Нұр-Сұлтанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қанатты сөздер жазылған билбордтар орнатылды

«Адалдық алаңы» жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, қоғамда адалдық, әділдік, парасат құндылықтарын насихаттау мақсатында халқымыздың ұлы тұлғалары мен алаш зиялыларының мақал-мәтелдері мен нақыл сөздері көрсетілген баннерлер әзірленіп, билбордтарға орналастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. А.Құнанбайұлының 175 жылдық және Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы қарсаңында дара тұлғалардың тәртіпке, еңбекке, тәрбиеге жетелейтін қанатты сөздері көрсетілді. Әл-Фараби, А.Құнанбайұлы, Б.Момышұлы, М.Әуезов, А.Байтұрсынов, Ш.Уәлихановтың сөздері қала көшелерінде, аялдамаларда, аэропортта, ақпараттық мониторлар мен лэд экрандарға орналастырылды. Сонымен қатар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, халықты Агенттіктің «1424 Call-орталығымен» хабардар ету және қала тұрғындарымен ортақ мүдде үшін бірлесіп қызмет атқару мақсатында билбордтарға «1424 Call-орталығының» нөмірі орналастырылды. Call-орталықтың операторлары агенттіктің қызметі туралы сұрақтарға жауап беріп, сыбайлас жемқорлық фактілері, құқық бұзушылықтар жөнінде, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру жағдайлары туралы телефон хабарламаларын тәулік бойы қабылдайды. Аталған жұмыстар көрнекі ақпараттар арқылы қала тұрғындарын кең көлемде қамтуға бағытталған.