2014 жылы 9 қаңтарда жарияланған бұл мақалада автор Сәуле Мешітбайқызы тәуелсіздік жылдарындағы Ұлы көштің тарихи маңызына тоқталып, шетелдегі қандастарды атамекенге шақыру саясатының бастау кезеңін еске алады. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы үміт пен сенім, Елбасының «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» хатының мәні және оның көші-қон үдерісіне серпін берген рөлі жан-жақты баяндалады.

Сонымен қатар автор бүгінгі таңда көші-қон саясаты төңірегінде туындап отырған мәселелерге алаңдаушылық білдіріп, Ұлы көштің баяулау себептеріне қатысты өз көзқарасын ортаға салады. Мақала ел болашағы, демография және ұлттық бірлік тұрғысынан маңызды ой қозғайды.

Оқырмандардың сұрауы бойынша назарларыңызға газет бетінде жарияланған Сәуле Мешітбайқызының  9 қаңтар 2014  жылы «ЗАҢ ЖҮЗЕГЕ АССА, 5 МЛН. ҚАЗАҚТАН ТІРІДЕЙ АЙЫРЫЛАМЫЗ», «КӨШ ТОҚТАМАСЫНШЫ, ҚАДІРЛІ НҰРСҰЛТАН БАЛАМ!»
— деп, тоқсаннан асқан бір топ қарттарымызбен бірге жүздеген бауырларымыз ыстық сәлемі мен өтінішін жолдайды №3, 23 қаңтар 2014 жыл, КӨШТІ ТОҚТАТПАҢЫЗ, ЖАЛҒАСТЫРЫҢЫЗ, НҰРСҰЛТАН АҒА! №5 (976) 6 АҚПАН 2014 ЖЫЛАН ЖЫЛЫ мақалаларын ұсынамыз.

ЗАҢ ЖҮЗЕГЕ АССА, 5 МЛН. ҚАЗАҚТАН ТІРІДЕЙ АЙЫРЫЛАМЫЗ

Алтын бұйда болған хат

Тәуелсіздікке қолымыз жете сала айдай әлемге жар салып, өз қандастарын туған Отанына шақырған төрт мемлекеттің (Израиль, Германия, Ресей) бірі Қазақия болатын. Егемендік алып, тәй-тәй басқан сәбидей тұсауы жаңа кесілген еліміздің ол кездегі арманы да асқақ болатын. Бауырмал, намысшыл, ақкөңіл, жомарт еді… Ашқұрсақ жүрсе де жігері мұқалмаған берік еді… Алайда әбден отарланған, тілі мен ділі талауға түскен халықтың жүрегінде қаяу да бар еді. Себебі шөптің шүйгінін, судың мөлдірін ішетін таза қанды жылқының мекеніне доңыздың тұмсығы тиіп, кез келген ит сарп етіп жатса, олай болмағанда қалай болар еді? Әбден езілген ұлттық рух, еңсесін әрең көтеріп келе жатқан-тұғын. Алла тағала сол кезде тарих сахнасына Қазақияның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлын алып шыққан болатын.

 

Осындай кездері бөрікті көкке атып қуанып тұрып та, тәуелсіздіктің ғұмырының қаншалықты ұзақ болатынына күдікпен қарағандар өте көп-тін. Жергілікті халық саны да 30 пайызға әрең жетіп, күздің суық желіне бүрсеңдеп зар қаққан қурайдай қалтқұлт етіп қоятын. Болашағымыз бұлыңғыр, ертеңге деген сенім әлсіз еді… Иә, санымыз өте аз, бір уыс қазақ едік. Сол кезде құлазыған далаға сән беріп, қатарымызды көбейткен кім еді? Кім еді туған жерім деп еңіреп жеткен? Олар алыстағы қандас бауырлар еді ғой. Соны неге ұмытамыз?! Осы кезеңде тағдыр тәлкегімен тарыдай шашылған халықтың басындағы тұманды арылтып, тәуелсіздік таңының қайта атқанына шаттанған, алыста жатқан ағайынның қуанышы да ерекше болатын. Бауырларының сол қуанышына қанат бітірген ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» атты әйгілі хаты да осы тұста жарияланған болатын. Сол хаттан үзінді келтіре кеткенді жөн көріп отырмын. «Алыстағы ағайындарға ақ тілек! Қымбатты отандастар! Қандас бауырлар! Ағайындар! Халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне, еліміздің ішкі, сыртқы саясатына ұлы өзгерістер алып келген, барлығымыз үшін үлкен сын болған 1991 қой жылы тарихта қалып, үміт пен күдігі мол жаңа 1992 жыл келді. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, жер бетіне тарыдай шашырап кеткен отандастар, қандас бауырлар, Сіздерді Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, әрқайсысыңыздың отбастарыңызға мол бақыт, қуаныш тілеймін! Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы
еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Атабаба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!» — деген ақ тілекпен басталған тарихи хаты, ағайын көшінің ағылуына алтын бұйда болды. Онсыз да делебесі қозып, дегбірі қашқан халық тайлы-таяғымен атажұртқа ат басын бұрды. Ол да бір дәурен екен-ау. Осылай ағынан жарылып шетелдегі қандас бауырларын Отанына шақырған Елбасы ұлты үшін көп жұмыстар жасады. Оны келешек ұрпақ мақтана айтары һақ.

 

Қазақия көшінің бағы неге тайды?

Енді келіп, етек-жеңімізді түріп, ел еңсесі тіктеле бастағанда, онсыз да Ұлы көштің бойында басынан дау-дамай арылмаған бауырларымызға туған жерге жету мұң болғалы тұр. Ұлы көш бастағалы олар не көрмеді? Оларға қарата айтылмаған ғайбат аз ба еді? Бауырға басудың орнына оларды дауылдың өтіне қалдырған кезіміз де болғанын несін жасырамыз? Қаншама жылдан бері Президентімізге өсек-аяңды қарша боратқан мысық тілеулі ағайындар ақыры армандарының қырқасына иек артып отыр. Экономикасы қарыштап дамыған Қазақияның Ұлы көшті қақ ортада шөгеріп тастауына не себеп болғаны елге беймәлім күйде қалып отыр. «Бұдан да жаманында тойға барған» қазаққа бүгінгі толысқан, жарасқан, келіскен қалпындағы биліктің өрескел қылығы тосын әрі жат. Соңғы көш басталғалы бақандай 22 жыл өтті. Үрім-бұтағымен қосқанда миллионнан аса қандасымыз Отан-анасының ыстық құшағына оралып, еліміздің демографиялық жыртығын жамап, рухани кеңістігін толтыруға да айрықша үлес қосты. Бар қазақ бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әлемге әйгілі ел болдық. Енді келіп қазақ билігінің «бүйректен сирақ шығарып» отырғаны түсініксіз? Онда біздің тоқмейілсіп, «Өзі болған қыздың төркінін танымас» кейіпке енуімізді қалай түсінуге болады?

Менің қолыма қалам ұстатқан мәселе мынау болып тұр. Анамын ғой, елімнің ертеңі үшін алаңдаймын. Қазақ көшінің тоқтауы ел болашағы үшін үлкен соққы екенін бәрі біледі (Шын мәнінде, тәуелсіздік жылдарында халықтың көші-қоны саласындағы уәкілетті органы бес-алты рет орын ауыстырды. Осының өзі-ақ көп жайды аңғартып тұр емес пе? Оларға деген сый-құрметіміздің сұрқы осы болса не етерсің?!). Нақты деректерге сүйенсек, шетелдерде 5 млн-дай қазақ бар көрінеді. Олардың келешегі, ұрпағының жаһандану дәуіріндегі кескін-келбеті қандай болмақ? Олардың шындап келгенде Қазақиядан басқа Отаны бар ма? Ұлан-байтақ даламызға топырақтан адам жасауға бейіл болып отырғанда, бүгінгі ұлы көшті тоқтату ұрпақ алдындағы кешірілмес күнәміздің бірі болып қалмасына кім кепілдік бере алады? 22 жылда ел болып танылуымызға, нағыз қазақтық болмысымызды көрсетуге олардың сіңірген еңбегі орасан. Егер бүгінгі алмағайып заманда сырттағы 5 млн. қазақты бауырымызға тартпасақ, олардан айырылып қалу қаупі туып отыр. Олар түгілі 22 жылда өз ішіміздегі қандастарымыздың тіл мәселесіндегі түйткілді жайттан арылмай отырғаны кім-кімге де сабақ болса игі! Біреудің қолына қарап отырған олардың аз-ақ жылда ассимиляцияланып кету қаупі зор. Билік «көптігімен мақтанатын» кезеңнің жақындап келе жатқанын ұмытпауы тиіс. «Көп — қорқытады, терең — батырады» қай кезде де. Егер қазақ болмаса, атажұрты болмаса, сырттағы бауырларымыз кімге арқа сүйейді? Ұрпақтары кімге дөң-айбат көрсете алады?

Менің ойымша, Ұлы көштің тоқтауына бізге көрінбейтін, бірақ тоқпағы мықты сыртқы күштер әсер етіп отырғандай сезіледі. Олар қазақтың күшейіп кетуінен қорқады. Сыртқы күштер әлі де болса Қазақстанның мемлекет болып, әсіресе ұлттық мемлекет болып күшейіп кетуінен қатты сескенеді. Қазақ дамып, ұлттық мемлекетке айналып кетсе, елімізде емін-еркін сайран салып жүрген шетелдік алпауыттарға есік жабылады. Жеп отырған нанынан айырылады. Олар қазақ даласын өздері қойған, сөздерін сөйлейтін жемқор шенеуніктер арқылы басқарып отыр. Еліміз алғаш тәуелсіз ел болып, әлемнің әр түкпірінде шашылып жүрген қазақтарға айқара есік ашқаннан кейін оралмандардың алғашқы легі келе бастағанда сыртқы күштер жаңа ортаға сіңіп кете алмайды деп ойлады. Алайда олай болмады. Оралмандар сіңісіп, киелі қазақ елінің толыққанды азаматы болып кетті. Міне, бұл оларға ұнамады. Менің ішкі ойым осылай дейді. Әйтпесе қазақ көшінің тоқтауына еш себеп көре алмай отырмын. Желтоқсан айының 10-ы күні көпшілік талқысына түскен және әлеуметтің қатты наразылығына ұшыраған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға мемлекет басшысы қол қойды. Бұл онсыз да қаңтарылып тұрған қазақ көшінің бұйдасы кері бұрылды дегенді білдіреді. Сонымен, 22 жылға жалғасқан қазақ көшінің басынан бағы тайды. Дұрыс па, бұрыс па, бағасын беріп, үкімін шығаратын – болашақ!

Ел сенім артқан қос палаталы Парламенттің төрінде отырған халық қалаулылары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына көп уақыт жібермей, талас-тартыс тудырмай, (бірді-екілі азаматтардың сөзін кім тыңдасын) «айдарынан» сипап, Елбасының алдына жіберуінің өзі ашудың түйінін тарқатады.

Ақсақалдарымыз бен зиялылар неге бұғады?

Мемлекетіміз күннен-күнге дамып, гүлденіп келеді. Оған сөз жоқ. Бірақ ұлттық мемлекет болып қалу мәселесі әлі де қиын күйінде қалып тұр. Себебі өз бауырларымызды өзіміз кеудесінен итеріп отырмыз. Әлемдік мамыражай тіршіліктің басты шарты — халықтың билікті түсінуі, биліктің халықпен тіл табыса білуі. Ынтымақ пен бірлік сол кезде ғана нығаяды. Сондықтан біз бір-бірімізді түсініп, бір-бірімізді құрметтеуге тиіспіз. Қазақ деген атымызға лайықты ел болу — баба мұраты! Алладан да, тағдырдан да, уақыттан да жылап алған мүмкіндіктен ажырап қалу қаупі туып отыр. Қазір бізге шеттегі бауырларды елге тарту үшін, төрт жыл түгілі төрт күннің өзі көп. Себебі жаһандану жалмап барады ғаламды. Бұл — өте қорқынышты құбылыс. Біз өзі аз ғана халықпыз. Ұлтқа ұлағат болатын зиялыларымыз да көп емес. Олардың да осы бір кезеңде үн-түнсіз қалуы да кешірілмейтін іс. Мұстафа Шоқай: «Ұлттың дамуы үшін зиялы қауым мен қатардағы ақсақалдардың бұғып қалуы — ұрпақ кешірмейтін үлкен күнә» дейді. Осыдан қорқып жатқан қарияны көрмедім. Иә, 22 жыл зу етіп өте шықты. Елімізді әлем таныды. Ұлтымыздың саны да өсті. Алғашқы лекпен келген қандастарымыз елге сіңісіп, азат елдің аймаңдай ұрпағына айналды. Бүгінде олардың тәуелсіз Қазақстанның туын көкке көтеріп, спорт, өнер, өзге де салаларда көптеп көріне бастауы да ұлтымыз үшін мақтаныш. Құдайға шүкір, іргеміз бекіді. Тіліміз де жылуын шашып тұрмаса да, қоламтаның астындағы шоқтай маздап жатыр (Шынына келсек, тіліміздің теңселмей, қанатынан қырқылмай самғауына да тілдің нәрін сақтап келген бауырлардың ықпалы зор екенін естен шығармағанымыз абзал). Қандай жағдай болса да, қандай қиындық туса да, қазақ көшін тоқтату — қылмыс! Бұл болашағынан үміті зор еліміз үшін жаман ырым!.. Айтпасыма болмай тұр, Елбасының жан-жағына жағымпаздар мен екіжүзділер отау тіге бастады. Олар өтірікті шебер ұйымдастырып, өз өтіріктеріне өздері сеніп, басқаларды да сендіріп жүргені ақиқат! Патшамызға шындықты жеткізбей, көшіқонның жай-жапсарын таразыға тартып, әділ байыптап бермей сорлатып отырған солар секілді. Бұл — қазақ еліне, оның Елбасысына жасалып отырған ҚИЯНАТ, ҚЫЛМЫС! Рас, қазақтың жауы — қазақ. Неге? Себебі бізде тамырын тереңге жая алмаған рухсыздар көп. Қазақстанды мекен ететін өзге ұлт өкілдерінің бірде-бірі ұлтымызға қарсы шыққан емес. Ұлы көшті тоқтатпау жайлы халық қаншама мәлімдеме жасады. Ақын-жазушылар да қаншама үндеу хаттар жолдады. Мұның бәрі қауіптің алдын сезгендіктен жасалған қадамдар еді. Алайда «селт еткен» Үкімет, «дір еткен» Парламент жоқ! «Ит үреді, керуен көшеді» деген шығар бәлкім. Елбасына қаншама ашық хаттар жазылды, олардың бірде-біреуі Президенттің қолына жетпегені даусыз. Мұндай жағдайлардың түптің түбінде Елбасы мен халықтың арасын алшақтататыны неге ескерілмейді? Совет-ХАН ағаның мына сөзі ойыма оралып отыр. “Құрметті НҰРСҰЛТАН ӘБІШҰЛЫ… “күллі Қазақты туған жеріне оралту”, Алланың рақымымен ойыңа келген ҚАСИЕТТІ ИДЕЯ болатын, мұны аяғына дейін жеткізу ТІРШІЛІГІҢНІҢ МҰРАТЫ БОЛУҒА ТИІС! Сонда Алла да, аруақ та риза болмақ». Бұдан асырып не дей аламын?

Сөз соңында айтарым: «Қасыңызда жақсы да, жаман да жүрген болар. Бірақ солардың айтқанын істеп, алдауына түсетін азамат, Нұреке, сіз емес екеніңіз анық. Оған біліктілігіңіз де, біліміңіз де, өмірлік тәжірибеңіз де, даналығыңыз да жетеді. Қалай болғанда да… Алла сәтін келтірген ҚАЗАҚ КӨШІН тоқтатудың қатері мен қарғысы үлкен. Осыны есіңізден шығармаңызшы.