“Қазақстан халқына” қорының басшысы Қарағанды облысының жұртшылығымен кездесті

“Қазақстан халқына” қоры қоғамның бағалауы мен ұсынымдарын ескере отырып, өз жұмысының форматын өзгертпекші. Қарағандыға қор төрағасы Болат Жәмішев келді.
Облыс әкімдігінде өткен кездесуде өңірдің қоғам белсенділері өз ұсыныстарын білдірді. Өтініштердің көпшілігі денсаулық сақтауды қолдауға, ерекше балалар мен мүгедек адамдарға көмек көрсетуге қатысты болды.
– Қыркүйек айында біз азаматтық қоғам өкілдерін, қор донорларын, қазақстандық ірі кәсіпорындар мен кәсіпкерлерді, Үкімет мүшелерін, депутаттарды шақырумен үлкен онлайн-конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы конференцияда біз Қордың жаңа тұжырымдамасын, қайырымдылық бағдарламалар мен жобалар проспектісін бекіткіміз келеді. Сіздердің ұсыныстарыңызды есту біз үшін маңызды. Осы мақсатта өңірлерді аралаймыз, – деді Болат Жәмішев.
Төраға қордың жұмысы және жаңа бастамалар туралы айтып берді.

– Біз қазір ауылдық білім беруді қолдау жөніндегі тиімді жобаларды іздестірудеміз. Арнайы мектеп-интернаттарды жабдықтау бойынша жоба дайындап жатырмыз. Бұл бағдарлама 99 мектептен өтінім алды, 30-нан бастауды жоспарлап отырмыз. “100 спорт залы” бағдарламасын қаржыландыру басталды, – деді Болат Жәмішев.
Ол осы бағыттағы бастамаларға жүгінуге шақырды. Қор басшысы ұсыныстардың бірде-бірі назардан тыс қалмайтынына сендірді.
– Жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік көмек көрсету бойынша жұмыс істеуде. Мысалы, орфандық аурулары бар емделушілерге арналған дәрілік препараттарды сатып алу бюджеттен қаржыландырылды. Жүйелі мәселелерді өз деңгейінде шешуге тырысамыз. Меценаттар, демеушілер де көмектеседі. Бірақ әлі де проблемалар бар, сондықтан Қормен өзара іс-қимыл нүктелерін тапқымыз келеді, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
Кездесу “Қазақстан халқына” ҚҚ мен Қарағанды облысының әкімдігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюмен аяқталды.

Жомарт Шаймұрат