ХАЛЫҚ САНЫН КӨБЕЙТУ — АСЫЛ МҰРАТ

Түлкібасыға әкім болып барған тұсымызда бізге жазушы Шерхан МҰРТАЗА ат басын жиі бұрушы еді. Түрлі іс-шараға қатысып, жұртшылыққа шабыттана сөз арнайтын. Әлеумет ықыласын көріп, кейде кең көсілетін. Ел де ұйып тыңдайтын.
Бірде дүниеге ұлымыз — Ғазалидің келгенін естіп, ерекше қуанды. Жалпы ол кісі әр сәбиден ұлттың, елдің болашағын көретіні аңғарылатын.
Мінберге шығып:
— Мынадай ұлан-байтақ жерімізге ие болар ұрпақты көбейтіңдер! Әкімдеріңіз үлгі көрсетіп жатыр екен, мүмкіндігінше сіздер де отбасы-әулеттеріңізбен игі істі қолдаңыздар. Әйтпесе, жерімізге, оның асты-үстіндегі иен байлыққа көз алартып отырғандар аз емес, тіпті көбейіп барады. Ұлы Пайғамбарымыз: “Мүмкіндіктерің болса үйленіңдер, көбейіңдер. Ахиретте мен сендердің көптіктеріңмен мақтанамын” дейді. Өз дінімізді, тілімізді құрмет тұтпасақ, елдің тәуелсіздігін қалай қорғаймыз? Ойланатын ғана емес, мемлекеттік деңгейде шындап қолға алатын мәселе”- деген еді жарықтық.
Бала, немере-шөбере санын айта бермейтін халық ырымын біз де аттап өтпейміз.
Бүгін тағы бір қара домалақ немереміз дүние есігін ашқанда қайраткер жазушының елге айтқаны қайтадан есімізге оралды.
Әуелі Жаратқан иемізге, сонан соң әке-шешеміздің рухына бас иеміз. Ұрпақ көбейтіп, оларға саналы тәрбие беруді — 15 ұл-қызды тәрбиелеп өсірген ата-анамыздың алдындағы перзенттік борышымыз деп білеміз. Оны өтеудің бір парасы — әрбіріміздің отбасымызда “Бауы берік болсын!” деген батаның жиі қайталанғанын Құдайдан тілеп отырамыз.
Шынында, көзі ашық жастарға бұдан артық не деуге болады?..
Атам қазақтың: “Бас екеу болмай, мал екеу болмас” дегенінде де жақсыны жақындастырып, алысты болжап, қамдау бар.
Балалары үй болып жатса, мәртебесі өзгереді. Бақытқа кенелсе, ата-аналары марқаяды.
Әрине, кез келген қуанышты оқиғаның сүйіншісі де, жөн-жоралғысы да болады.
Соның ішінде, нәрестеге есім беру
бұрыннан келе жатқан ата дәстүріміз, төл мәдениетіміз. Оған да берік болған абзал. Әйтпесе, өзге жұрттың несібелі есімдеріне жармасып, жалаулату да жоқ емес. Кім біледі, тұрлаусыз тәлім-тәрбиенің, өскен ортаның әсерінен де болуы мүмкін.
Жалпы, азан шақырып қойған аты адамның болмысына, тағдырына әсер етеді.
Дүниеге келген әрбір сәби
ата-анасымен бірге әрдайым амандық-саулықта болуын қалаймыз. Атына заты сай, абыройлы азамат болып өсуіне, туған еліне, жеріне, халқына қызмет етуіне тілектеспіз.
P.S. Жаңа туған әлдидің “бауы берік болсын!” деген ықыласты құттықтауларыңызға мың алғыс айтамыз.
Дархан МЫҢБАЙ facebook парақщасынан https://www.facebook.com/share/p/1JX1JFVBjY/