ӨЗГЕГЕ ӨМІР СЫЙЛА!

«Қазфосфат» компаниясының қызметкерлері қан тапсырды

«Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері Тараз қаласындағы облыстық Қан орталығына жыл сайын қан тапсырып тұрады. Жуырда 50-ге жуық қазфосфаттық кезекті мәрте Қан орталығы мамандарын өндіріс ошағына шақырып, өздері ұйымдастырған «Донор күні» акциясы аясында қан тапсырды. Айта кетерлігі, бұл акцияны қазфосфаттықтар өздері ұсынды және олар өз еріктерімен қан тапсырды.

 

Осы мақсатта облыстық Қан орталығының мобильді тобы Тараздағы Минералды тыңайтқыштар зауытына арнайы келді.
– Донор – өз қанын басқаға беретін адам. «Donor» сөзі латынның «донаре» етістігінен шыққан, яғни беру дегенді білдіреді. Қан беру арқылы сіз өзге біреудің өмірін құтқарасыз! Өздеріңіз білетіндей, әр донор бірнеше кезеңнен өтеді.

 

Бұл зауыт аумағында қан тапсыруға қажетті барлық құрал-жабдықтар бар. Әрине, донор өз жолын тіркеу бөліміне хабарласудан бастайды. Қажетті құжаттарын ұсынған соң арнайы сауалнаманы толтырып, өзінің денсаулығы мен өмір салты туралы маңызды ақпараттарды көрсетеді.

 

 

Осыдан кейін медициналық тексеруден өтіп, қанын талдауға тапсырады. Мұнда биохимиялық анализатордың арқасында он минут ішінде қорытындысын аламыз. Адамның донор бола алатыны осы талдаудың нәтижесіне байланысты. Одан бөлек, қан тапсырар алдындағы негізгі талаптардың бірі – диета. Қан көбінесе таңертең қарын аш кезде беріледі (немесе түстен кейін және кешкі уақытта, соңғы тамақтан кейін төрт-бес сағаттан кейін).

 

 

Бір-екі күн ішінде донор майлы тағамдарды жемеуі керек. Зерттеу алдында (24 сағат ішінде) ішімдік ішпей, денеге ауыр физикалық күш салмай, дәрі-дәрмектерді де (тек дәрігердің келісімі бойынша) тұтынбау керек. Қан тапсырудан екі сағат бұрын темекі шекпегеніңіз жөн, шырын, шай, кофе ішпеңіз, ал газдалмаған су ішуге болады. Физикалық стреске (жүгіру, баспалдақпен жылдам көтерілу), эмоционалды толқуға жол бермеңіз.

 

 

Қан тапсырудан 15 минут бұрын тынығып, тынышталған абзал, – деп облыстық Қан орталығының терапевті Сабина Балқыбекова донорларға қан тапсырудың талап-ережелерін кезекті мәрте түсіндіріп өтті. Әрине мұндай ақпараттың пайдасы өте мол.
Стандарт бойынша әр адам 450 миллилитр қан тапсырады.

 

 

Бұл жолы да донорлардың арасында қаны ерекше топқа жататын жан, яғни Жер бетінде сирек кездесетін қан иесі болды.
– Біздің планетада қаны осындай топқа жататындар саны шамамен бес пайыз екен. Біз әмбебап донормыз, өйткені біздің қанымыз бәріне жарай береді. Мен өзім екі жылдан бері донормын және екі айда бір рет маған осы орталықтан хабарласып, шақырып тұрады. Одан менің денсаулығым нашарлап, қаным азайып бара жатқан жоқ. Керісінше, бұл менің дене бітімімді сақтауға және денсаулығыма күтім жасауға көмектеседі. Мен мұны қандай да бір ақшалай сыйақы алу үшін немесе «Құрметті донор» мәртебесін алу үшін жасап жүрген жоқпын. Біреудің өмірін құтқара алатыныма қуаныштымын. Басқа адамдарға өмір сыйлағаннан артық қайырымдылық жоқ шығар, – дейді «Қазфосфат» ЖШС шаруашылық басқармасы филиалының директоры Бексұлтан Жалиев.

 

 

Ерекше айта кетерлігі, «Қазфосфат» ЖШС-нің көптеген қызметкері біраз уақытан бері тұрақты донор болып келеді және осындай акцияға үнемі қатысып отырады.

Жасұлан СЕЙІЛХАН,
Жамбыл облысы