Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі – назарда

Оралдағы «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығында қала әкімі әлеуметтік саладағы үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен кездесті.

Кездесуге қала әкімдігіне қарасты құрылымдық бөлімдердің басшылары да қатысып, шаһардағы әлеуметтік жағынан қамқорлықты қажет ететін тұлғалардың мәселесін зерделеп, мүмкіндігі шектеулі жандарды толғандырған сауалдарға жауап берді.

Әлеуметтік саладағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау шаралары мемлекеттік органдар тарапынан жүзеге асырылуда. Түрлі санат бойынша мүгедектігі бар азаматтарға мәдени, демалыс, спорттық бағыттағы орындарда бос уақытын өткізуіне мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтық және психологиялық, жұмысқа орналасу мәселелері бойынша кеңестер ұсынады. Өңірде кедергісіз орта қалыптастыру шаралары қолға алынғанымен, дені стандартқа сай емес, кейбір қосымша мәдени орындарда арнайы санаттағы балалармен жұмыс жүргізуге бейім маман жетіспейді.

Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Наурызбай Дауешов арба және тірек-қимыл аппараты бұзылған, көру және есту мүшесі нашар адамдардың толық бейімделуі үшін мамандар паспортталған объектілерге шығып, нәтижесінде 61 бейімделген нысан анықталғанын айтты. Оның ішінде 27 нысан толықтай, 19-ы ішінара қолжетімділікті сақтап отыр екен.

Оралда мүмкіндігі шектеулі жандардың үлесі 12 мыңнан асады. Олардың 1541-і – І топтағы мүгедектер санатына жатады. «БҚО мүгедектері ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмажан Қожжановтың айтуынша, жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктердегі жеңілдік мәселесіне назар салу қажет.

– Биыл жыл соңына дейін қаладағы автобус парктерін 40 пайызға жаңарту мақсаты көзделді. Сонымен қатар қызмет сапасы мен қолжетімділікті арттырып, электронды билет жүйесін енгізу жүргізілуде, – деп атап өтті қала әкімі Абат Шыныбеков. Өңірдегі тұрғын үй мәселесі де шаһар басшысының назарынан тыс қалмады. Жыл сайын тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізіміне алынған мүмкіндігі шектеулі жандардың біраз бөлігі жыл сайын баспанаға қол жеткізуде. Жалпы қала көлемінде бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлерден осал топтағы жандар сатып алу құқығымен жалға алу және «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында баспанамен қамтылуда.

Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы