Ең бастысы – тоқтамау, сену және бірге алға жүру

Жыл санап елімізде ерекше қажеттілігі бар балалар саны артып келеді. Ерекше бала тәрбиелеп отырған әрбір ата-ананың арманы – перзентін оңалтып, қоғамға бейімдеу. Алайда бұл жолда қиындыққа тап болып, жігері мұқалатындар да кездеседі. Осындай сәтте тәжірибе бөлісу, бір-біріне демеу болу аса маңызды. Біздің сұхбатымыздың кейіпкері ерекше баланы тәрбиелеп отырған  көпбалалы ана Гүлмира Сейітқұлқызымен сұхбаттасып, ерекше баламен өмір сүрудің қыр-сыры туралы әңгімелестік.

— Гүлмира ханым, өзіңізбен қысқаша таныстырып өтсеңіз.

— Мен Гүлмира Сейітқұлқызымын. Жолдасым екеуіміз үш баланы тәрбиелеп отырмыз. Көпбалалы анамын. Сонымен қатар шағын кәсіппен айналысамын. Бірақ мен үшін ең үлкен мәртебе – ерекше баланың анасы болу.

— Балаңыздың ерекшелігін алғаш қашан байқадыңыз?

— Тұңғышымыз дүниеге келгенде бәрі жақсы болды. Уақтылы жүрді, алғашқы сөздерін айтты. Бірақ үш жасқа жақындағанда мінез-құлқында өзгерістер байқала бастады. Бұрынғыдай байланысқа түспей, тұйықталып қалды. Сөз қоры азайып, өз әлеміне кіріп кеткендей болды. Дәрігерлер «сөйлеу дамуының кешеуілдеуі» деген диагноз қойды. Бұл біз үшін күтпеген жағдай болды.

— Сол кезде ана ретінде қандай күйде болдыңыз?

— Әрине, бұл оңай болған жоқ. Алғашында қабылдау қиын болды. Себебін іздейсің, өзіңді кінәлайсың. Бірақ уақыт өте келе бір нәрсені түсіндім – ең бастысы баланы қабылдау. Сол кезде ғана алға жылжу басталады.

— Қазір балаңыздың жағдайы қалай?

— Қазір ұлым 9 жаста, мектептің 3 сыныбында оқиды. Біз тұрақты түрде мамандармен жұмыс істейміз. Дефектолог, психолог сабақтарына барады. Сонымен қатар бассейнге қатысады, атқа міну терапиясын алады, массаж, оңалту курстарынан өтеді. Бұл – ұзақ жол, бірақ нәтиже бар.

— Ерекше бала тәрбиелеудегі ең үлкен қиындық қандай?

— Ең қиыны – диагнозды қабылдау. Одан кейін қоғамның толық дайын болмауы. Кейде түсінбеушілік болады. Бірақ мен өзіме бір қағида қойдым: әлемді өзгерте алмасам да, өз көзқарасымды өзгерте аламын.

— Өзіңізге қалай күш бересіз?

— Бір кезеңде өзімді ұмытып кеткенімді байқадым. Тек ана, тек қамқоршы болып кеттім. Содан кейін өзіме көңіл бөлу керек екенін түсіндім. Әйел адам өзін ұмытпауы керек. Ана бақытты болса, отбасы да бақытты болады.

— Отбасыңыздың қолдауы туралы айтып өтсеңіз.

— Жолдасым әрқашан жанымнан табылады. Ата-енем де үлкен қолдау көрсетеді. Жақындарым түсіністікпен қарайды. Осындай қолдау болмаса, бұл жолды жалғыз өту өте қиын болар еді.

— Кәсіп бастауға не себеп болды?

— Өзімді жоғалтпау үшін. Әйел адамның жеке дамуы маңызды деп ойлаймын. Кәсіп маған сенімділік берді, өмірге басқа көзқараспен қарауға көмектесті.

 

— Басқа аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

— Ең бастысы – өзіңізді жоғалтпаңыз. Баланы қабылдаңыз, онымен жұмыс істеңіз. Әр анада үлкен күш бар. Сол күшті табу керек. Және жалғыз емессіздер.

— Сұхбатымызды қорытындылай келе, қандай тілек айтасыз?

— Барлық аналарға айтарым: бақытты ана – бақытты отбасы, ал бақытты аналар – мықты қоғам. Ерекше бала – үміт пен еңбекті қажет ететін ерекше әлем. Әрбір кішкентай қадам – үлкен жетістік. Ең бастысы – тоқтамау, сену және бірге алға жүру.

Елімізде ерекше қажеттілігі бар балалар саны 230 мыңнан асады. Аутизм диагнозымен тіркелген балалар саны да жыл сайын өсіп келеді. Мамандардың айтуынша, бала дамуында өзгерістер байқалса, ата-аналар психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияға (ПМПК) жүгінгені жөн. Қазір елімізде мұндай 100-ден астам орталық жұмыс істейді.

Өмір қандай сынақ берсе де, үміт үзбеу – ең бастысы. Ерекше баланың ең үлкен тірегі – ата-ананың сенімі мен махаббаты.

Г.Тұрлыбекова