Егін орағы басталды

Жадыраған жаздың егіні дер шағында пісіп, жетілді. Қазір аймақта егін орағы қызу басталып, егістіктен леп есуде.
Апта басында Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов пен сала орынбасары Болат Сағынбеков қыр басындағы жұмыстарды көріп қайтты.
Ағымдағы жылы аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы егістік жердің көлемі 59 790 гектарды құраса, оның 29 549 гектары суармалы, 30 241 гектары тәлімі болып табылады.
Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында, егіс алқаптарын әртараптандыру үшін үстіміздегі жылы көкөніс-бақша, арпа және мал азықтық дақылдарына басымдылық беріліп, көлемін арттыру көзделген.
Аудан басшысы Бақыт Алпысбайұлы Сазтерек ауылдық округіндегі “Бапыш-Сейсенбай” шаруа қожалығының егістік алқабында болды. Жалпы, аталған шаруа қожалық биылғы жылға 1250 гектарға арпа, 700 гектарға бидай дақылдарын орналастырған.
— Міне, өздеріңіз көріп тұрған алқап 114 гектарды қамтиды. Кешелі бері егістікте екі комбайнмен уақытпен санаспай жұмыс істеудеміз, — дейді комбайншы Нұржан Сәтімбаев.
— 2022 жылдың өнімі үшін аудан бойынша 8 750 гектарға күздік бидай дақылы себілді. Күздік бидай дақылынан басқа 12 790 гектарға жаздық арпа, 2 010 гектарға дәндік жүгері, 50 гектарға дәнді бұршақ, 1 400 гектарға мақсары, 1 000 гектарға қант қызылшасы, 700 га картоп, 7 504 гектарға көкөніс-бақша, 25 322 гектарға мал азықтық дақылдары орналастырылды. Осы аптаның аяғына таман барлық шаруашылықтар да егін орағына қалмай кіріседі. Арпа пісіп тұр. Көп кешікпей бидай алқабы да жинауға келеді. Ертерек еккендердің бидайы толық пісіп те үлгерді,- деді бізге берген сұхбатында аудан әкімі.
Айта кетейік, жалпы аудан бойынша масақты дәнді дақылдардан 8 750 гектарға бидай, 12 790 гектарға арпа егілсе, жиналатын 21 540 гектар егістен бүгінгі күнге 2 071 гектары орылған. Жалпы алғанда үш мың тоннаға жуық арпа қырманға құйылып, әр гектарына орташа өнім 14-16 центнерден айналып отыр. Биылғы егін орағы науқанына аудан бойынша 39 комбайн қатысады деп жоспарланса, қазіргі күні оның 30-ы ораққа тартылды. Осы комбайндар күніне орташа есеппен 14,3 гектарды оруда.

Көркем Асқар