға жыртысып жатқанын көрген емеспін, — дейді әпкесі.

Тілеуберді Сахаба.