НЕ ЖЕТПЕЙДІ, НЕГЕ ЖЕТПЕЙДІ?

Қазіргі қала жағдайында көп ата-ана баласын балабақшаға орналастырайын десе, орын жетпейді. Өсе келе тұратын жеріне жақын маңнан ыңғайлы мектеп іздеп әуреге түседі. Емханаға тіркеуде тағы сол сапырылыс. Бірі — олардың тұратын жерінен қашықта орналасса, екіншісі — ұзын-сонар кезектен, дау-дамайдан арыла алмайды. Осылай шиеленіскен ахуалда оқып, білім алудың, ем қабылдаудың сапасы жөнінде әңгіме айтудың өзі артық.
Бір қарағанда, жыл сайын елімізде балабақша, мектеп, емхана салу тоқтаған емес, ашылған үстіне ашылып жатыр. Алайда, екі-үш орын жетпей қалса бір сәрі, жаппай тапшылыққа тап болғандай, араға кісі салып, заң бойынша тиесілі орынға қол жеткізу машахаты үрдіске айналып барады. Сонымен бірге дәл осы салаларда мемлекет қаржысының талан-таражға түсуі, дүниеге құныққандардың әшкере болуы да үзілмей келеді.
Әрбір қала бойынша әлеуметтік-мәдени обьектілер құрылысына, оны пайдалануға беру мерзіміне, аса мұқтаждылығына, маңызына қарай кезектілігіне, сапасына қаншалықты мән беріледі? Жалпы, орналасқан ауданына, сыйымдылығына, болашағы жөнінде терең талдау жасалады ма? Жекелеген пысықайлардың өз мақсаты, бас пайдасы үшін “жетпейдіні” жалаулатып жүрмегеніне кім кепіл бола алады?
Біздіңше, бар кінәрат — көпшілікке күнделікті мұқтаждық туғызатын осы істің еліміз бойынша нашар ұйымдастырылуында сияқты. Халыққа түсіндіру, талдап-зерттеу жағы да кемшін көрінеді. Тұтас алғанда, қала құрылысында урбанизация үрдісін қатаң басшылыққа алу — уақыт талабы екені бесенеден белгілі. Әлеуметтік маңызы бар мәселені білікті түрде, тиянақты шешуге әбден болады. Жергілікті әкімдіктерді осы бағыттағы ескі ережені бұзып, жаңа жүйе құруға ынталандыру қажет. Ол нақты әр аудандағы тұрғындардың мұң-мұқтажын шұғыл шешуге бағытталуға тиіс. Нәтижесі атқарушы орган жұмысының өлшем-көрсеткіші қатарына енуі маңызды. Әйтпесе, бүгінде қайсы өңірде қанша сәбидің дүниеге келгені (демографиялық мәлімет), яки келетіні жөніндегі болжам, оның ішінде балабақшаға, мектепке баратындары мен емханаға тіркелушілер саны алдын ала белгілі емес пе? Қалғаны — сол қызметті тұтынушылармен бірге оларды жайғастыру жоспарын, картасын жасау, жауапты лауазым иесін белгілеу. Сонда қолда бар орындарды үйлесімді бөліп отыру ісі аса қиындық туғыза қоймас. Әдетте, ұтымды шешім бюрократияның емес, ынта, ықыластың арқасында қабылданады. Осы түсінік көпшіліктің санасына мықтап орнықса, сөз бен істің арасында алшақтық едәуір жойылар еді.
Әлбетте, әлеуметтік желіде, көрнекі орында тиісті жеңілдікті қолдануға құқығы бар отбасылар, өзге де жайттар ашық жазылып, жария етілуге тиіс. Кез келген адамның құқығын сақтауды — заңды орындаудың, оған құрметпен қараудың мысалы деп қараған жөн.
Сондай-ақ, тағы бір маңызды мәселені қоғам талқысына салғымыз келеді. Еліміздің ірі қалаларында, облыс орталықтарында көпшілікке арналған қоғамдық орындар, ғимараттар жетерлік. Атап айтқанда, спорттық, оқу-жаттығу бағытындағы, мәдени-ағарту мақсатындағы обьектілерді, жазғы ойын-сауық алаңдарын, темір жол вокзалдарының кең залдарын, өзге де жайларды пайдаланудың тиімділігін анықтап отыру да жергілікті әкімшіліктердің міндеті болуға тиіс. Мұндай мониторинг жасаудың мемлекетке де, халыққа да, қоғамға да, соның ішінде, кәсіпкерлерге де пайдасы зор. Тіпті, осы жөнінде “Аманат” партиясы бастама көтеріп, қоғамдық кеңестер қолдап жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, дәл бүгінде қарапайым халық ондай ғимараттарға бас сұға да алмайды. Кіру бағасы қымбат, ал сүйікті спорт түрімен шұғылдану — арман немесе қалаған өнерді үйрену, онымен айналысу қолжетімді деп айтуға ауыз бармайды. Сондай жағдайға қарамастан, көп ғимараттар бос қаңырап тұрады. Ең қолайлы маусымда олардың құлыптаулы тұрғанын көрген халық, салық төлеуші ретінде өз қаржысына салынған нысандар туралы әр қилы пайымдайды. Тиісті жауап алынбайынша ел ішінде түрлі сұрақтар толастамақ емес.
Бұқаралық спортты дамытуға стадион, спорт залдары мен алаңдары неге жетпейді? Неге өнерпаздарға, әртистерге, әнші-бишілер мен өзге таланттарға қойылым сахналары мен концерт залдары жетпейді? Суретші, мүсінші, архитекторлардың көрмелерін өткізуге көрме залдары неге жетпей жатады? Дәл казіргі уақытта қолда бар мүмкіндіктерді әр түрлі тариф шарттарын енгізу арқылы тиімді пайдалануға не жетпейді? Жауапкершілік пен жанашырлық, жетіспейді.
Мәселен, барлық дүниенің иесі халықтың өзі екенін сезіндіру — нағыз идеологиялық-тәрбиелік жұмыс, үлкен жауапкершілік. Ол үшін әрбір тұрғын кез келген ғимаратқа, жайға өз мүлкіндей қараса жетіп жатыр. Бұл — бүгінгі ұрпаққа — өнеге, сабақ, ертеңгі ұрпаққа ұялмай ұсынатын мирас болар еді.
Шындығын айтсақ, жаңа кезеңге аяқ басқан тұста қауым болып әділеттілік туын көтеруге, халық үніне құлақ асуға, жаңа қоғамдық сана қалыптастыруға басымдық беруге тиіспіз. Біздің елімізде отаншыл, кәсіби көзқарасқа, тың идеяға, батыл бастамаларға әрқашанда зәрулік болған және бола бермек. Сондықтан барлық деңгейдегі билік өкілдері, сала басшылары ғана емес, жария етілген демократиялық өзгерістерді іспен қолдауға әзір кез келген отансүйер азамат салт-дәстүрімізге сай құндылықтар мен ұстанымдарды бекемдеп, руханиятты дамыту үшін жан-жақты білімді, дарынды, шығармашыл тұлғаларға, талантты жасөспірімдерге бұрын-соңды болмаған қамқорлық танытуы керек деп ойлаймыз. Ал бұл — ұлттық санамызды өзгертуге бағытталған төте жол, нақты қадам болары сөзсіз.

Дархан МЫҢБАЙ