Мәдениет саласы қызметкерлеріне «Рухани жаңғыру» бағыттарын түсіндіру бойынша онлайн семинарлар өтуде

 

Арнайы циклдар барысында елорданың барлық 17 мәдениет мекемесі қамтылады, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Нұр-Сұлтан қалалық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі «Сананың ашықтығы» оқыту семинар-тренингі аясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қағидаттары мен бағыттарын түсіндіру бойынша практикалық онлайн семинар өткізуді жалғастыруда.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде» өткен алғашқы дәрісті ҚР Ұлттық академиялық кітапхана басшысының орынбасары, «Қазақстаннның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Нұржан Жолдыбалинов «Қашықтық сервис қызметімен жұмыс кезіндегі бастапқы дағдылар және мінез-құлық мәдениеті» тақырыбында жүргізді.

 

 

Сонымен қатар «Тіл және мәдениет» тақырыбы бойынша «Тәуелсіздік» сарайының қызметкерлеріне, белгілі қоғам қайраткері Асанғазы Оразгүл Асанғазықызы дәріс өткізді.

Алдағы уақытта Айкүміс Омарбекова, Батырхан Жұмабаев, Еркін Әбіл, Нұрсерік Жолбарыс және т.б лекторлармен оқыту шарасын ұйымдастыру жоспарлануда.

Мақсаты – сананы жаңғырту, әлеуметтік мәдениеттің жаңа үлгілерін қалыптастыру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қағидаттарын көпшілікке тарату арқылы бағдарламаны ілгерілету арналарын ұлғайту, еңбек етуші азаматтардың қазіргі заман талабына сай қашықтан жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру.

Мәдениет саласының қызметкерлеріне ZOOM бағдарламасы арқылы онлайн-семинар жұмыстары жалғасын табады. Арнайы циклдар барысында, елорданың барлық 17 мемлекеттік мәдениет мекемелері қамтылатын болады.