Отбасы – қоғамның ең маңызды тірегі
Отбасы – ұлттық құндылықтардың қайнар көзі. Берік отбасы қалыптасқан жерде ұрпақ тәрбиесі де, ел болашағы да нық болады. Сондықтан отбасы құндылықтарын нығайту – мемлекет пен қоғам алдындағы ортақ міндеттердің бірі. Отбасындағы сыйластық, өзара құрмет, жауапкершілік пен қамқорлық бала тәрбиесінің негізін қалайды. Әке мен ананың өнегесі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты дәстүрлер жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді қалыптастырады.
Бүгінде қоғамдағы өзгерістер отбасы институтына да әсер етуде. Ақпараттық технологиялардың дамуы, жұмысбастылық, әлеуметтік мәселелер отбасы мүшелерінің бір-біріне уақыт бөлуін азайтып барады. Осындай жағдайда отбасы ішіндегі байланысты нығайту, ортақ құндылықтарды сақтау маңызды. Бір дастарқан басында жиналу, бірге демалу, ұлттық салт-дәстүрлерді ұстану – отбасы бірлігін арттыратын тиімді жолдардың бірі. Отбасындағы тәрбиенің басты мақсаты – саналы, жауапты, отансүйгіш азамат қалыптастыру. Баланың бойына еңбекқорлықты, мейірімділікті, адалдықты сіңіру алдымен ата-ананың іс-әрекетінен басталады. Үлкендер өзара түсіністік танытып, қиындықтарды бірлесе шешкенде, бала да бірлік пен татулықтың мәнін түсінеді.
Мемлекет тарапынан да отбасы құндылықтарын қолдауға бағытталған бастамалар жүзеге асырылуда. Әлеуметтік қолдау шаралары, отбасы институтын нығайтуға арналған жобалар мен тәрбиелік іс-шаралар қоғамдағы тұрақтылықты арттыруға ықпал етеді. Себебі берік отбасы – тұрақты қоғамның кепілі.
Отбасы құндылықтарын сақтау – әр адамның жеке жауапкершілігі. Бір-біріне қамқор болу, сыйластықты арттыру, ұлттық дәстүрді дәріптеу арқылы ғана отбасы беріктігін нығайта аламыз. Татулық пен түсіністік орнаған шаңырақта өсіп келе жатқан ұрпақтың болашағы жарқын болмақ.
Г.Тұрлыбекова

