«Қазфосфаттың» «Таразға тартуы»

«Таразға Тарту» жобасы аясында еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыс орталығындағы саябақтар мен скверлер абаттандырылып, жаңғыртылуда. «Қазфосфат» ЖШС басшылығы қаламыздың көркейуі үшін жасалып жатқан жақсы бастамаларды қолдап отыр.

 

Серіктестіктің бас директоры Нұрхан Нұрланов «Зербұлақ» көлінен Қонаев көшесіне дейінгі «Үшбұлақ» каналының жағалауын абаттандыру жобасына инвестиция салу туралы шешім қабылдады. Жоба ағымдағы жылдың қараша айына жоспарланған.

 

 

Жұмыс аяқталғаннан кейін қала тұрғындары мен қонақтарының бір сәт тынығып, сейіл құруына арналған тағы да бір мәдени-тынығу орын ашылады. Жоспар бойынша жағалау бойымен ені 2 метрлік жаяу жүргіншілер жолы төселеді, көлден Қонаев көшесіне дейін жол төселеді, оның периметрі бойынша қоршау ауыстырылады.

 

Әдемі панорамалық көріністі көркейте түсу үшін пирстер мен платформалар салу жоспарлануда. Канал жағасына ағаш көшеттері отырғызылады. Аспалы көпір де қайта жөндеуден өтеді, ал балаларға арналған ойын алаңшасын ашу да жоспарда бар. Қазіргі таңда реконструкция және құрылыс жұмыстарына 25-тен астам жұмысшы тартылған, жұмыс жалғасуда. Жоба мердігері – «Жасыл ел-Тараз» ЖШС.

 

 

 

Жасұлан СЕЙІЛХАН,
Тараз қаласы