МЕШІТ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ: АШЫҚТЫҚ ПЕН ҚАШЫҚТЫҚ

Шынында, қай сала үшін де әлеуметтік желіні жөнімен пайдалану – уақыт көшінен қалмаудың көрсеткіші.
“Әр заманның өз ғалымы бар,
Әр заманның өз құралы бар” деп Пайғамбар хадисінде айтылғандай, қазіргі жастарға ата дініміздің құндылықтарын, мешіттеріміздің имандылық, ағартушылық бағытындағы қоғамшыл, елшіл іс-шараларын дер кезінде насихаттап отырудың маңызы зор. Әрине, ол үшін имамдар мен дін қызметкерлері үнемі білім-білігін жетілдіріп, шығармашылығын пысықтап отырса, нұр үстіне нұр. Әр жылдары елімізде бас мүфти қызметін атқарған Рәтбек НЫСАНБАЙҰЛЫ, Әбсаттар ДЕРБІСӘЛІ, Ержан МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Серікбай ОРАЗ жақсы бастамалар көтеріп, осы салаға шама-шарқынша жаңалық енгізгені мәлім. Тәуелсіздік мүддесімен, дәстүрлі Имам Ағзам жолымен орайлас осы рухани істі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңа төрағасы, бас мүфти Наурызбай ТАҒАНҰЛЫ лайықты жалғастырып жатқаны қуантады. Жаңашыл дінбасы мүфтияттың ресми парақшасынан бөлек, өзінің жеке блогын жүргізіп, еліміздегі мешіт имамдарына, дін саласының қызметкерлеріне, осы салаға жанкүйер зерттеуші-ғалымдарға үлгі, өнеге болады деп үміттенеміз. Әсіресе, Қордайдағы қалың мұсылманды ынтымаққа шақырып, түрлі табиғи апатты бастан кешкен халықтың ортасынан табылып, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруы, халық тәу етіп, зиярат жасайтын, Отанымыздың түкпір-түкпіріндегі киелі орындардың жай-күйімен танысып, тарихын зерделеуі, елге белгілі зиялы қауым, ғылым, өнер саласы өкілдерімен сұхбат құрып, оқырманмен тығыз байланыс орнатуы көпшіліктің көңілінен шықты.
Біз жастардың басым көпшілігі бос уақытында әлеуметтік желілерден ақпарат іздейтінін ұмытпауға тиіспіз. Сол жерде заманға лайықты имандылық уағыздарын да, неше түрлі өнегені де, мысалды да шығармашылық ұтқырлықпен ұсынудың мүмкіндігі мол. Тіпті сұрақ-жауап, пікірталас – жастардың жанына жақын формат екенін ескерсек, бұл жұмысқа өзіміздің дінтанушы ғалымдарды, имамдарды тартқан дұрыс деп есептейміз. Сонда молдалар мен имамдардың өздері де білімдерін шыңдауға мүдделі болады, қоғамдағы орны мен беделі де арта беретіні сөзсіз. “Ешкімге зиян келтірмеудің өзі – сауап”, “Жылы сөздің өзі – сауап”, “ “Жолда көлденең жатқан шыбықты алып тастаудың өзі – сауап” т.б. қарапайым қағидаларды жастарға меңгерту – адамгершілікке тәрбиелеудің үлкен әліппесі дер едік. Әлеуметтік желіде жастар жұмысына басымдық беріп жүрген дін қайраткерлері – шымкенттік наиб-имамдар Бекайдар ӘМІРЕҰЛЫ, Ахметжан ПІРӘЛІҰЛЫ. Олар мешіттің абыройлы міндеті мен маңызды істерін айтып, қажетті танымдық материалдарды ұсынып, маңызды уағыздар жариялап отырады.
Жалпы, “санадағы өзгеріс адамдардың жүрегінен бастау алады” деген сөз бар. Мешіт қызметкерлері де қоғамымыздың көп жағдайына қатысты халыққа айтар тұжырымын екшеп алса, артық болмас еді. Мәселен, өткен ғасырдың басындағы аласапыран, ашаршылық, жаппай қуғын-сүргін құрбандары, совет одағы кезеңіндегі ұлт тарихы мен дінімізді тұншықтыру, қудалау – бәрі де өмірдің шындығы. Бұл жерде дін саласы өкілдерінің әңгімесі кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін, кімнің кінәлі болғанын анықтау, жазғыру тұрғысынан гөрі, одан да биік адамгершілік өлшемдерге негізделген, баяғы “бөліп ал да, билей бердің” немесе моральдық азғындаудың адамзат үшін қайталанбауын, ащы сабақтан салиқалы қорытынды шығаруға бағышталғаны маңызды.
Елдің дін тұғыры, имани сенімге деген құрмет тәуелсіздігіміздің жемісі екенін бір сәт естен шығармайық. Енді сол құрмет қоғамдағы, мемлекеттегі, отбасындағы қатынастардың үйлесіміне себепші күшке ұласуы тиіс. Дін мен мемлекет екі бөлек институт болғанымен олардың арасындағы ынтымақтастықты бекемдей түсетін, жетілдіретін – халықтың рухани сұранымы. Дін – елдік бірегейліктің бір ұстыны болатынын бүгінгі білімді ұрпақ орайымен сезініп келеді деуге толық негіз бар. Осыған қатысты жазушы, дін атаулының терең білгірі Қалтай Мұхамеджанов 1996 жылы “Жәкеңмен сырласу” мақаласында былай деп жазыпты: “Мұхаммад ғалаиссалалам хадистерінде:
“Патша – Алланың жердегі көлеңкесі. Кім оны құрметтесе – Алланы құрметтегені, кім оны қорласа – Тәңірді қорлағандық болады” делінген. Дін мемлекеттен бөлек болса, бір мүддеге қызмет істемесе, мұндай хадистер қайдан айтылады? Мал бағып жүрген қазақтардың өзі әлімсақтан “Құдайдан қорықпаған ханнан қорықпайды, ханнан қорықпаған заңнан қорықпайды” дегенді әлі күнге дейін айтып келе жатқан жоқ па?..”.
Міне, осындай пікірлер және біздің сан ғасырлық рухани мұрамыз діннің ел біріктіруші, мемлекетке септесуші тетігін айрықша атайды.
Ең бастысы, халықтың рухани сенімі ортақ игілікке, әділдікке, сабақтастықты сақтауға, өрлеу жолына атсалысуға жұмылдыруы қажет. Осындай биік мақсатқа қол жеткізу үшін ағайынға, діндеске ақыл қосып, кеңес беру арқылы жалпы адамзатқа әсер ететін ойларды, уағыздарды мешіт мінберінен ғана айтып қоймай, әлеуметтік желі күшімен көбірек, кеңірек аудиторияны қамту – уақыт талабы. Бұл – жер жаһанды жайлаған жұқпалы індеттің кесіріне байланысты ғана айтылып отырған ұсыныс емес. Жақсы, мәнді сөзді қашықтан да, жақыннан да айтсаң, парқы бір. Біздің айтпағымыз: әлеуметке (халыққа) бағытталған сөз бүгінде оңтайлы әлеуметтік желі арқылы тез, нақты, ауқымдырақ жетеді деген ой еді.Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты