«Нағыз қазақ – домбыра» атты рухани кеш өтті

Ұлттық домбыра күніне орай Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Нағыз қазақ – домбыра» атты тағылымды мәдени-рухани іс-шара өтті. Кештің арнайы қонағы, талантты күйші Мәткен Аяулым қазақтың күй өнері, домбыраның ұлттық мәдениетіміздегі орны мен маңызы туралы мазмұнды әңгіме өрбітіп, өзінің орындауындағы күйлерді тарту етті. Іс-шара барысында қатысушылар ұлттық рухты асқақтататын өлеңдерді мәнерлеп оқыса, Ұлттық ұлан сарбазы мен арнайы қонақтың орындауындағы күйлер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Кештің ерекше сәттерінің бірі музыкалық эксперимент болды. Домбыра тартатын кітапханашы, Ұлттық ұлан сарбазы және арнайы қонақ Аяулым Әділханқызы бір күйді кезек-кезек жалғастыра орындап, соңында үшеуі бір мезетте күйді бірге тартып аяқтады. Бұл әсерлі көрініс көрермендердің зор қошеметіне ие болып, ұлттық өнердің сабақтастығы мен орындаушылық шеберліктің үйлесімін айқын көрсетті. Жиын соңында арнайы қонаққа «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының Алғыс хаты табысталып, сый-сияпат көрсетілді.

Кештің жалғасы кітапхананың «Кинотайм» жобасы аясында көрсетілген «Дина. Күй құдірет» көркем фильмімен жалғасты. Фильм арқылы көрермендер қазақтың әйгілі күй анасы Дина Нұрпейісованың өмір жолы мен шығармашылық мұрасымен танысып, ұлттық өнердің терең тағылымына тағы бір мәрте қанықты.