Қазақтың қазанатын бірге сақтайық!

2022-ні бір сүйінші хабармен бастап отырмыз, ағайын.

Жағымды жаңалық сол – «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» корпоративтік қорының жылжабар тұста өткен қамқоршылық кеңесі «Қазақтың қазанаты – Қостанай жылқысының бәйге жарыстарын өткізу» жобасына қолдау білдірді.

Қостанай жылқысы – бүгінгі таңда жоғалудың аз-ақ алдында тұрған біздің асыл мұрамыз. 1889 жылы патшалық Ресей өкіметі қазақтың қазанатын негізге ала отырып, Қостанай жылқы зауытын құрады.

Екі дүниежүзілік соғысқа, аштыққа, репрессияға қарамастан Қостанай тұқымының селекциясы үздіксіз жалғасты. 60 жылғы сұрыптау нәтижесінде 1951 жылы Қостанай жылқысы зауыт тұқымы ретінде танылады.

Кеңес өкіметі уақытында Қостанай жылқысы КСРО-ның ең үздік жылқы тұқымдарының қатарына қосылды. Бүкілодақтық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы болған аттар да осы зауыттан шыққан. Заказ, Билетер, Гостинец деген Қостанай аттары өте танымал жүйріктер қатарында болды.

Алайда, кезінде аты дүрілдеген жылқы тұқымы қазір жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұр. 1969 жылғы санақ бойынша саны 44 000-ға жеткен Қостанай жылқысынан қазір зауытта бар-жоғы 50-ге жетер-жетпес басы қалған. Енді бір аз ғана тобы жеке аза-маттардың қолында.

Қостанай жылқысын сақтап қалу жолындағы қадамдарымыз өткен жылдың көктемінен басталған.

19 сәуірде Ұлттық спорт қауымдастығының Қостанай жылқы тұқымын сақтау және дамыту туралы арнайы жиынын өткізіп,
асыл тұқымды жылқыны сақтап қалу жолдарын Аманжол Хасенов, Талғат Жайсаңбаев, Айгүл Амандықова және басқа да сала мамандары, атбегілермен бірге талқыладық.

Содан кейін жиналыстың шешімдерін, қостанай жылқысының қазіргі нашар жағдайын ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Лұқпанұлы Тоғжановқа таныстырған едік.

Ералы Лұқпанұлы да мәселеге жіті назар аударып, түйінді сұрақтың күрмеуін шешуге белсене кірісті.

Осылайша, тура алты ай бұрын, 1 шілдеде Үкіметте Премьер министрдің орынбасарының төрағалығымен Қостанай жылқысы тұқымын сақтау және дамыту бойынша үлкен жиын өтті.

Пәрменді әрекеттер нәтижесінде, Қостанай жылқысын сақтап қалу, дамыту үшін арнайы жол картасы бекітілді. Қостанай жылқысының тұқымын дамыту үшін мақсатты қаржыландырудың ұзақ мерзімді бағдарламасын әзірленді. Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Елбасы кубогі» республикалық турнирінде алғаш рет қомақты жүлде тігіліп, қостанай жылқысының бәйгесі жасалды.

Енді міне, 2022 жылғы Мәдениет және спори министрлігі бекіткен спорттық бұқаралық іс-шаралардың күнтізбесіне 6 республикалық деңгейдегі турнир енгізілді. Соның аясында қостанай тұқымды жылқылар мен қостанай будандары ғана қатысатын 22 бәйге жарысын өткізу жоспарланып отыр.

Игілікті бастамаға қолдау білдіріп, жанашырлық танытқан Ералы Лұқпанұлына, өткен жылдан бері қазақоың жалғыз зауыттық асыл тұқымы аман қалсын деп шырылдап жүрген барша азаматтарға алғыс айтамын.

Қазақтың қазанатын бірге сақтайық, қостанай жылқысына көңіл бөлейік,аттарымыз бәйгелі бола берсін, ұлттық брендіміз өз биігінен табылсын!

Бекболат Тілеуханның фейсбук парақшасынан