Павлодар облысының қар тазалаушылары тәулік бойы жұмыс істейді

Өткен демалыс күндері өңірде қар көп түсті. Қар тазалау жұмыстарына 200 бірлік арнайы техника мен 300 жұмыскер жұмылдырылды.

Павлодар облысында қар 5-8 желтоқсан күндері көп жауды. Облыс орталығының айналма жолдары мен көшелерінен алты мың тоннадан астам қар шығарылды. Жалпы, қар түскен кезден бері облыстағы елді мекендердің аумағынан 21 мың тоннадан астам қар шығарылды.

— Біз тәулік бойы жұмыс істейміз, — дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өндірістік бөлімінің басшысы Инна Бейм. – Осы күндері облыстық маңызы бар жолдарға қызмет көрсететін ұйымдардың 100 бірлік техникасы қар тазалап, жолдарға 160 тонна көктайғаққа қарсы қоспа төкті.

Басқарманың ақпараты бойынша қар тазалау жұмыстары барысында қар көп түсетін Ивановка – Трофимовка, Качиры – Михайловка, Чернорецк – Ольгино – Успенка – Шарбақты, Павловка – Галицкое, Беловка – Қалқаман және Шақат — Восточное – Шалдай автомобиль жолдарына басымдық беріледі.

Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы үш мың шақырымға жуық. Облыстық маңызы бар жолдардың қашықтығы 1 010,017 км болса, аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 2 964,4 км-ді құрайды. Республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы — 1662 км, оның ішінде 1456 км жолға «Қазақавтожол» ЖШС-ің облыстық филилалы қызмет көрсетеді. Филиалдың қызметкерлерінің айтуынша арнайы техника республикалық маңызы бар жолдардың 30 км-ден астам аумағында үш мың тоннадан астам көктайғаққа қарсы материал төседі.

— Алғашқы қар жауған кезден бір Павлодар қаласында 14 мың тонна қар шығарылды, — дейді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының тұрғын үй шаруашылық бөлімінің басшысы Нұржан Алдыбаев. – Соңғы күндердің ішінде шығарылған қардың көлемі 6 мың тоннаға жетті. Екібастұзда 5255 тонна, ал, Ақсу қаласында бір мың тоннаға жуық қар шығарылды.

Әлихан Рахметоллаұлы