Жоғары сот неге үнсіз?

 

 

«Әлібиге араша» немесе «Әлібиге әділдік» ұранымен түгел қоғам, тіпті Президент, бас прокуратура, жоғары сот, бүкіл билік дерлік таныс Әліби ісі әділ бағасын әлі алған жоқ. Жоғары сот жұмған аузын ашар емес. Өз істерінің дұрыстығын дәлелдейтіндей қандай да бір аргумент не бір факт де ұсына алмай отыр. Әліби ісінде қылмыстың қылаудай ізі болмағандықтан, істі қайта қарауға енжарлық танытып отыр.
«Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренер» деп өсиет еткен қазақтай киелі халықтың ұрпағы едік. Әліби Өтепбергенге қамқор, жанашыр жандар арасынан «ала мысық жүріп өткенін» де естідік… Кім не десе де халық әділдікті күтеді. Халыққа әділдік керек. Әсіресе Әліби ісінде неге араша сұрап, әділдік іздеген қауымның қарасы қалың? Ой жүгірткен адам ақиқатында халық әділетсіздікке төзе алмайтынын түсінер еді. «Үмітсіз шайтан ғана» деп түсінетін халық басқаға төзсе де озбырлыққа, әділетсіздікке көнбейді. Халық сенімі – түбі әділдік орнауы тиіс. https://us02web.zoom.us/j/87272478845?pwd=M0hmblJYTDQ2WXJkYUtLdzIxME8wZz09
Ел Анасы Сәуле Мешітбайқызы Мемлекет басшысының Қ. Тоқаевтың Қазақстан Халқыны арнаған Жолдауында атап көрсетілген «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен үндес, үзенгілес «Qazaqstan dauiri» газетінің «Nur Otan» партиясы мен ҚР Ауылшаруашылығы министрлігімен және «Ел Ана» қоғамдық сайтымен бірлескен «Ауыл – Ел бесігі» дәстүрлі экспедициясымен Ақтөбе облысына барған сапарында атбасын бұрып, 29-қазан күні Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарши ауылына, Әлібидің ауылын, өскен жерін, мектебін, достарын, халқын өз көзімен көріп, қойнауы бай, Әлібидің жанына жақын, ыстық мекеніне арнайы барды… Ең алдымен Темір ауданындағы ескі Досжан Хазірет мешітінің құрылыс жүріп жатқан кешеніне зират етіп, Әлібидің тілеуін тілеп, дұға етті. Әлібидің оқыған мектебіне барып, ұстаздарымен тілдесіп, оның қандай оқушы болғанын, қандай ортада өскенін көріп, мектебін аралап ерекше сезімде болды… Мектеп ұстаздары Әлібиге тілекші екенін, жаман әрекетке бармайтындығын, бостандыққа шығуына тілеулес екенін жеткізіп, үнемі шындық іздеп, халықпен етене араласып, халықтың мұңын мұңдап, жырын жырлап жүретін Сәуле Мешітбайқызына келесі сапарыңызда осы ауылға Әлібимен бірге келіңіз деген ниеттерін айтты…
Әлібидің ісінен Шұбарши ауылының халқы хабардар… Жап-жас жігіттің темір торда ауыр баппен отырғанына, ауылынан, отбасынан жырақ кеткеніне сенбейді… Сәуле Мешітбайқызы ауылға келді дегенін естіп, кездесіп, көрісіп қалайық деген ниетпен, ауыл жастары, Әлібидің достары Сәуле Мешітбайқызына өздерінің жүректегі сөздерін жеткізіп, «Әлібиді ауылы, достары, халқы күтіп отыр» дегенде, «оны бүкіл Қазақ елі күтіп отыр» деп толықтырды, Сауле Мешітбайқызы… «Біз Әлібидің жазықсыз екенін, әділетсіздік құрбаны болып отырғанын алға тартамыз! Жылдар бойы қазақстандықтардың жаппай қолдауы да бекер емес! Оның адалдығына, адамдығына сенетін халқы бар. Ол үшін шындық іздеген жұрты, сіз сияқты қамқоршы, қолдаушылары бар. Сондықтан да Әліби бостандыққа шығатын күн алыс емес, осындай мықты қолдаушылары барда Әліби сынбай, мықты болып, өз-өзін сабырлықпен жеңіп отыр… Аққу көлін аңсайды, адам туған жерін аңсайды, Әлібидің сағынышы болған ауылға «Ел анасы» жасаған сапардың мәні бөлек, маңызы ерек. Әлібидің тар қапаста көңіліне демеу, үмітіне медеу болып, жігерін жанып, қайратының қайтпауына осындай қолдаушы, жанашыр ХАЛЫҚТЫҢ оған деген сенімі екені сөзсіз. https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=455905136051833&id=100048970521710

 

 

 

Әлібидің ісінде қылаудай қылмыс жоқ

Әлібидің арман шырағы Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде жанған болатын. Анасынан айырылып, жаны жабырқап жүргенде жанына демеу болып, үмітін үкілеген де осы киелі шаңырақ. Өрімдей жас ұстаздары мен қанаттас достарын өзінің жарқын болашағына қалтқысыз сендіре білді. Ол тума талант, ұшқыр ойлы, досқа адал, дұшпанға әділ қасиетімен айналасына сыйлы болды. Әділетсіздікке жаны қас әдетімен жасөспірімдерді тәртіпке шақырып, «су шашып ойнауға болмайды, әдепсіз қылықтарың үшін дискотекаға бармайсыңдар» дегені үшін ғана темір торда жас өмірі өксіп, жазықсыз жапа шегіп отыр.
Сәуле Мешітбайқызы Әлібидің ауылына барғанға дейін белгілі заңгер Абзал Құспан Әлібиге, Қызылордаға барып қайтты. Абзал Құспанның айтуынша, Әліби қазір Қызылорда қаласындағы қатаң режим колониясына ауыстырылды. – «Ол жаққа келгеніне көп болған жоқ. Кез келген колонияға жаңа келген кезде он төрт күн карантин деген болады. Мен барған кезде Әлібидің карантиннен шыққанына бес күндей болған екен. Айтайын дегенім, мен барғандағы анықтау керек маңызды мәселе: 2020 жылы үкім шығып, күшіне еніп, Әлібиді ең бірінші Ақтаудағы қатаң режимдегі түрмеге аударған болатын. Сол кезде 26 қазан күні Ақтөбеден барған жалғыз Әліби емес қасында бірге барған біраз азаматтарды (түрменің жазылмаған заңы «күтіп алу», яғни ішкі істер органдары қызметкерлері – КУИС) түскен бойда жаппай ұрып-соққан. Содан кейін Әлібидің миына зақым келген, қазір басында қысым (внутренний черевечный давление) бар.
Ақтау қаласында болған кезде дәрігерлер «басын тексеру керек, мұнымен ойнауға болмайды» деп анықтама берген. Бірақ қолында басынан соққы алғаны туралы анықтамасы болғанымен, Әлібиге ешқандай медициналық көмек көрсетілмеген, тексерілмеген де. Өзім Қызылордаға барғанда бұл мәселені көтердім. Олар Әлібиге медициналық көмек көрсетіледі деп уәде берді. Бір ескеретіні бұл Қызылорда емес Ақтауда былтыр, 2020 жылы болған жағдай. Қызылордада Ақтаудағыдай жағдай болмаған. Қазір мұның айтылып жату себебі, яғни Әліби Ақтау түрмесінде отырған кезінде айтылмау себебі: егер ол кезде айтылған болса, бәрібір өз қолында тұрған Әлібиге ол жақта қысым тіпті күшеюі мүмкін еді. Сондықтан бұл жағдай Қызылордаға келген соң ғана айтылып жатыр. Бірақ уақытында Әлібимен бірге соққыға жығылған азаматтар Ақтаудағы факт бойынша арыз-шағым берген. Сосын жан-жақтан қысым басталған. Ақыры бұл пайдасы жоқ іс деп тоқтатуға мәжбүр болған. Менің қолымда Әлібимен бірге таяқ жеген азаматтардың тізімі бар. Қазір олар басқа колонияларға бөлініп кетті. Олардың жазған арызы бойынша ешқандай шара алынбаған. Осы мәселені қайта көтеру туралы бас прокуратура мен комитеттің атына қайтадан арыз жолдадым. Енді-енді қаралуы керек. Мұндай жағдай СССР кезінен қалған жағымсыз «дәстүр». Азаматтардың колонияға келген кезде рухын сындырып алу деген адамшылыққа жат әрекет. Біздің жағдайда оны бір жыл өткеннен кейін көтермес те едік, қазір сол таяқтың салдары шығып жатыр. Әлібидің басында қысым пайда болған. Жап-жас бала қазір «басым ауырады, басым айналады» дейді. Қызылорда колониясы емдейміз деп уәдесін берді», – дейді Абзал Құспан. https://www.instagram.com/tv/CVNrdd7oM6U/?utm_medium=share_sheet

 

 

Мәселе безбүйректікте болып тұр

Ал «Әліби еш кінәсі болмаса, неге ақталып шықпайды» дегенге келетін болсақ, – «Әлібидің ісін жоғары сотта жанашырлықпен, жауапкершілікпен қарайтын судья табылса, сөз жоқ ақтап жібереді. Бірақ өкініштісі біздің соттар айыптау бағытында ғана үкім шығарып үйреніп алған. Басқа да талай соттарда «жан алысып, жан берісіп» дәлелдеп, ақтап, дымымыз қалмай қаншама нервті жұмсап, істің ақ-қарасын көздеріне шұқып көрсетіп жатсаң, соттар қалғып-шұлғып, ұйықтап отырады. Мәселе безбүйректікте жатыр. Бұл да бір біздің баламыз-ау, елдің азаматы-ау, қазақтың болашағы-ау деген жанашырлық жоқ. Түсінікті болу үшін айтсам, бұл істі басынан бастап жүргізген жоқпын. Өнер қайраткерлері, танымал, белгілі азаматтар, Сәуле Мешітбайқызы бастаған елге құрметті адамдар хабарласты… Сосын Әлібиге қатысты материалмен танысып, таң қалдым. Іске енді-енді кірісіп жатырмын. Маған дейін тоғыз адвокат қорғады. Мен оныншы адвокатпын. Бәрінің айтатыны бір мәселе – бұл жерде қылмыс құрамы жоқ. Бізден басқа қаншама құқық қорғаушылар, тәуелсіз құқық қорғаушылар қарады. Бәрінің көзі жеткен шындық – мұнда қылмыс құрамы жоқ.
Естеріңізге салсам, 22 шілде 2019 жылы Әліби Өтепберген қосымша қаражат табайын деп, Ақтөбеде лагерьге жұмысқа тұрды. 22 шілде жұмысқа тұрған Әлібидің үстінен 25 шілде арыз түскен. Нақты назар аударатын жағдай – «Әліби балаларға анайы қылықтар көрсетті» деп 25-і күні ғана арыз түскен. Арызда «…педофил пайда болды» деп жазылған, бірден лагерьде шу көтеріледі, арыз жазған балалар ойдан шығарылған іс насырға шапқанын, өтірік айтқандарын сол сәтте мойындап бәрі дерлік арыздарын қайтарып алады. Төрт бала ғана өтірігін мойындамайды. Бірақ кейін сот барысында «ондай ештеңе болған жоқ, біз өтірік айттық, мұны Ақтау қаласынан келген Дархан деген бала ұйымдастарды» деп үш бала арызын қайтарып алады. Осы тұста біз дәл «ондай ештеңе болған жоқ, біз өтірік айттық, мұны Ақтау қаласынан келген Дархан деген бала ұйымдастарды» деген нұсқаны қарастырамыз. Шын мәнінде Әлібиге дейін жұмысқа кірген тағы бір куә бар. Оны сотқа алдырып, жауабын алдық. Ол бір-ақ күн жұмыс істеп, яғни 23-і шілде жұмысқа кіріп, 24-і шілде күні балалар «бізге тиісті» деп арыз жазып, жұмыстан шығарған. Балалар Әлібидің алдында бір күн ғана жұмыс істеп кеткен ағай сияқты Әлібиді де жұмыстан шығарып жібереміз деп, ойдан құрап арыз жазған. Оны балалар мойындады. Ұйымдастырған бала бар, аты-жөні де белгілі. Бұл факт, куәлар айтып отыр. Бұл жерде қылмыс балалардың сөздерінен құралып тұр, балалар өз сөздерінен бас тартты, қылмыс та жоқ. Бір ғана бала, яғни ата-ана арызын қайтарып алмай отыр. Неге? Ата-ана балаға берілген 600 000 моральдық шығынды өндіріп алып қойды. Енді жауабын өзгертсе, ол алған моральдық шығынды кері қайтаруы керек. Иә, осындай ой…
Неге балалар арызынан бас тарта бастады? Өйткені педофилия жағдайы болмаған, тағы қайталап айтсам, оны балалар өздері ойдан шығарғанын, бір баланың ұйымдастырғанын мойындады. Қылмыстық кодексте 14 жасқа дейінгі баланы қылмыстық жауапкершілікке тарта алмаймыз. Сондықтан жалған жауап бергені үшін, жала жапқаны үшін бала жауапкершілікке тартылмайды. Заң тұрғысында арызды иесі өзі қайтарып алмайынша, бір баланың арызын қайтарып алуы үшін біз ештеңе істей алмаймыз. 16 куә бар, лагерь іші толған камера. Әлібиді кінәлайтын заттай ешбір айғақ жоқ. Сот басқалардың жауабын алып қарамайды да жалғыз баланың сөзіне сенеді. Қазір жоғары сотқа біз ғана емес, барлық арызын қайтарып алған ата-аналар «Әліби жазықсыз сотталды» деп арыз жазып жатыр. Бірақ сот «Әлібиге ауыр жаза кесілген соң, ата-аналардың жаны ашып арыз жазып жатыр» деп сылтауратып, арыздарды қараудан бас тартты. Айта берсем мұндай детальдар өте көп.
Әлібидің өзі бірінші күннен бастап, бір ғана жауап беріп келеді. «Балаларды дискотекаға жібермеген соң, ерегесіп отыр. Маған дейін де бір тәрбиешіні бір күн істеуіне ғана мұрша берді де жұмыстан шығарып жіберді. Мені де жұмыстан шығарамыз деп ойлады» деп айтумен келеді. Істі жанашыр, сәл де болса батыл судья қолына алатын болса, бұл іс 100% ақталатын іс. Оны мен анық айта аламын. Не себепті жоғары сот айдан анық дәлелдерге назар аудармай жатыр десек, біздің Қазақстан сияқты мемлекетте манипуляция деген нәрсе қатты жүретінін білмейсіздер. Мысалы педофилдерге қатысты заңды шығармас бұрын, норма шықпас бұрын қоғамда көшеде педофил толып жүрген сияқты әңгіме қатты жүрді. Сау ақылмен қарасаңыз, 2019 жылдың басына дейін бүкіл жаңалық педофилия туралы. Қаптап кетті, сосын Президент Тоқаев педофилді жазалау керек деп мәселе көтерді. Әрине жазалау керек, келісемін. Заң шықты, қылмыстық кодекстің нормалары қатайды, бірақ сол кезде бірде бір факт тіркелмей қояды. Тек Ақтөбедегі осы жағдай бірінші факт болып тіркеледі де, ойламаған жерден саясиланып кетті. Мұның саясатта ешқандай шатағы жоқ, бірақ саяси манипуляцияның құрбанына айналып отырғанын да айтқым келеді.
Жақында тағы барамын. Халықтың қолдауы керек. Кез келген жерде Әлібидің жазықсыз екенін дәлелдеп беремін. Маған қарсы, Әліби кінәлі деп бір адам шықсыншы, Әлібидің жазықсыз екенін мойындата аламын,- дейді заңгер.

 

 

Жақсыдан шарапат…

Істі Абзал Құспан қолға алғалы бері Әліби әлі-ақ ақталып шығатынына халықтың сенімі кәміл. Елімізде әділетсіздік құрбаны болған талай жанды ақтап, әділдіктің жаршысы бола білген заңгер адвокаттың бұл істі де ақтап алуға білім-білігі жетеді. Қазақта «Билік айту оңай, біліп айту қиын» деген сөз бар. Абзал Құспан билік айтушылардың емес, біліп айтушы аз ғана асылдарымыздың қатарынан екені белгілі. Сондықтан естір құлақ болса, «Әлібиді ақтап аламын» деп бел шеше, білек сыбанып іске кіріскен Абзалға сабыр тілейміз. Қылаудай қылмысы жоқ Әлібидің ісі ақ, пейілі пәк. https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=316761323299549&id=100048970521710
Оны ақтауға тек қана Қазақстан соты асығар емес. «Халықаралық сотқа жүгінсек пе» деп шақшадай басы шарадай болған жанашыр жақындарының қазіргі арманы – Әлібидің бостандыққа шыққанына куә болу. Әлібидің ісіне қатысты Жоғары соттың жауабын 6 айға жуық (2021жыл. 18 мамырдан бері) сарыла күткен халықтың шыдамы таусылды. «Әлібиден не хабар, аман ба» деп алаңдаған халық дәрменсіздігі үшін абыржулы. «Ұлым әнші болады» деп армандаған анасы 2015 жылы қайтыс болып, тағдыры сынаған Әлібидің жазықсыз жала арқалап, темір торда өксіген өмірі «Екі күймек бір жанға әділет пе?» деп хакім Абай айтқандай, жанашыр жанды күйзелтпей қоймайды. – «Басымызға түскен соң көріп жатырмыз. Көп нәрседен хабарсыз екенбіз. Дәрменсіздік деген сезімді сезінуді ешкімнің басына бермесін» дейді нағашы әпкесі Қырмызы Байқан. Сондай-ақ ұлын көріп, сағынышымды бассам деп Қызылорда түрмесіне барып келген Әлібидің әкесі Қаныбек Табышовтың «Балам кешікпей ақталып шығар деген» үмітін күдік бұлты торлап, шарасыз күйде оралған. Соқыр ішек диагнозымен ота жасалған Әлібидің жағдайы жақсы деп дәрігерлер сендіргенімен, жазықсыз екеніне көзі жетіп тұрса да ақтап ала алмаған әкенің көңілі алаң, жаны жабырқау.
Қазақ кино өнеріндегі ірі тұлға, абыз ақсақал Асанәлі Әшімов, қазақтың «Қыз Жібегі», Әлібидің ұстаз-анасы Меруерт Өтекешова сынды өнер тарландары, Сәуле Мешітбайдай қоғам қайраткері бас болып, бүкіл халық дерлік араша сұраған Әліби ісінің қаралып жатқанына биыл 3 жылға жуық уақыт болды (2019 жыл. Шілде). https://www.facebook.com/aldiyar.tabishov
Әділетсіздік құрбаны болып, сотталған Әлібидің әкесі Қаныбек Табышов амалы таусылып, үміт үзілуге шақ қалған соңғы сәтте (сотталғанына 1 жыл 7 ай уақыт өткенде) «Qazaqstan dauiri» газеті және республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, «ЕлАна» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайтының Бас редакторы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызының атына өтініш хат жазып, көмектесуін сұраған болатын. https://m.facebook.com/groups/2311275672530253/permalink/2903889973268817/
Мәселенің мән-жайына қанық болып, Әліби ісінде адам төзгісіз әділетсіздік пен қатыгездік, соттар мен адвокаттардың сауатсыздығы мен тайғанақтығы «тайға таңба басқандай» түсінікті екеніне көз жеткізгеннен кейін Сәуле Мешітбайқызы Әлібиге араша сұрап, әуелі Бас прокуратураға – ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетовке хат жазды. Сәуле Мешітбайқызының бастамасымен көсемсөзші, журналист, мәдениеттанушы Серік Ерғали, «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова сынды қолдаушы қоғам қайраткерлері, жанашыр жастар, белсенділер Facebook әлеуметтік желісінде онлайн конференция ұйымдастырып, ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Үндеу де жолдады. Белгілі заңгер, адвокат Абзал Құспанмен ақылдасып, Мемлекет басшысына, Жоғары сотқа хаттар да жазылды. https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=4045864758797880&id=100001231868135&anchor_composer=false
Осыдан кейін мемлекет басшысы айтқан «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ескерді ме Әлібидің жоғары сотта қаралып жатқан ісіне қатысты бірнеше кездесулер ұйымдастырылып, сең қозғалғандай болған еді. https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=1739770559535663&id=100005082063852
Сол кездесулер барысы туралы Сәуле Мешітбайқызы: – «Мемлекет басшысы бақылаушы органдардың қызметкерлеріне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымын іске асырудың маңыздылығы туралы айта келіп, онда азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуге үлкен мән берілетінін ескерткені жанайқайымыздың жетер жеріне жетіп, үміттің ақталатынына сендірді! Сең қозғалды! Бас прокуратураға жазған хатымызға құлақ асқан жауап келді. Жоғарғы соттан Ақтөбе қаласында облыстық соттың ғимаратында 18 мамыр (2021 жыл) онлайн кездесу болатынын хабарлады. Біз қуана-қуана, Абзал Құспан екеуіміз Ақтөбеге онлайн кездесу болатыннан бір күн бұрын жеттік. Өкініштісі аман-саулық жоқ, бізбен танысуды артық санап, мәселемізге, не үшін келгенімізге мән берместен шалқайып келіп, шалқайып қайтқан Жоғарғы Сот кеңесшісінің аты-жөнін өзіміз сұрастырып жүріп (өзін таныстыруды да білмеді сабазың), Амрин екенін білдік. Мемлекеттік тілді түсінбейтінін, тіпті түсінгісі келмейтінін де байқап, Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісімен кездесуден қанағаттанбай қайттық. Бірақ биліктің бәрін қаралауға болмайды, жеткізетіндер жеткізбей жатады, солар әртүрлі қитұрқылыққа салып естіртпейді..! Жандайшаптар халық пен биліктің арасын алшақтатып жатқан! Халықтың сенімін жоғалтады! Олардың да күні бітер, Алланың, Ардың алдында жауап берері сөзсіз!»,- деп жазған болатын.
https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=318396086525067&id=100050640353490

 

 

Сауатсыз соттың әлегі…

ҚР Президенті Қ. Тоқаев: «Соттар қылмыстық процесті жүргізу барысында тергеу органдарына жалтақтамауы керек. Егер сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдей алмаса, айыптау үкімін шығаруға болмайды. Судьялар табандылық танытса, тергеу амалдары сапалы жүргізілетіні анық. Қылмыстық қудалауға түскен азаматтардың құқықтары да лайықты қорғалары сөзсіз» деп ескерткенімен, сот жүйесіндегі реформалар әділ сот төрелігін орнықтыруға мүдделі болмай отыр. Өйткені Тәуелсіздіктің 30 жылына аяқ басқанда жемқорлыққа белшесінен батқан судьялардың қатарын тазалау жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатқанымен, сыбайластық тамырына түбегейлі балта шабу оңай емес.
Абзал Құспанның айтуынша, Әліби ісінде қылмысқа объекті болатындай нақты дәлел жоқ. Сондай-ақ Абзал Құспан «Әлібидің ісіндегі көзге ұрып тұрған олқылықтардың бірі – қаптаған куәлердің ешқайсысын жауаптамай, қорғау тарапынан ұсынылған куәлерді жауаптаудан қорыққан сотты, қалайша тәуелсіз деп айта аламыз?» деп «Куәгерсіз өткен сот» («Qazaqstan dauiri 02.07.2021жыл) мақаласында сот тарапынан кеткен кемшіліктер мен сауатсыздықтардың бетін ашты.
«Аз ғана уақыт ішінде Президент әкімшілік тарапынан осындай реакция болады деп өз басым күтпеп едім, алайда Тамара Дүйсенова ханымның жедел қимылының арқасында, Жоғарғы Сот тарапынан, кассациялық алқада бұрын қаралып кетсе де, Әліби Өтепбергенге қатысты қылмыстық істі қайта сұратып алдырып, заңдылығын жан-жақты әрі объективті тексертуге мүмкіндік алдық» деп сүйіншілеген Абзал Құспанның жаңалығы көпшілік жанашыр қауымның көңілін көтеріп, үміт шырағын жаққан еді. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, Әлібиге араша сұраған көпшілік қауымның тілегі орындалмай отыр. https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=1781665042012881&id=100005082063852
«Соқыр ішекке ота жасатыпты» деген хабардан кейін «Әділетсіздікті көре тұрып араша бола алмадық-ау» деп өкінген Әлібиге жанашыр топтың жанайқайы ащы-ақ. Бірақ құқық қорғау органдарының құлағына жетер емес. https://www.instagram.com/p/CE1H6XVp2gX/?utm_medium=share_sheet
Актриса, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айнұр Бермұхамбетова: – «…Ал мен өзімді кінәлі сезіндім. Қанша шырылдасақ та, қанша үн қатсақ та кінәсіз жанды арашалай алмағанымыз үшін кінәлі сезіндім. Көздерін шел басқан сот қызметкерлерінің немқұрайлылығы үшін өзімді кінәлі сезіндім. Өмір-өнер жолында қанаты қатайып үлгермеген жастың басына іс түсіп, әділетсіздіктің ащы дәмін татқаны үшін өзімді кінәлі сезіндім… Ол болса керісінше мені жұбатқандай болды. Сен мықтысың! Сен бізден әлде қайда мықтысың Әліби» деп жазды инстаграм парақшасында.
Ал белгілі әнші Меруерт Түсіпбаева инстаграм парақшасында «Асхат Маемировпен сөйлестім… Әлібидің жағдайы туралы нағашы әпкесі Қырмызы ханым пост жазыпты… Асхат мырза астанаға келеді. Сөйлесіп, ақылдасамыз деді. Қаншама танымал адам бас қосып, әділдікке жете алмадық. Соңғы рет «Еуразия» арнасынан Әлібиге арналған бағдарламаны бір рет көрсеткеннен соң, көзін құртқызды (қай дөкей екен…) ютубқа салғызбапты. Енді не істеуге болады? Әлібиге айттым, ана жолы айттым, шыдамды бол де…Зорланған, қорланған адам жоқ!» деп жазды. https://www.instagram.com/s/aGlnaGxpZ2h0OjE3ODY0NTM1NDY2NzU3NzQz?story_media_id=2330571343332651544_1460551710&utm_medium=share_sheet
PS: Әрине қорланған, зорланған ешкім жоқ. Егер қандай да бір ілік қолына түссе, қарапайым адамның жазықсыз екендігіне «түкіргені» бар еліміздің құқықтық сала қызметкерлері Әлібиді қуана, жар сала қаралап, дәлелдерін тықпалап, халықтың алдына жайып салар еді. Осы уақытқа дейін (6 айға таяу уақыт) құрығы ұзын Жоғарғы сот Әліби Өтепбергенге қатысты қылмыстық істі қайта қарап, заңдылығын жан-жақты әрі объективті тексеріп болмағаны ма? Әлде уақыт созып, өздерінің «артын» жабатын қандай да бір сылтау табуға әрекеттенгені ме? «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деуші еді қазақ, «жемтікке үймелеген құзғындай» арам пиғылдарын жуып-шаюдың жалғыз жолы үндемеу деп отыр ма екен,?! https://www.facebook.com/groups/ankui/permalink/1604128529950145/
Бірақ Әлібиге араша сұрап, әділдік іздеген халықтың талабы орындалып, әділдік салтанат құрар күн алыс емес екеніне сенеміз. «Судың да сұрауы бар» демей ме, қол қусырып, қарап отырмай, әрекетке-берекет тілеп, тәуекел еткен көпшіліктің үкілі үміті ақталуы тиіс. Халық сенімі, Абзалдай азаматтың біліктілігі мен табандылығы Әлібиді бостандыққа шығаратына сенем мол. Тек аздап сырқаттанып қалған Абзалға Алла қуат, дертіне шипа, деніне саулық берсін! Әділдікті ту еткен Абзалдай азамат бастаған ісін аяғына дейін жеткізуіне халық тілекші!

 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ